Шымкентте бұқаралық спортты дамыту мақсатында тұрғын үй аулаларындағы спорт алаңшалары пайдалануға беріліп, тұрғындардың спортпен тегін шұғылдануына мүмкіндік туып отыр.
Сондай алаңшалардың бірі Абай ауданында пайдалануға берілді. Қала әкімі Мұрат Әйтенов тұрғындар үшін салынған ашық спорт алаңшасына барып, көріп қайтты. Бұнда спорттың волейбол, баскетбол футбол түрімен және стрит воркаутпен айналысуға болады.
Жалпы соңғы жылдары Абай ауданындағы 222 аула абаттандырылып, 56 спорт алаңшасы салынды. Биыл 21 көпқабатты тұрғын үй аулаларын абаттандыруға, 12 спорт алаңшасын ағымдағы жөндеуге, 35 спорт алаңшаларын орнатуға қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Жыл соңына дейін толығымен пайдалануға беріледі. Демеушілер есебінен 4 спорт алаңшасы орнатылды.
Қазіргі таңда спорт алаңшаларында жастар мен бірге зейнеткерлер де өз аулаларында жаттығу жасап, шынығуды әдетке айналдырған. Айта кетейік, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында Абай ауданында алдағы жылы 50 спорт алаңшасын салу жоспарланып отыр.
Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы