Ақтөбе облысында мектеп оқушылары тізгіндеген көлік аударылып, бір қыз көз жұмды

3979
Adyrna.kz Telegram
Фото: @gazeta_diapazon
Фото: @gazeta_diapazon

Ақтөбе облысындағы Шалқар қаласының маңында мектеп оқушыларының жол апатына түсіп, бір жасөспірім қаза тапты. Бұл туралы  “Диапазон” басылымы жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Мәлімет бойынша, жол-көлік оқиғасы 4 наурыз күні кешке 20:55 шамасында Шалқар-Базой тас жолының 4-ші шақырымында болған. 9-сынып оқушысы Toyota Land Cruiser көлігін жүргізіп келе жатып, рөлге ие бола алмай, аударылып кеткен. Оқиға салдарынан кәмелетке толмаған бір бала оқиға орнында көз жұмды. Тағы төрт адам жарақатпен Шалқар аудандық ауруханасына жеткізілді.

"16 жасар қыз комада жатыр, диагнозы: бас миының ашық жарақаты, ми ішілік қан құйылу және бас миының ісінуі. Жағдайы өте ауыр. 15 жасар жасөспірімнің жамбас сүйегінің төменгі бөлігі сынған. Екі бала да Ақтөбедегі облыстық балалар ауруханасына жіберілді. Тексеруден кейін 15 жастағы тағы бір бала амбулаториялық емделуге жіберілді: оның аяқ-қолдары көгеріп, сырылған", - деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасында.

Басылымның мәліметінше, балалар – Шалқар қаласындағы №8 мектептің оқушылары. Алайда облыстық білім басқармасы әзірге ешқандай түсініктеме берген жоқ. 

Ал полицейлер балалардың көлік жүргізуіне рұқсат бермеуді сұрайды.

Пікірлер