Әкімдік күзетшісі журналисті ғимараттан күштеп шығарды (видео)

3119
Adyrna.kz Telegram

Алматы қаласы Алатау ауданы әкімдігінің күзетшісі аудан басшысынан сұхбат алмақ болған «Хабар 24» арнасының тілшісі Ақбөпе Тәңірбергенді ғимараттан күштеп шығарған. Бұл туралы журналист әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Сен - Әкімдік пен Халық арасындағы көпірсің»,-дедіңіздер. Мен желпілдеп жетіп бардым. Әкімдік болса сіздердің көпірлеріңізді далаға лақтырып жіберді. Бітті. Алматы қаласы Алатау ауданындағы әкімдіктен мәңгі естелік»,– деп жазды ол.

Болған оқиғаға Ақпарат және қоғамдық даму министрі де бей-жай қарамады. Аида Балаева кінәлі тұлғаларды жауапқа тарту керектігін атап өтті.

«Өздеріңізге мәлім, Алматы қаласы, Алатау ауданы әкімдігі қызметкерінің журналист Ақбөпе Тәңірбергенге күш қолданған теріс әрекеті интернет желісінде қызу талқыланып жатыр. Аудандық әкімдіктің жауапты тұлғаларының бұған қатысты еш шара қолданбауы мәселені тіпті де ушықтырып отыр. Бұл әрине өте өкінішті және біздің бүгінгі “еститін мемлекет”, “ашық әкімдік” қағидаларына қайшы келетін жағдай. Журналистердің құқығын бұзуға, олардың ресми жұмысына кедергі келтіріп, күш көрсетуге ешқашан жол берілмеуі керек. Бұл жағдайға қатысты, Алматы қаласы әкімдігінің басшылығы қызметтік тексеру жүргізіп, тиісті шаралар қабылдауы қажет деп санаймын. Кінәлі тұлғалар жауапқа тартылуы тиіс. Алдағы уақытта қай жерде болмасын, БАҚ өкілдеріне қатысты бұндай келеңсіз жағдайларға жол берілмеуі қажет»,– деді министр.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер