Жамбыл облысында оқушы оқтан қаза тапты

3625
Adyrna.kz Telegram

Жамбыл облысында 9-сынып оқушысы көршісінің үйінде тирдің мылтығына атылып өлді. Қайғылы жағдай кезінде жасөспірім сол үйдің өзінен бір жас кіші баласымен болған, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы КТК телеарнасына сілтеме жасап. 

Екеуі қарумен ойнап отырғанда оқ атылып кетсе керек. Енді Бақдәулет Балқарбайдың туыстары мылтықты қараусыз қалдырған ауылдастарын жазаға тартуды талап етіп отыр.

Тескентоған ауылындағы қайғылы жағдай кеше күндізгі сағат бес шамасында болған. Ауылдасының үйіне кеткен Бақтәулет Балқарбайдың басына оқ тиіп ажал құшыпты.

Бүгін оның денесі мәйітханадан үйіне жеткізілді. 14 жастағы марқұмның жақындары қайғылы жағдайдың нақты қалай болғанын білмейді.Тәртіп сақшылары оның басын тир оғы тесіп өткенін айтыпты.

Жарақаты ауыр балақайды дәрігерлер ажалдан арашалап қала  алмаған. Ал қайғылы оқиға болған үйде Бақдәулет өзінен бір сынып төмен оқитын досымен жүріпті. Екеуі пневматикалық қаурды ермек қылса керек. Сөйтіп байқаусызда шүріппесі басылып кетіп, бір түйір қорғасын Бақдәулеттің  басын жарған.

Балғын Балқарбай, Бақдәулеттің әкпесі:

- Мен жазалануы керек деп ойлаймын, неге баланың ата-анасы қаруды қараусыз қалдырады, балаға ұстатады. Бұл – бір. Содан кейін өзінің баласын қорғау үшін бізге де ауыр. Бауырымыз өз-өзіне қол жұмсағандай болып қалды. Суицид жасады дегенге келтіріп тұр ғой. Ал қайғылы жағдай болған үй иесі пневматикалық мылтықтың қолжетімді жерде тұрғанын жасырмады. Өзі қаруды кептер ату үшін қолданған екен. Онымен балалар ойнады деген жалған дейді.

Жексенбек Қашқынов, Тескентоған ауылының тұрғыны:

- Қайтыс болған баланың әке-шешесі де көрмеген. Біз де көрмедік. Не болғанын біз білмейміз. Қазір тергеу жүріп жатыр, сот сараптамасы тағайындалған. Содан кейін беретін жауапты береміз. Басқа сөзіміз жоқ, жақсы.

Полицейлердің мәліметінше, екі бала аулаға құс ату үшін қару алып шыққан. Бірақ мылтық Бақдәулет ұстаған кезде атылмай қалып, ол ұңғымасына үңілген. Сол сәтте шүріппе басылып кеткен болуы мүмкін. Қазір бұл істің мән-жайы жан-жақты тергеліп жатыр.

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер