Ауасы ең лас қандай қалалар?

1816

Экологиялық мониторингтің нәтижесі бойынша еліміздің 10 қаласында атмосфералық ауаның жоғары ластануы тіркеліп отыр деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Экология министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Олардың қатарында Теміртау, Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Өскемен, Қарағанды, Балқаш, Жезқазған, Шымкент қалалары бар.

Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөнінде өткен Үкімет отырысында мәлімдеді.

Министр биыл Экологиялық кодекске сәйкес кәсіпорындар ең үздік қолжетімді технологияларды (ЕҮҚТ) енгізетінін, министрлік пен кәсіпорындардың арасында меморандумдар мен жол карталарына қол қойылғанын айтты. Сондай-ақ ол кәсіпорындар шығарындыларды 20% пайыздан 30% пайызға дейін қысқартуды жоспарлап отырғанын жеткізді.

Сонымен 2025 жылға қарай еліміздің 10 қаласындағы бірінші санаттағы кәсіпорындар үшін шығарындылар лимиті 20 пайызға төмендетілетін болады.

Сондай-ақ, Мағзұм Мырзағалиев шығарындыларды азайту мақсатында әкімдіктер елді мекендер мен шаруашылық субъектілерін газдандыруды жалғастыру қажет екенін атап өтті.

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер
Редакция таңдауы