Кадрлық әлеуетті тиімді пайдалану міндеті жүктелді

15

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен өткен жиында қалалық білім басқармасының бірінші жартыжылдықта атқарған жұмыстарының есебі тыңдалып, жаңа оқу жылына дайындық мәселесі пысықталды.Қаланың алдағы бес жылға арналған даму жоспарында адами капиталды дамыту басымдығы айқындалған. Оның аясында білім саласын ілгерілетудің 5 негізгі бағыты белгіленген.

Педагог кадрлардың әлеуетін дамыту шеңберінде мектепке дейінгі ұйымдардан 190 педагог қайта даярлау курстарынан өткізісе, мектептердегі 2657 педагог кадрлар Ұлттық біліктілік тестілеуіне қатысқан. Педагог қызметкерлер бекітілген жоспар бойынша біліктілікті арттыру курстарымен қамтылуда.Республикалық «Үздік педагог» байқауына 21 педегог ұсынылса, «Күнделік kz» жобасы бойынша Шымкент қаласы екі мәрте «Алтын түйме» иегері атанды. Кадрлық резервтен білім беру мекемелерінің басшылығына 28 үміткер тестілеуден өткізіліп, шекті бал жинаған. Олардың ішінен 6 үміткер мектеп директоры лауазымдарына қабылданған.Қалада 30 колледж қызмет атқарып, техникалық және кәсіптік білім беруді іске асырады. Оның ішінде 11 колледжде инклюзивті білім беруге жағдай жасалған. Колледж студенттеріне өндіріспен ұштастырылған дуальды оқыту әдісінің қолданылу мүмкіндігін арттыруда 96 әлеуметтік серіктестіктермен келісім жасалып, осы жүйемен білім алған студенттің білім алған мерзімі еңбек өтілі ретінде есептеледі.

«Жас маман» жобасы аясында былтыр екі колледж қайта жабдықтаудан өткізілсе, биыл мұндай жұмыстар тағы бес колледжде атқарылмақ.  Қала әкімі білім саласының көрсеткіштерін талдап, қалада педагог кадрлардың біліктілігін көтеруге барлық мүмкіндіктер қарастырылу керектігін назарға алды. Бүгіннің өзінде кейбір оқу пәндері бойынша білікті ұстаздардың жетіспеушілігі орын алып жатқандығына тоқталып, қажетті кадрларды даярлауда жоғары оқу орындарымен тығыз байланыста жұмыс жүргізуді тапсырды. Білім беру ұйымдарының кадрлық құрамдарын, мұғалімдердің жұмыс жүктелімдерін талдаудан өткізіп, кадр жетіспеушілігі орын алып отырған мектептердің мәселесі бірінші қыркүйекке дейінгі мерзімде оңтайлы шешілуі тиіс деген талап қойды.

Техникалық және кәсіптік оқу орындарының ахуалына тоқталған қала басшысы, құрылыс жұмыстарының көлемі соңғы 3 жылда үш есе артқанын, алдағы жылдары бұл көрсеткіштің әлі де еселене түсетінін атап өтті. Құрылысқа қажетті мамандар тапшылығы айқын сезіліп отырғандығын айта отырып, колледждер базасында құрылысшы мамандықтарына оқытатын қысқамерзімді курстар ұйымдастыру мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырды. Бұл бағытта салалық басқармаларға құрылыс жұмыстарына тартылған мердігер ұйымдардан қажетті мамандықтар тізбесін жасақтау міндеттері тапсырылды.Қала басшысының айтуынша, жиын барысында жүктелген талаптар кадрлық әлеуетімізді тиімді пайдалануға мүмкіндік беріп, жұмыссыздық мәселесін оңтайлы шешуге ықпалын тигізеді.

 

АВТ. ПЕРИЗАТ

Пікірлер
Редакция таңдауы