Әскер мәзірі: Қымыз ішіп, құрт жейді

2464
Adyrna.kz Telegram

Әлемдік қауымдастықта тамаша сөз бар. Ол «кім өз әскерін асырамас, өзгенің әскерін асырауға мәжбүр болмақ» деген негізде айтылады. Бұл жалпы тұтас алғанда кез келген қорғаныс саласына қатысты мәселе. Себебі жауынгерлерді барлық қажеттілікпен қамтамасыз ету аса маңызды. Соның ішінде тамақтандыру мәселесі аса маңызды. Аш құрсақ әскердің айбынды болуы, жүректі болуы екіталай. Құлқын ойлаған жауынгер, ұлтын қайдан ойласын. Оны Қазақстанның қорғаныс саласы ежелден жақсы түсініп, әскери мәзірді барынша жақсартуға мақсатында жұмыс істеп келді. Бұл тұрғыдан жұмыстар өз жалғасын тауып та келеді. Әр ұлттың өзіндік ерекшеліктерін де ескере отырып, әскери мәзірді әзірлеуі тиіс. Бұл тәжірибені Қазақстан қорғаныс саласы да басшылыққа алып жатыр.

Мысалы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі халықаралық армия ойындарына қатысушыларға диеталық қоспалар мен витаминдер сатып алуға 40 миллион теңгеден астам қаражат бөлді. Бұл аса маңызды. Себебі халықаралық ойындарға қатысушы тұлғалардың барлығы дерлік тек өздерін ғана емес, өздері ант еткен отандарының да имиджін танытушы жандар. Сондықтан олардың барынша айбынды, денсаулықтары мығым болуы қажет.

Қорғаныс министрлігінің спорт комитеті - Орталық спорт клубы мамыр-маусым айларында витаминдерді сатып алу бойынша тапсырыс ұйымдастырып, нәтижесін шығарып та үлгерді. Жеңімпаздар - «Мир Спорта» ЖШС, «Исар Инвест» ЖШС және «Кватро Гаранто» ЖШС. Енді аталмыш компаниялар сарбаздарымызды қажетті дәрумендермен қамтамасыз етпек.

«ARMI-2021» ашылу рәсімі Мәскеу облысындағы «Алабино» саябағында өтті. 22 тамыз бен 4 қыркүйек аралығында 40 штат қатысаып, 11 штаттың аумағында 34 жарыс өтеді. Қазақстан Қарулы Күштері 11 жарысқа қатысады. Қазақстанда «артиллериялық атыс шеберлері» және «сұңқарлар сайысы» атты екі сайыс өтеді. Аталмыш сайыстарда біздің жігіттер жасындай жарқылдайтынына сенім мол. Бұл тұрғыдан олардың дұрыс тамақтануы мен дәрумендерді алып тұру мәселесі шешілген.

Сайысқа қатыспайтын сарбаздардың да мәселесі толық қаралып, өзінің оң шешімін табуда. Атап айтқанда енді қазақ сарбаздары дәстүрлі форматтағы тағамдарды да жейтін болады. Қазақстан Қарулы Күштері Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы бөлімінің аға офицері Руслан Тапашев қазақстандық әскери қызметшілердің мәзірін қалай әртараптандыру керектігін айтты.

«Қазақ тамақтандыру академиясымен бірлесе отырып әскерилердің тамақтану рационын жақсарту бойынша ұлттық асхана ерекшелігін ескерген негізде жұмыстар жүргізілуде. Әскерилердің мәзіріне қосымша жылқы, қой, түйе, үйрек, қаз еттері мен түрлі балық түрлерін қосу жағы жоспарлануда. Сонымен қатар ұлттық сусын түрлері қымыз, шұбат пен құртты қосу жағы да қарастырылуда. Сол арқылы біз тамақтануды жақсартамыз. Тамақтандыру қызметтерін аутсорсингке табыстадық және жеке компаниялармен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар десанттық-шабуылдаушы әскердің тамағы бөлек, ал ұшқыштардыкы басқа. Барлығы да олардың қызметі мен борыштарын өтейтін ерекшеліктерге байланысты» дейді министрлік өкілдері.

Осылайша қазақ әскерінің тамақтану рационы үлкен өзгерістерге ұшырауда. Тамақтың құнарлылығы да, сапасы мен көлемі де артып, ұлттық ерекшелікті де ескеру жағы тыс қалмауда. Бұл аса маңызды. Еліміздің экономикалық жағдайы жақсарған сайын сарбаздарды барлық жағынан қамтамасыз ету жағы да артып келеді. Кешегі өткен ер бабалардың, қымыз сіміріп, садақ тартқан батырлардың ұрпақтары сол тамақтану дәстүрін қалпына келтіріп, елдіктің қазығын нық қағуда.

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер