Әміре Қашаубайұлына белгі тас орнатылады

470

7 қараша күні халықаралық сахнада алғаш рет ерекше даусымен қазақтың ән өнерін паш еткен, дәстүрлі әннің дүлдүлі Әміре Қашаубайұлының мәңгілік мекені, қабірінің басы жаңартылып, белгі тас орнатылу шарасы өтеді.

Бұл игі істің идеялық бастамашысы — «ән атасының» есімін иеленген Шығыс Қазақстан облысы мәдениет басқармасына қарасты филармонияның директоры, күйші-композитор Айбек Бекбосынов болса, қаржылық демеу білдірген «Абыралы-Дегелең» қоғамдық қоры, атап айтқанда «Ақшың» корпорациясының директоры, қор төрағасы Марат Құрманбаев бастаған ел азаматтары.

Алматы қаласындағы Орталық қабірстан (Райымбек батыр даңғылы, 235. сағат 10:00-де) басында өтетін шара аясында Шығыс Қазақстан облысына келген арнайы делегациямен қатар ел ағалары, зиялы қауым өкілдері, өнер майталмандары қатысады.    Артынша Әміре Қашаубайұлының рухына арнап, құран-ас беріледі.

Әміре Қашаубайұлы туралы бірер мәлімет келтірсек, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, марқұм Жарқын Шәкәрімнің зерттеулерінде Әміре тек Парижде, кейіннен айтылып жүрген Майндағы Франкфурттен бөлек Страсбург қаласында, Ресейдің Иркутск, Әзербайжанның Баку қаласында ән айтқанын алға тартқан.

Әміре 1925 жылы Парижге барғанда Мұстафа Шоқаймен жолыққаны себеп болып, екеуінің бір-бірімен байланысы бар адамдар деп Біріккен Бас саяси басқарма (ОГПУ) тыңшыларының тізіміне ілігеді. 1934 жылы адам қолынан дүниеден өткені де расталады.  Әміре атамыз 1934 жылдың 7 қарашасы күні Алматы қаласындағы Ташкент деп аталатын көшедегі орталық зиратта жерленгені белгілі болды. Әміре дүниеден өткен күні Евгений Брусиловский жазған қазақтың тұңғыш «Қыз Жібек» операсы өткен екен. Операға дайындық барысында Әміре атамыз рольден шеттетіліп қана қоймай, жұмыстан да айырылады. Атамыз киерге киім, ішерге тамақ таппай сенделіске түскен күндері өмірден кете барды.

Әміре жерленген жердің қараусыз қалып, қай жерге жерленгені, мүрдесі, зираты жоғалып 30 жылдан соң 1974 жылы үнтаспасы табылып, көп ұзатпай мүрдесін де тапқан оқиғаны Жарқын Шәкәрім былай деп жазады:

«Баба денесін, мүрдесін ақымдап жерлеген Әбілмәжін Сапақов деген ақсақал әлдеқандай бір алапаттың болатынын сезіп, жерлеген күні зират жанындағы терек ағашына бәкімен «Бұл жерге Әміре Қашаубайұлы жерленген» деп жазып кеткен екен. Серке Қожамқұлов, Жүсіпбек Елебеков, Сапарғали Бегалин және мен төртеуіміз орталық зираттан төрт күн іздеп таппағанымызды бесінші күн дегенде ортамызға Әбілмәжін Сапақов араласып, әнші жерленген жерді бір сәтте-ақ тауып берді. Әрине, Әміре зиратының орны тұрмақ тұқылы да жоқ. Жермен жексен тақыр жер. Тап осы жерде сүйегі жатқанға балап, осыған да қуанысып құран бағыштадық.

Зиялы қауым өкілдерінің ДД.Қонаевқа жазған хатынан кейін Қазақ ССР Министрлер Советіне тапсырылып, Әміре мүсінін тұрғызуға 5000 рубль бөлінді. Осы шешім негізінде 1974 жылдың 9 шілдесі күні Қазақ ССР Мәдениет министрлігінде Әміреге орнатылатын ескерткіш мүсінінің эскизі мен жобасы бекітілді. Ескерткіш мүсіннің авторы болып мүсінші Татьяна Викторовна Андрющенко тағайындалды. Бұл 6 метрлік ескерткіш еді. Алайда, жұмбақ жағдайда ол мүсін орнатылмады. Араға 58 жыл салып, 1992 жылы 1992 жылдың 5 қарашасы күні ғана Әміре қабірінің басына құлпытас орнатылды. Құлпытасты Қазақ ССР еңбек сіңірген әртістері, әнші Кенжегүл Сыздықова мен оның зайыбы Дмитрий Гусинцов 60 мың рубль шығарып жеке қаржатымен тұрғызды. Ашылуына санаулы күндер қалғанда белгісіз адамдар қазан айының соңында қабір басындағы құлпытас, қоршаулар күл-талқанын шығарып кеткен екен. Бір апта ішінде қалыпқа келген зират 30 жылға жуық қараусыз, тоналған күйі тұрған болатын.

2007 жылы Жасұлан Құмарұлы деген азамат: «Бұл жерде 1888 жылы ән атасы - Әміре дүниеге келген. Қашаубай қыстауы» деген кішігірім тас белгі қойған болатын.

 

«Адырна» ұлттық порталы.

 

Пікірлер
Редакция таңдауы