Банктер мен коллекторларға тәуелді болып қалған азаматтарды қорғау қажет

2286
Adyrna.kz Telegram

Банктер мен коллекторларға борышкерлерден несие бойынша кепілге қойылған мүліктен артық мүлік алуға тыйым салу керек деп «Ақ жол» партиясының депутаттары ұсынды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

 2021 жыл, 3 қарашада Мәжілісте бизнестің жаңа реттеуші саясаты туралы заң жобасын талқылау кезінде банктер мен коллекторларға борышкерлерден несие бойынша кепілге қойылған мүліктен артық мүлік алуға тыйым салу керектігі туралы демократтардың көшбасшысы Азат Перуашев мәлімдеді.

«Пандемия және оның экономикаға алып келген дағдарысы кәсіпкерлер мен азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру проблемасын едәуір ушықтырды. Бүгінде мыңдаған кәсіпкерлер мен азаматтар банк несиелерін өтей алмай жүр.

Бұл ретте жоғары пайыздардың жеткіліксіздігіне байланысты банктер алдындағы қарыздар шарықтап өсіп жатыр», - деп атап өтті депутат.

Ол мұндай дәрменсіз қарыз алушылардан банктер кепіл мүлкін тәркілеп, төмендетілген бағамен сататынын атап өтті. Құн айырмашылығы сол борышкердің өзіне қайта «жүктеледі» және оның сомасы борышкерлердің үйлері мен бизнестерін алып қойғаннан кейін де негізгі қарыздан асып кетіп жатады.

«Қазір біз Тәуелсіздіктің 30 жылдығына рақымшылық жасау туралы Заң қабылдадық. Бұл адамгершілік тұрғысынан маңызды шара. Бірақ «Ақ жол» фракциясы бұл заңмен сотталғандарды ғана емес, сондай-ақ, қарапайым халықты қамту қажет деп санайды. Қарапайым адамдар да, кәсіпкерлер де адамгершілікке мұқтаж», - деді Перуашев.

«Ақ жол» фракциясы несиені өтей алмай, кепілзат берген, сонда да банктер мен коллекторларға тәуелді болып отырған кәсіпкерлер мен азаматтарды қорғау қажет деп санайды.

«Жаңа реттеу саясаты аясында банктер мен коллекторларға кәсіпкерлер мен азаматтардың қалған мүлкі мен кірістеріне, егер олар несие кепіліне қойылмаса, одан әрі өндіріп алуға (алып қойылған кепілдіктерден басқа)  тыйым салуды ұсынамыз», - деп мәлімдеді ол.

Бұл ретте «Ақ жол» демократиялық партиясының басшысы кепілге қойылған мүліктің «кез-келген жағдайда бағалаушылар мен соттар тарапынан нақты құнынан 1,5-2 есе арзанға бағаланатынын» атап өтіп, бес адамға оқ атқан  Алматыдағы борышкердің қайғылы оқиғасын мысалға келтірді.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер