Жұмыспен қамту орталығының жұмысы жүйелі

3066
Adyrna.kz Telegram

Бүгін Шымкент қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Б.Нарбекова Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен баспасөз брифингінде мемлекет басшысының халыққа Жолдауын іске асыру бағытында әлеуметтік қорғау саясатының жүзеге асырылуы мен халықты жұмыспен қамту бағыттарының ағымдағы жылдың 9 айлық көрсеткіші туралы баяндады.

Басқарма басшысының айтуынша, биыл «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде жыл соңына дейін 33 500 адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланып, нақты 9 айдың көрсеткіші бойынша 19 347 адам жұмыспен қамтылған.

115 адам «Алғашқы жұмыс орындары» жобасы бойынша 24 айға жолданды. Ал халықты әлеуметтік қорғау бағыты бойынша 2021 жылдың І тоқсанында 36 969 отбасыға, ІІ тоқсанда 30 962 отбасыға, ІІІ тоқсанда 19 333 отбасыға мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек төленді.

Басқармаға қарасты «Шапағат» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы жанынан «Ten qogam» әлеуметтік кеңес беру орталығында 4224 мүмкіндігі шектеулі азаматтарға түрлі қызмет көрсетілді. Оның ішінде 2099 азамат санаторий-курорттық емделуге жолдама алуға өтінім берген болса, 1783-і жолдамаға ие болды. «Бастау бизнес» жобасы бойынша 1 азамат кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға жолданды. Ал психологтың көмегіне жүгінгендер саны-20, міндетті гигиеналық құралдар алғандар саны-225 құрап отыр.

Сондай-ақ, басқарма биыл жыл басында іске қосылған әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға берілетін техникалық көмекші және арнаулы жүріп-тұру құралдарымен қамтамасыз ету бойынша қызмет көрсетеді.

Басшының айтуынша 9 айлық көрсеткіші бойынша протездік-ортопедиялық көмекке және техникалық көмекші (орныны толтырушы) құралдарға мүмкіндігі шектеулі азаматтардан 5 522 өтініш қабылданып, 2 805 құралмен қамтылған. Оның ішінде сурдотехникалық, тифлотехникалық, гигиеналық құралдармен қатар, мүгедектерге арналған қол арбалар берілді. 8 932 азаматтан шипажай орындарына емделу үшін жолдамаға өтініштер қабылданып, оның 2 689 азаматы жолдама алды.

Мүгедектерге арнайы жабдықталған «Инватакси» және Ұлы Отан соғыс ардагерлері мен мүгедектеріне, жүріп-тұруы қиын 1-2-ші топтағы мүгедектерге емдеу мекемелеріне және қоғамдық орындарға апаруға арналған «Әлеуметтік таксилер» де ауқымды қызмет көрсетті.

Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы

Пікірлер