Өмірден өтті бүгін нағыз ғалым..

3625
Adyrna.kz Telegram

(Қазақтың ұлы ғалымы Әлімхан Жүнісбекпен қоштасу)

Өмірден өтті бүгін нағыз ғалым,
Көп көрген көн өмірдің аңызғағын.
Отырар топырағы құшақтайды,
Ғаламат сол ғалымның абыз жанын.

Жаны – абыз, өмірі – аңыз, жүзі – бала,
Тірлікте қалған еді ізі дара.
Енді ғалым тып-тыныш демалады,
Ғазиз басын қаратып қыбылаға.

Тілімнің тілдесімін, үндесімін,
Ашып берген тылсымның сырлы есігін.
Ахметтің жанына жазылады,
Әлімхан деген жарық нұрлы есімің.

Көп дүмше Тіл жүйесін көре тұрып,
Абыздың ауызын қақты өре тұрып.
Енді бүгін ағажан сіз өлгенде,
Сұңқылдайды қайтейін өп-өтірік.

Әр күні айтқан сөзі – ізгі лебіз,
Әлімханның қадірін біз білеміз.
"Тоқсанңда торы жүйрік мінгіземіз,
Аз көреміз ұстазға жүзді де біз".

Деп жүргенде шын ғалым кетті құлап,
Суалды кәусар қайнар текті бұлақ.
Тыңдамаған сөзіңді теңсіз дүние,
Тырнағанмен не керек бетті жылап?!

Сүп-сүйкімді күйінде өлді ғалым,
Шындық өлді ендеше, сөнді дарын.
Түріктен жеткен тілдің заңын айтса,
Ақ орда төсемеді оң құлағын.

Келемежге, қысасқа өкпелемей,
Қадалса да көп тобыр көк кенедей.
Сәби көңіл Әлекең тұрушы еді,
Тау ішінде құлпырып Көктөбедей.

Төбе емес шың еді Бұл Әлімхан,
Парасатты, Шын еді, бұл Әлімхан.
Ашылмаған сыр еді бұл Әлімхан,
Айтылмаған жыр еді бұл Әлімхан!

Бақұл бол, қош бол аға, қош Әлаға,
Мен сізбен серттесемін осы арада.
Ақиқатты төріне шығарамыз,
Жалғандықты лақтырып босағаға.

Алып кетті білдірмей Құдай үнсіз,
Өмір қалай түреленер шырайыңсыз.
Туған жердің айқара қойынында,
Тыныш ұйықтап жата ғой уайымсыз.

Біз сізді ғажап күймен сағынамыз,
Кеттің ау қарқарадай ғалым абыз.
Ып-ыстық көз жасыммен жылытайын,
Жамандар салып қойса жаныңа мұз.

Өмірден өтті бүгін нағыз ғалым,
Көп көрген көн өмірдің аңызғағын.
Отырар топырағы құшақтайды,
Ғаламат сол ғалымның абыз жанын.

Әділет АХМЕТҰЛЫ

Пікірлер