Тұлғаның адамгершілік тәрбиесі педагогика ғылымының негізгі объектісі ретінде

2806
Adyrna.kz Telegram

Әлем біздің айналамызда тез өзгеруде. Өз қызметінде сәтті маман болу үшін бүгінде тек жақсы білім мен мамандандырылған дағдылардың болуы жеткіліксіз. «Оқыту – бұл бір нәрсені екінші рет үйрену мүvкіндігі» деп Джозеф Хубер айтпақшы, оқыту-бұл шексіз оқуға мүмкіндік деп айтар едім. Біздің әрқайсымыз уақыт трендтерін ұстай отырып, үнемі өз-өзімізді жетілдіріп отыруымыз керек. Ал кез келген тұлғаның адамгершілік тәрбиесіне педагогикалық тұрғыдай қандай әсер болуы керек?

"Life Long Learning" идеологиясы бүкіл әлемдегі білім беру саясатын тұжырымдамалық тұрғыдан айқындайды. Егер бұрын білім беру процесі балалардың академиялық білім алуын және оларды шоғырландыруды мақсат етсе, бүгінде оның түпкі нәтижесі әлдеқайда кең қарастырылады. Пәндер бойынша дәстүрлі біліммен қатар soft skills, "жұмсақ дағдылар"жоғары құндылыққа ие болады. Оларға психологиялық әл-ауқат, стресс және белгісіздік жағдайында өзіне-өзі көмек көрсету дағдылары, дамыған қарым-қатынас дағдылары және қоршаған ортаның кең шеңберлерімен өзара әрекеттесуді реттеу мүмкіндігі жатады. Бұл дағдыларды дамытуда оқу және әлеуметтік, соның ішінде отбасының қаіпсіздігі мен тұлғаның қауіпсіз ортасы үлкен рөл атқарады.

Адамгершілік тәрбиеге эмоциялық интеллектің әсері болса, оны қалай дамытуға болады?

Сөзсіз түрде иә! Бірақ бұл көптеген компоненттерден тұратын өте күрделі механизм екенін түсіну керек. Оларға: өзін-өзі тану, өзін-өзі бақылау, қарым-қатынас дағдылары, өзін-өзі ынталандыру, эмпатия, икемділік, импульсті бақылау, күйзеліске төзімділік және т.б. Бұл аналитикалық зерттеулер эмоционалды реттеу қабілеті адамның психологиялық әл-ауқатының, оның ішінде оның әлеуметтік табысының маңызды факторы екенін көрсетеді. Педагогикалық іс-әрекеттің ерекшеліктерін ескере отырып, мұғалімдердің эмоционалдық интеллектісі арнайы ресурстық функцияларды алады.

Енді біздің балаларымыздың жетістігі үшін және оларға жеке тұлға ретінде адамгершілік тәрбие беруіміз үшін болашақта негізгі педагогикалық білім берумен қатар мұғалімдерге "жұмсақ дағдылар" (soft-skills) қажет екені белгілі болды.

Әр адамның әлеуметтік жағдайына қарамастан адам түр табиғатынан тең, адамның дене сымбаты және шыққан жері мен баруға тиіс жері барлығына да бірдей, бірақ адамдар адамгершілік тұрғысынан әр алуан болып келеді. Бірінің сана дағдысы жақсы дамыған болса, бірінің ақылы көп. Бірі мейірімділік тұрғысынан шектен тыс мейірімшіл болса, енді бірі ақ пейілділігін танытады. Ал мұның бәрі педагогтердің тұлға ретінде кез келген шәкіртке берген білімі мен тәрбиесіне тікелей байланысты.

Жеке адамның адамгершілік тұрғысынан қалыптасуы әлеуметтік ортаға тікелей тәуелді екенін мойындағанымыз абзал. Адамгершіліктің маңызы адамның өмір сүруі мен бақытты болуына әсер етері сөзсіз.  Адамның бойында ақыл мен адамгершілік, еңбекқорлық пен білімділік, достық пен сүйіспеншілік ұштасып жатуы керек.

Адамгершіліктік педагогика еңбектерінің авторы Шалва Амонашвили педагогикаға осы бір енгізген жаңа жаңалығы арқылы, жаңа бір серпін, жаңа ағынның бастамашысы ретінде есте қалды. Осы тақырыпқа байланысты Қазақстанның 20 педагогы Ш.Амонашвилидің ұлы Паата Амонашвилиден дәріс алды.

П.Амонашвилидің ұстанымы бойынша «Ұстаз әрдайым жайдары жүру керек», «Әр бала белгілі мақсатпен өмірге келеді және әрбір сәбидің тек өзіне тиесілі жаны, ішкі дүниесінің сәулесі бар. Ата-ана мен педагогтың міндеті сол сәуленің жоғалып кетуіне жол бермей,балаға өз өмір жолына бағыт көрсету», дейді өз сөзінде.

Өмірдің өзі қуаныштар, қиындықтар мен сынақтардан тұрады. Сондықтан әр балаға өмір жолында кездескен қиындықпен күресуге бейімдеу, айналаға махаббат пен сүйіспеншілікпен қарау, олардың бойларында мейірімділік секілді қасиеттерді дамыту – әр педагогтың міндеті.

Ол үшін бізде қолымызда негізгі құрал бар. Ол балаға өз саламыз бойынша білім беріп қана қоймай, әр балаға өмірлік жолына жол сілтейтін, ғұмырлық дастанында қажет етер тәрбие беру. Ендігі мақсат адамгершілікті педагогиканы кіріктіре отырып балалардың бойында адамгершілікті құндылықтарды дамыту арқылы тәрбиелеу болмақ.

Тәрбиелеудің заңдылықтарына сәйкес, баланы тәрбиелеу күшпен емес, өзінің қалауымен тәрбиелеу – негізі міндет болып табылады. Балаға өз арманына жетуге бағыт бере отырып, оны тәрбиелеуде әрбір білген жаңа дүниесіне қолдау білдіріп, жігерлендіріп отыру керек. Титтейінен әрбір баланың бойына көшбасшылық қабілетті сіңіре, ұғындыра тәрбие берген жөн. Себебі сол қасиет арқылы, бала өз таңдауын құрметтем, өз мақсатына, өзінің діттеген  межесіне жетуге кедергісіз ұмтылатын болады.

Қазақ елінің тәуелсіз тұғырында кең көсіле, еркін түрде, кемел елдің қақпасының тұтқасын ұстар әрбір балаға білім беріп қана қоймай, оларды үлкен өмірге бірге дайындайық.

Галия КАХАРМАНОВНА,
Нұр-Сұлтан қаласы, Әлихан Бөкейхан атындағы

#76мектеп-лицей директорының 

оқу ісі жөніндегі орынбасары

"Адырна" ұлттық  порталы

Пікірлер