Қазақстан ауған босқындарын қабылдамайды – Тоқаев

4066
Adyrna.kz Telegram

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда Ауғанстаннан келген ауған босқындарын уақытша орналастыру мәселесі бойынша оң шешім қабылдамағанын айтты. Бұл туралы Orda.kz жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

– Америкалық әкімшілікпен жұмыс істеген ауған босқындарын белгісіз уақытқа, яғни екі, үш айға, немесе жарты жылға паналау мәселесіне келетін болсақ, бұл мәселе оң шешілген жоқ. Өйткені, Қазақстанның егемендігімен байланысты көптеген нюанстар пайда болды, – деді Тоқаев Шығыс экономикалық форумында сөйлеген сөзінде.

Президент Қазақстанға келуге тиіс адамдардың тиісті визалары болған жоқ. Сондай-ақ логистиканың өзі бұл мәселені оң шешуге мүмкіндік бермеді деп қосты.

– Біз НАТО елдеріне және АҚШ-қа Ауғанстанда жұмыс істеген контингент, оның ішінде әскери контингентті алып кеткен ұшақтарды ұшып өту және жанармай құю үшін Қазақстанның әуе кеңістігі мен әуежайларын ұсындық, – деді Тоқаев.

Сондай-ақ ШЭФ барысында «Талибан»қозғалысының мәселесі талқыланады.

– Мәселе сақтықты қажет етеді. Мен бүгін Талибан* қозғалысының іс-қимылын мұқият қадағалайтынымызды бірнеше рет айттым, мұның бәрі осыған байланысты, – деді Тоқаев.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер