Дәулет Төлеутайұлы: Мың жерден арабтарға еліктесеңіз де, араб бола алмайсыз!

6005

Бүгінде талай оқырманның сүйікті кеңесшісіне айналып үлгерген Дәулет Төлеутайұлы осыдан бірнеше күн бұрын өз парақшасына арабша киінген, яғни паранджа киіп отырған әйел мен балалардың суретін жүктеп: "Әр нәрсенің өз деңгейі мен шегі бар. Йемен фотографы Бушра Альмутакавельдің суреті - "Жоғалу" деп аталады. Ой саларлық сурет. Ойланайық" деп жазба қалдырған болатын.

Желіде блогер осы суретті жүктегеннен кейін оқырмандар сан түрлі пікірлер жаудырыпты. Осыған байланысты Дәулет кеше мынадай пікір білдірді:

"Кешегі киім мәселесіне қатысты кейбір оқырмандар ойымды түсінбей қалған сияқты. Себебі постты фотограф суретімен қысқа қайырған едім. Мен біздің елде оранып, әурет жерлерін жауып жүргендерге еш қарсылығым жоқ. Бірақ сол киінудің де мәні, сәні болады. Қап-қара болып, бүкіл жерін тұмшалап жауып, ұлттық дәстүрімізді, ұлттық киімдерімізді мойындамайтындарға жыным келеді. Әйтпесе, жабық киіну бұрыннан қанымызда бар нәрсе. Қыздардың түрлі-түсті, ашық түсте киініп жүргендері жақсы емес пе?! Дәстүрдің де озығы бар, тозығы бар!".

Одан әрі Дәулет өз оқырмандарын түзу жолда жолып, адал өмір сүруге үндеді.

"Кейбір оқырмандарға айтарым, мың жерден арабтарға еліктесеңіз де, араб бола алмайсыз! Қазақ екеніңізді, Қазақстанда тұрып жатқаныңызды ұмытпаңыз. Фейк парақшамен аузына келгенін жазып, адамды тозаққа түсіріп жататындар да бар. Парақшасына кірсең, не суреті, не түрі жоқ. Тек ішін Алла деп, Құран сүрелеріне толтырып қойған. Исламның да ағымдары жетеді. Адаспай дұрыс жүріңдер! Алла жүректеріңізге иман берсін.

Махаббат, дін, саясат... Осы 3 тақырыпта әңгіме ешқашан біткен емес. Бітпейді де. Қазір де осы жерде 1045 коммент жазылады. Сондықтан кешегі посттағы ойымды дұрыс жеткіздім деп ойлаймын. Кімнің намысына тиіп кеттім, кешірім сұраймын. Осымен киім тақырыбы жабылды. Жұма қабыл болсын. Берген садақа, жасаған дұғаларыңыз қабыл болсын", — деді ол.

 

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер
Редакция таңдауы