Ақтөбе облысындағы барлық аудандарда спорт кешені салынады

2198
Adyrna.kz Telegram

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин спортпен және дене шынықтырумен айналысатын  тұрғындардың санын, оның ішінде жастарды көбейтуді тапсырды деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

— Қолда бар спорттық секцияларды, клубтарды барынша тиімді пайдаланып, жаңаларын ашу қажет. Бұқаралық және балалар спорты жұртшылықтың қолы жететіндей болуы керек. Соған назар аудару қажет, — деді облыс басшысы.

№4 облыстық балалар мен жасөспірімдердің күрес бойынша спорт мектебінің материалдық-техникалық қамтылуымен танысып шыққан облыс әкімі балаларды осы спорт түрімен қамту үшін мектеп аумағында тағы бір ғимарат салу туралы өтінішті қолдады. Өйткені ақтөбеліктер арасында  күрес секцияларына бұрыннан  жоғары сұраныс бар. Жыл соңына дейін жобалық-сметалық құжаттаманы бекіту тапсырылды.

№1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде облыс басшысы құзырлы органдарға қабырғалардағы жарықшақтың себебін кідіртпей анықтап, егер ғимараттың қауіпсіздігіне зиян келтірмесе,  жоюды тапсырды. Нысан 2016 жылы пайдалануға берілген.

Облыс басшысы абаттандыру жұмыстары аяқталып қалған триатлон паркін де қарап шықты. Қазіргі таңда мұндағы жүгіретін және велосипед жүретін жолдар толығымен дайын, жарық орнатылды, суару жүйесі жолға қойылды. Халықтың қалауы бойынша жаяуларға арналған жол  да жасалады. Арка іспетті үлкен LED-экран орнатылады. Облыс әкімі триатлон паркінің ақтөбеліктер үшін барынша қолайлы қоғамдық кеңістік болуын атап өтті.

— Жасына немесе жыл мезгіліне қарамастан мұнда бәріне, яғни спортпен кәсіби шұғылданатындарға да, жай жаяу жүріп қайтқысы келетіндерге де ыңғайлы болуы  керек. Барлық спорттық нысандарда қолайлы жағдай жасап, халыққа барынша қолжетімді ету қажет. Президент тапсырмасына сәйкес бұқаралық спортты дамыту — басым міндеттердің бірі, — деді облыс әкімі О.Оразалин.

Бүгінде Ақтөбе облысында балалар мен жасөспірімдерге арналған барлығы 32 спорт мектебі жұмыс істейді, оларда 19 мыңнан аса бала жаттығады, тағы 36 мың бала аула клубтарына барып жүр. Биыл балалар мен жасөспірімдердің спорт мектептерінің жаттықтырушы-оқытушыларының штаты көбейіп, 105 адамға артты.

Барлық аудандық балалар мен жасөспірімдер  спорт мектептерінің ауылдық округтерде филиалдары бар. Бүгінде 62 ауылда осындай филиалдар жұмыс жасап тұр. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің материалдық-техникалық базасын нығайту үшін 2019 жылы 40 миллион теңге, ал былтыр 115 миллион теңге бөлінген.

Спортпен шұғылданғысы келетін ақтөбеліктер барлығы 1800-ден аса спорт нысанына бара алады. Сонымен бірге жаңа спорт нысандарының, соның ішінде денешынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы жалғасуда.

Жыл басынан бері Ақтөбе қаласында шаңғы роллері трассасы мен Ойыл ауылында денешынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Қарғалы, Темір, Мұғалжар, Хромтау аудандарының аудан орталықтарында, сонымен қатар Хромтау ауданының Көктау ауылында бес денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жалғасуда.

«Самұрық – Қазына Trust-тің» қолдауымен Мұғалжар ауданының Ембі қаласында балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебінің жанынан денешынықтыру-сауықтыру кешенін тұрғызу басталды. Келер жылы облыстағы барлық аудандар денешынықтыру-сауықтыру кешенімен қамтылады деп күтіліп отыр.

Сондай-ақ бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында Ақтөбеде триатлон паркінің құрылысы аяқталып, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында биыл қозғалыс мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт кешенін және Жарқамыс, Жарлы, Жағабұлақ пен Құрылыс ауылдарында төрт спорт кешенін салу үшін қаржы бөлу жоспарлануда.

Қазіргі таңда Ақтөбе облысы халқының 32 пайыздан астамы дене шынықтыру жаттығуларымен және спортпен қамтылған.

 

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер