Қазақ КСР-нің бұрынғы білім министрі Қажахмет Балахметов қайтыс болды

1957
Adyrna.kz Telegram

Қазақ КСР бұрынғы білім министрі Қажахмет Балахметов 96 жасында дүниеден өтті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы әлеуметтік желіде ҚР Білім және ғылым министрлігінің басшысы Асхат Аймағамбетов жазды.

"Бүгін отандық білім беру ісінің корифейі, Қазақ КСР білім беру министрі болған Қажахмет Балахметов өмірден өткендігі туралы суыт хабар жетіп, көңілді құлазытты.
Қажахмет Балахметұлы еліміздің білім беру саласын дамытуға баға жетпес үлес қосқан адам. Бұл саланы 13 жылдан астам басқарған ол, балалар мен жастарды оқыту мәселесіне ерекше назар аударатын.
Соңғы рет Қажахмет Балахметовпен биыл жазда 95 жас мерейтойымен құттықтап барғанымда кездесіп едік. Ол үнемі білім беру ісіндегі жаңалықтарды қадағалап, өз тәжірибесімен бөлісіп отыратын.
Қажахмет Балахметұлының туған-туыстары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын", деп жазды ол.

Қажахмет Балахметов 1926 жылы, қазіргі Айыртау ауданында дүниеге келген. ҚазМУ-ды (қазіргі әл-Фараби атынд. Қазақ ұлттық ун-ті) бітірген (1948). 1948 — 52 ж. Сырымбет орта мектебінің мұғалімі, 1953 — 57 ж. Біржан сал ауданы Макинск және Степняк орта мектептерінің директоры, 1957 — 60 ж. Көкшетау облысы Халыққа білім беру бөлімі меңгерушісінің орынбасары, 1968 — 80 ж. меңгерушісі, 1970 — 74 ж. Қазақстан Компартиясы ОК-нің Ғылым және Білім беру мекемелері бөлімі меңгерушісінің орынбасары; 1974 — 87 ж. Қазақ КСР Оқу-ағарту министрі қызметтерін атқарған. Б. 13 жыл бойы қазақ-корей достығы қауымдастығының төрағасы болды. Білім беру мәселелеріне арналған 70-тен аса еңбектері жарық көрді. ТМД-ның Халықар. балалар қоры ассоциациясының вице-президенті болып сайланған. 3 мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен және медальдармен, төс белгілермен және грамоталармен марапатталған.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер