«Деңгене» дәстүрін білесіз бе?

694

Қазақ халқының салт-дәстүрлерінің ішінде сайыс ретінде ұйымдастырылғандары да бар. Солардың бірі – деңгене.  Ол  – бірнеше адамның бір малды сойып, етін бөлісіп жеу дәстүрі.

Шарты:

Бұрын ауылдың зеріккен жігіттері ауқатты бір үйге түсіп: «Деңгене! Деңгене жегелі келдік», - дейтін болған. Үй иесі олардың қалауы бойынша ірі қара малдың  етін түгел асып, сорпасымен бірге алдарына қояды. Егер жастар асты түк қалдырмай жеп кетсе, мал құны сұраусыз қалады. Үй иесі батасын беріп, жігіттерді аттандырады. Ал тауыса алмаса, бір малдың орнына екі мал берулері тиіс. Негізгі мәні – жас етке бір тою әрі көңіл көтеріп, бәс тігу.

Дулат Исабеков «Тіршілік» атты повесінде: «Құдай қаласа ендігі бұзауын қабаққа байлап, күзге салым деңгене қыламыз да, пұлына уақ мал аламыз»,– деп жазады.  Бұл жолдардан дәстүрдің күз түсіп, күн суыта бастаған кезде жиі жасалғанын біле аламыз. Оны кей жерлерде «сірне» деп те атап жатады.

Халқымызда бір қойдың етін бір өзі жеген жандар көп болған. Олар етті тауысқаннан кейін мұздай суға бойлай түседі. Ақсақалдардың айтуынша,  мойындарын ғана шығарып, 1-2 сағат суда отырады екен. Су бетіне екі елідей май кілкіп шыққаннан көзімен көргендер де бар.

Деңгене – бірнеше халыққа ортақ дәстүр

Қырғыз тілінде бұл ұғым «Қонаққа ұсынылатын тағамның бірі» деген мағынаны білдіреді. Деңгене жеуге тек ер адамдар қатыса алады. Сондай-ақ, дәл осы дәстүр қарақалпақтарда кеңінен таралғанын атап өту қажет.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы