«Көне ғасыр күмбірі» атты жыршы-термешілер байқауы өтті

1156

Еліміздің мәдени әлемінде, небір дәулескер күйшілер, батырлар жырын жатқа айтатын дүлдүл жыраулар мен бұлбұл әншілер термешілер өткен. Шоқтығы биік осы жыршы-жыраулық өнер арқылы, халқымыздың ауыз әдебиеті, мәдениеті, жыршылық өнері дамып, небір талант иелері төрткүл дүниеге танылуда. Кейінгі болашақ ұрпақты ұлы тұлға, философ, фольклоршы, этнограф Мәшһүр бабамыздың шығармалары арқылы тәрбиелеу үлкен үлгі болып келеді. Елінің Тәуелсіздігін аңсап кеткен бабамыз болашақ ұрпаққа қаншама құнды еңбектері мен шығармаларын  ұмытылмас мұра қылып тастап кетті. Қазіргі таңда бабамыздың шығармаларын үлкен де кіші де қара сөзбен, терме жырлармен шырқап, халқына жеткізуде. Бұл біздің Тәуелсіздігіміздің айғағы.

Бабамыздың шығармашылығының тәлім алар тұстары баршылық,  философиялық  туындылары да заман ағымына қарай құндылығын жоғалтпайтын, сапалылығымен ерекшеленеді.

Биылғы жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 30 жыл толуына орай  Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен дәстүрлі түрде Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы атындағы «Көне ғасыр күмбірі» атты аймақтық жыршы, термешілер байқауы 6-шы рет шымылдығын түрді. Аталмыш аймақтық байқауға Қарағанды, Көкшетау, Шығыс-Қазақстан облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласынан және Павлодар облысының аудандары атынан 15-69 жас аралығында 19 өнерпаз қатысып, Мәшһүр бабамыздың інжу маржандарымен қоса халық ауыз әдебиетінен ауызданған жыр-дастан, термелерді орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Қазылар алқасының шешімі бойынша Бас жүлдеге Павлодарлық термеші, әнші Салтанат Қисатова лайық деп танылды.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы