Көп балалы отбасыларға тегін үй мен мал сатып әпереді

3501
Adyrna.kz Telegram

Ақмола облысындағы Обалы ауылының тұрғындары Қазақстанның әр аймағынан көшіп келетін көпбалалы отбасыларды іздейді. Тұрғындар оларға тегін үй беріп, мал да сатып әперетінін айтқан, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы “Информбюро” жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.

Обалы ауылы аудан орталығы Щучье қаласынан 35 шақырым жерде орналасқан. Қазір ауылда барлығы 100-ге жуық отбасы тұрады. Тоқсаныншы жылдарда тоқырау басталғанда тұрғындардың басым бөлігі қалаға көшкен екен. Содан бері Обалы ауылынан құт кеткендей. Тіпті балалар білім алатын жалғыз мектептің де жабылуы мүмкін. Мұндағы басты мәселе – бала санының аздығы. Сондықтан Обалы тұрғындары ауылға көшіп келетін әр көпбалалы отбасыға үй беріп, азын-аулақ мал сатып әперуге дайын екенін жеткізді.

"Ауданнан келіп, бала саны көп болмаса мектепті жабатынын айтты. Ауылда жол жасалып, жарық та жүргізілді. Судың да берілгеніне екі жыл болды. Үйлерге тартып алдық. Жұмыс та бар", - деді ауыл тұрғыны Қанат Баймағамбетов. 

Обалыда егін егумен шұғылданатын екі шаруашылық бар екен. Олар да көп балалы отбасыларға көмектесуге дайын.

"Осы мектепті сақтап қалайық, елді сақтап қалайық деген оймен жиналғанбыз. Бізге көп балалы үш-төрт отбасы осы елге қоныс аударып келсе, біз ауыл болып көмектесіп, жәрдем етуші едік", - дейді тұрғын Нұрлан Ғабдуллин.

Обалы мектебінде 41 оқушы білім алып, 15 мұғалім жұмыс істейді. Білім ордасында жөндеу жұмыстары жүргізіліп, есік-терезесі де ауыстырылған.

"Бала саны аз болғандықтан биыл орта мектеп негізгі мектепке ауысты. Былтыр 60 оқушы болған. Бізде көшеміз деген адамдар бар. Егер олар кететін болса, бала саны мүлде азаяды", - деп мәлімдеді Обалы негізгі мектебі директорының міндетін атқарушы Қымбат Ахметова. 

Аймақта бала санының аздығына байланысты 5 мектеп біржола жабылған. Тағы 4 мектеп орта мектептен негізгі мектепке ауысыпты. 

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер