Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен бейнебайланыс режимінде өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша 2021 жылдың 6 айында атқарылған жұмыстарды баяндады.
Биылғы І жартыжылдықта қала экономикасының дамуы байқалатынын айтқан қала әкімі экономикалық өсімді қайта қалпына келтіру жөніндегі Президент тапсырмасы өз нәтижесін беріп жатқанын атап өтті. «Қаланың базалық секторларында өсім динамикасы бар. Бұл халықтың әл-ауқат жағдайына оң ықпал тигізеді. «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауыңызда азаматтардың әл-ауқатын жақсартып, қолайлы орта қалыптастыруды тапсырған болатынсыз. Бұл бағытта, қаланың 5 жылдық даму жоспары бекітіліп, негізгі басымдықтары айқындалды. Бірінші басымдық, ол кәсіпкерлік және өнеркәсіпті қолдау»,-деді М.Әйтенов.Әкімнің айтуынша, қаладағы үш өндірістік аймақта 7 690 жұмыс орнымен 110 кәсіпорын ашылған. Биыл 1,8 млрд. теңгеге 274 жұмыс орнымен 4 жоба жүзеге асып отыр. Ал, жыл соңына дейін 38 млрд. теңгеге 754 жұмыс орнымен 13 жоба іске қосылады. Бүгінгі таңда өндірістік аймақтар 100 пайызға толған.
ШЫМКЕНТТЕ ТЕРЕҢ ӨҢДЕУ ӨНЕРКӘСІБІ ҚАРҚЫН АЛАДЫ
Шымкент қаласының экономикасын арттыру мақсатында және қалада жұмыс істеп тұрған өндірістік аймақтар 100 пайызға толуының негізінде, мегаполисте тағы төрт аймақ ашу жоспарлануда. Оның біріншісі–«Жұлдыз» индустриалды аймағы. Қазір инженерлік инфрақұрылым жүйелері салынуда. Мұнда шамамен құны 200 млрд. теңге болатын 60 ірі заманауи кәсіпорындар ашылады. Инвесторлар тарапынан қызығушылық жоғары. Бүгіннің өзінде 100 млрд. теңгеге 25 инвестициялық жобалардың пулы жасақталған. Келісімдерге сәйкес биыл 10 жобаның құрылысы басталады. Екіншісі – ауылшаруашылық өнімдерін терең өңдеуге бағытталған «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағы. Мұнда құны 23 млрд.теңгені құрайтын 1 810 жұмыс орнымен 21 жоба іске асады. Үшіншісі – 136 гектарға заманауи өнеркәсіптік жылыжай кешендері аймағы. Мұнда 30 млрд.теңгеге 2 мың жұмыс орнымен 20 жоба іске асады.Мемлекет басшысы өз Жолдауында шағын және орта бизнестің жалпы өнімдегі үлесін 2025 жылға қарай 35 пайызға көбейтуді тапсырған болатын.Қала әкімі осы мақсатта Шымкент қаласында төртінші «Стандарт» жеке индустриалды аймағы ашылатынын жеткізді. Мұнда шағын және орта бизнес субъектілері шоғырландырылады. Заманауи қоймалар, шағын өндірістік цехтар ашылады. Аймақта 180 млрд. теңгені құрайтын 30 жоба іске асып, 4,5 мың адам жұмыспен қамтылады,-деп атап өтті қала әкімі