Ақтөбеде көпбалалы отбасыларға пәтер кілті табысталды

1755
Adyrna.kz Telegram
Ақтөбеде ҚР Конституциясы күніне орай баспана кезегінде тұрған 14 көпбалалы отбасыға "Нұр-Ақтөбе" тұрғын үй алабынан көптен күткен пәтерлерінің кілттері табысталды деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
"Нұрлы жер" бағдарламасы аясында көпбалалы отбасылар үшін барлығы 54 пәтер сатып алынған. Ақтөбеліктерді қуаныштарымен құттықтаған облыс әкімі Оңдасын Оразалин:
— Ақтөбеде 24 мыңдай отбасы баспана кезегінде, тағы 145 мыңдай жерлесіміз жеке тұрғын үй салатын жер кезегінде тұр. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жылдан жылға баспана мәселесін шешу шаралары қабылданып жатыр. Біздің проблемамызды ешкім сырттан келіп шешіп бермейтінін түсінуіміз керек. Мұны біз өзіміз тек еңбекпен, шыдамдылықпен және бірлікпен істей аламыз, — деді.
Оңдасын Оразалин сондай-ақ "Нұр-Ақтөбе" тұрғын үй алабының 3-ші шағын ауданындағы құрылыстың жоспарымен танысты. Бүгінде 3-ші шағын ауданда 180 пәтер салынған, жалпы аумағы 68,8 мың шаршы метр болатын мың пәтер болады. Жуырда мұнда 320 орындық балабақша мен дене шынықтыру-сауықтыру кешені тұрғызылады.
Бұл күні облыс әкімі "ПАТП" ЖШС-да болып, жақында Ақтөбеге әкелінген сыйымдылығы үлкен 32 жаңа автобусты қарап шықты. Облыс әкімі автобустарды 1 қыркүйекке дейін жұмысқа шығаруды тапсырды.
Айта кетейік, бұл Алматыда қоғамдық жолаушылар тасымалы жағдайын жақсарту үшін жиналған автобустардың бірінші партиясы ғана. Жыл соңына дейін Ақтөбеге тағы осындай 118 автобус әкелінеді. Әрқайсысының құны - 50 млн теңге.
Көліктер жеке инвесторлардың қаржысына сатып алынуда.
Ақтөбелік жүргізушілерді бақылау климаты жүйесімен жабдықталған жаңа автобустарды басқаруға Алматыдан келген әріптестері үйрететін болады.
"Адырна" ұлттық порталы.
Пікірлер