Эксклюзив: Қазақстандағы құпия сызбаларды иемденуге тырысқан кәсіби шпион

3107
Adyrna.kz Telegram

ҚР ҰҚҚ 2000 жылдары жүргізілген арнайы операциялар туралы материалдарды жария етті. Осындай оқиғалардың бірі - Қазақстандағы құпия әскери жойғыш ұшақтарының сызбаларын иемденуге тырысқан шетелдік кәсіби шпион, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Тымық күз. Әуе базасының қасындағы кафе. Орта бойлы, шымыр денелі еркек темекісін күлсалғышқа салып, тез сөндірді. Толқып кеткені сонша, ерік-жігерін жоғалтып, алдында жатқан құжаттарға қарады – Қазақстанның әскери жойғыш ұшақтарының сызбалары оның дірілдеген қолында тұрды. «Қолым жетті-ау», – деп іштей күбірлеп қойды, шпиондық миссиясы шырқау шегіне жақындап қалған еді...

 

 

…Оқиғаның басталған уақыты 2001 жылдың шілде айы еді, сол күні Әскери қарсы барлау бөліміндегі телефон шырылдап қоя берген. «Мәке, шұғыл кездесуіміз керек. Кейінге қалдыруға болмайтын іс болып тұр», – деді тұтқадағы дауыс.

Арада 30 минут өткенде Марат құпия пәтерде «Бауыржан» дейтін жедел лақап аты бар агентін күтіп отырды. Шұғыл кездесуге шақырған сол болатын. Кездесу кезінде ұсақ коммерциямен айналысатын, «дөңгеленіп өмір сүріп» жүрген шетелдік туралы әңгіме өрбіді. Әртүрлі сылтау айтып, ұсынылған саудадан қашқақтай беретіндігі сөз болды. Әскери бөлімдердің іс-қимылына, әскери қызметкерлермен және олардың айналасындағылармен достық қарым-қатынас орнатуға ерекше тырысатындығы оны өзінің отандастарынан ерекшелеп тұрады екен. Отан қорғаушыларға қомақты соманы қарызға беріп, қайтарымын алуға асықпайтын көрінеді. Кәсіпкер ретінде бүркемеленген шетелдік тамыр-таныстарының санын арттыра берді. Жергілікті тұрғындар оның атын айтуға қиналатын болғандықтан, жай ғана Коля дейді.

 

 

Күдік тудырып отырған шетелдіктің ойында не барын білу туралы шешім қабылданды. Отандары ортақ болғаннан кейін «Бауыржанның» аталған шетелдіктің сеніміне кіруі аса қиын болмайтын еді, әрі күдік те тудырмайтындығы анық. Оның үстіне күдіктінің елінде талай мәрте болып келген, сондықтан онымен әңгіме көрігін қыздыру оған түкке тұрмайтын еді.

Кездесудің әртүрлі нұсқаларын талқылағаннан кейін жедел қызметкер мен агент шетелдікті қонаққа шақыруға келісті.

 

 

Шағын пәтердің жинақы бөлмесіндегі дастархан басында екі еркек әңгімелесіп отырды. Арасында үйдегі әйел де кіріп-шығып жүріп, күнделікті тұрмысқа қатысты әңгімеге араласып отырды. Үстел үстінде буы бұрқырап асылған  ет және бөтелкедегі жартылай ішілген арақ тұрды. Достық көңіл-күйдегі әңгіме арасында «Бауыржан» жаңа танысына бірігіп металлолом тасу туралы ұсынысын айтты, металлолом дегенің Қазақстанда жеткілікті, ал түскен пайданы қылдай бөліп алып отырады. Бірақ мұндай ұсыныс шетелдікті онша қызықтыра қоймады. Оның аңсары қала шетіндегі әуе базасына көбірек ауып отырды.

Өз елінде бағалы металға сұраныстың жоғары екендігін, ондай металл әскери ұшақтардың басқару блоктары мен аппаратураларында болатындығын айтқан Коля, шын мәнінде ойындағысын білдірді. Арақты көбірек ішкендігі және үй иесінің қонақжайлылығы сақтық сезімін ұмыттырып жіберді.

 

 

Шетелдікпен әңгіме барысында Бауыржан әуе базасында қызмет ететін өзінің досы Берік туралы сөз етіп, қажет болса таныстыруға болатындығын айтты. Осыдан кейін екі адам да бүгінгі кездесудің қорытындысына разы болып тарасты.

Қарсы барлаушылардың гроссмейстерлік жоспарлары жандана түсті...

Бұл оқиғаның жаңа кейіпкері Берік шетелдікке құжаттардың құпия екендігін бірнеше мәрте қайталады, бірақ мұндай әңгіме Коляны тоқтатпады. Қармақтағы жемді жұтқандай болды.

Орталыққа жасаған Мараттың толық баяндамасынан кейін ҰҚК жедел тобы шұғыл түрде келіп жетті.

 

 

Жедел топ шпион үшін екі пакет құжат дайындады. Біріншісі – «танысушылық» сипаттағы құжаттар, оның ішінде ресейлік мөр басылған құпия емес материалдар жатты. Құжаттарды қараған шетелдік разы болып қалды.

Екінші пакет құпиялылық белгісі бар құжаттардан құралған сияқты болып көрінгенімен, шын мәнінде олай емес еді.

Алда жедел қызметкерлерді жауапты сәт күтіп тұрды – шпионды ұстау керек. Кездесу орны ретінде әуе базасының қасындағы үлкен емес бір қабатты ғимараттағы 10 адамдық кафе таңдап алынды. Шпионды дәл осы жерде «алу» туралы шешім қабылданды: ғимарат жабық, көшеге қарағанда ыңғайлы, көшеде ауа райының қолайсыздығы да әсер етуі мүмкін.

Ұстайтын уақыт жақындап, жағдай күрделене түсті. Жедел қызметкерлердің асығыс та қауырт жүрістерінің астарында іс-шараға жоспарлы дайындық жасырынып жатты. Алғашқы сәттен-ақ олар іске белсенділікпен кірісті. Марат оларды ойша араның ұясымен немесе құмырсқа илеуімен салыстырды, әркім өз жұмысын нақты біледі және өз міндеттерін орындайды.

ҰҚК жедел қызметкерлері іс-шараны техникалық тұрғыдан сүйемелдеу мәселесіне жете назар аударды. Кездейсоқ оқиғалардан сақтану үшін кафенің маңайы қоршауға алынды, ал келушілерге қойылған үстелдерде киімдерін ауыстырып киген ҰҚК қызметкерлері отырды. Бір сөзбен айтқанда, жедел топ толық әскери дайындықта болды.

Міне, алыстан таныс бейне көрінді. Әшейінде асықпай жүретін шетелдіктің аяқ алысы өзгеріп, әлденеден дәмеленген адамның жүрісіне ауысқандай асығып келе жатты. Шетелдік қауіпті сезген жоқ: кафедегілер-әскерилер бұған назар аудармастан, жайбарақат тамақтанып отырғандай болып көрінді. Дегенмен аудио-бейнеаппаратуралары оның келгенін тіркеп алған еді.

Қонағын күтіп отырған Берік оны қарсы бетіне жайғастырды. Қысқаша әңгіме айтқаннан кейін уәделі папканы ұсынды. Шетелдік темекі шеге отырып, құжаттарды аша бастады, сонымен қатар өзінің барлау резиденциясына құжаттарды беретін сәтін де ойша қиялдап кетті. Көзі жүгіріп, саусақтары дірілдеп қоя берді.

Бұл тыныштықты кенеттен тасырлаған дыбыс бөліп кетті. Қайдан шыға келгені белгісіз бетперде таққан, автомат кезенген ұстау тобы сау ете қалды. Қас-қағым сәтте бетімен құлаған шетелдік кафенің салқын еденінде жатты.

Шетелдік көпке дейін есін жинай алмады. Болған оқиғаны әрең есіне түсірді, әуелгіде тағылған барлық айыпты жоққа шығарды, жедел қызметкерлер мен тергеушілердің арандатқандықтарын айтып айқайлап та алды, халықаралық шу шығаратындығымен қорқытты.

Бірақ нақты айғақтардың ықпалымен шетелдік айыбын мойындады, яғни, өз елінің арнаулы қызметінің тапсырмасы бойынша қимылдағанын, әскери жойғыш ұшақтарға арналған техникалық құжаттарды сатып алу үшін Қазақстанға мақсатты түрде келгендігін айтты. Қазақстан Республикасына қарсы шпиондық жасады деп айыпталған шетелдік Әскери соттың шешімі бойынша 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

Айта кетейік, отандық әскери қарсы барлаудың ең алғашқы дербес те ірі операциясы қазіргі күнге дейін кәсібиліктің эталонына айналып отыр.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер