Әйелдер туралы белгілі өлеңдер

1215
Adyrna.kz Telegram

Әйелдер ай!

Әйелдер-ай!
Әйелдер!
Қандайсың?!
Әдемі боп кетіпсің ғой әрқайсың.
Біреу жеріп тұрса-дағы қалмайсың,
Біреу сүйіп тұрса-дағы бармайсың.
Әйелдер-ай!
Әйәйлар-ай, қандайсың?!
Әйелдер-ай!
Әйәйлар-ай, қулар-ай,
Жанарлардың жауын алып тұрғаны-ай!
Біле тұра бүйректерің бүлк етіп,
Кетесіңдер тыңдай тұра, тыңдамай.
Әйелдер-ай!
Әйәйлар-ай, қулар-ай!
...Әйелдерді еркектерден көп дейді.
Ойбай,
Ойбай!..
Бола берсін көп, мейлі!
Әйел деген әдемі ғой, әдемі,
Әдемілік бізге көптік етпейді...

Мұқағали Мақатаев

 

Әйел

Қай жерде, мейлі, қай елде,
Әлемнің мәні - әйелде.
Мықтымын десең ойыңды,
Әйелге барып дәлелде.

Әйелсіз айтпан әнді мен,
Әйелмен дәмді әңгімем.
Сүйкімді болсаң шынымен,
Әйелің сүйсін алдымен.

Әйелге мәлім көп сырың,
Сүрінсең - әйел деп сүрін.
Халыққа сыйлы болмайсың,
Әйелге болсаң жексұрын.

Әйелсіз қонды бақ қашан,
Әйел деп түстік отқа сан.
Әлемнің тілін таппайсың,
Әйелдің тілін таппасаң!

Ананың сорып емшегін,
Басылған талай келсегің.
Бәдік боп өмір кешесің,
Бермесе әйел женьшенін.

Болмасын әйел назалы,
Болмасын әйел жазалы.
Кеудесін қаққан талайдың,
Әйелден болған ажалы!

Әйелден ыстық от бар ма?
Әйел деп түстік көкпарға.
Қарғағың келсе біреуді,
Әйелің өлсін деп қарға.

Әйелмен құның өлшенер,
Құдайдан кейін сол - шебер.
Бақытты сен де болмайсың,
Әйелің сорлы болса егер.

Сырыңды соған ашасың,
Шөліңді содан басасың.
Адамның күні - Әйелмен,
Әйелдер мәңгі жасасын!

Жүрсін Ерман


Әйел-Ана

Келе жатқан келешекке нық басып,
Жер бетінде Ерлерменен жұптасып.
Өміріме өлмес Рух әкелген –
Ей, Әйелдер!
Тіршіліктің тұтқасы!
Әйел – Ана,
Әйел – Дана,
Әйел – бақ.
Қарсы келсе бас иемін аялдап.
Қасиетін аз уақыттың ішінде
Айтып беру мүмкін емес баяндап.
Өтіп бірге талай асу, белдерден,
Сәби – Әлем, ақ бесікке тербелген.
Ол кешегі жаугершілік Заманда
Атқа мініп атой салған Ерлермен.
Жаратылған ақ махаббат жар үшін,
Ұрпақтары ардақтаған әр ісін
Адамзаттың ардағына айналған,
Әйел – арым,
Әйел – нәрім,
Намысым!
Әйел десем – иігендей жер төсі,
Ақ жаулықты Алатаудың өркеші
Дидарына Күннің нұрын сыйғызған,
Әйел – бүкіл Адамзаттың еркесі.
Әйел десе – қара тасқа тіл біткен,
Әйелдердің жүрегіндей гүл біткен.
Бұл дүниеде
Егер әйел болмаса –
Ешбір үміт етпес едім тірліктен.
Тарихтың арғысы мен бергісі,
Әуелден-ақ, халық сыйы, ел күші.
Әуелден-ақ сұлулықтың символы,
Әуелден-ақ Әсемдіктің белгісі.
Тіршілікте терең жайған тамырын,
Аямаған Ай мен Күннің жарығын.
Ақиқатқа шөліркесем, шөлдесем,
Әйел – менің жарылқаушы, тәңірім.
Ой түсіріп,
Сәуле беріп санаға,
Айналдың сен сая – мекен, панаға.
Тіршілікті уысында ұстаған
Әйел – мәңгі Жаратылыс!
Жер – Ана!

Серік Тұрғынбек

 

Әйелдердің мерекесі екен ғой

Бүгін далам күндегіден бөтен ғой,

Бүгін ғалам жылылыққа мекен ғой.

Бар сұлулық неге тұнып тұр десем,

Әйелдердің мерекесі екен ғой.

 

Бүгін жырым төгіліп тұр нөсердей,

Жазылмаса жанды жарып кетердей.

Қалам неге ала қашып тұр десем,

Әйелдердің мерекесі екен ғой .

 

Есірікте отыр кеуде көтермей,

Науқасың да үнсіз жатыр жөтелмей.

Мынау тірлік кімге иіліп тұр десем,

Әйелдердің мерекесі екен ғой .

 

Әуелі иті үрмей қалды ауылдың,

Сәлемі де түзеліпті бауырдың.

Бар шаттықтың кілті қайда десем мен,

Қолында екен әйел деген қауымның.

 

Аязда жоқ жанды қарып кетердей,

Көктем келді жаның еріп кетердей.

Тірлік неге жарды десем бүршігін,

Әйелдердің мерекесі екен ғой.

 

Жаным бүгін жайлауына көшердей,

Көңіл күлді түйіншегін шешердей.

Кеттім десем неге сонша шешіліп,

Шешелердің мерекесі екен ғой.

 

Шыртылдаушы ек бұрын сөзді көтермей,

Бүгін мінез бал аралас шекердей .

Жаным неге нәзік тартып тұр десем,

Нәзіктердің мерекесі екен ғой.

 

Әйелсіз үй әйелсіз күн бекер ғой,

Әйелменен әлем сұлу екен ғой.

Адам біткен аңсап жүрген жылылық,

әйелдердің қабағында екен ғой.

 

Сөйлеңдерші әйелге ашу көтермей,

Бүгін,міне, мерекесі екен ғой.

Әйел кім деп ақылсыз сөз бастама,

Бірі қызың, бірі жарың, ал біреуі шешең ғой.

 

Мұқағали Мақатаев



Білместік...

Әдемі де екендігін біледі,
Ақылды да екендігін біледі,
Білсе дағы, білмегендей жүреді.

Оған біреу ғашықтығын біледі,
Сол бір жанның жасықтығын біледі,
Білсе дағы, білмегендей жүреді.

Көздерінің күн екенін біледі,
Ерінінің гүл екенін біледі,
Білсе дағы, білмегендей жүреді.

Ғашық жанның кім екенін біледі,
Сезімінің шын екенін біледі,
Білсе дағы, білмегендей жүреді.

Жаз өтіп, күз келетінін біледі,
Күзде гүлдер семетінін біледі,
Білсе дағы, білмегендей жүреді…

Ерлан Жүніс

 

Қазақ қызы

Төзіміңді берсе сенің темірге,
Темірдің де түгі кетпес көмірге.
Қазақ қызы,
Қайран қазақ әйелі,
Не көрмедің,
Не көрмедің өмірде?!

Қызды қатар қоймаса да ұлменен,
Азамат па қадіріңді білмеген!
Ақ жаулықпен орап алтын басыңды,
Отпен кіріп,
Шығып жүрдің күлменен.

Жұмсағанмен заман сені күң санап,
Жаманнан да ала білдің мың сабақ.
Жүн иіріп,
Кілем тоқып өрнекті,
Шекпен тіктің,
Киіз бастың
Жүн сабап.

Тәулік бойы алмайтұғын жыр тыным,
Тойда тыныш өтті ме екен бір түнің.
Үйдің ғана жыртығы емес,
Туыстық,
Достықтың да сен жамадың жыртығын.

Көк майсада қанның буы бұрқырап,
Кісінесе иесіз тұлпар шұрқырап,
Арасына ағайынның кектескен
Қай кезде де өзің түстің шырқырап.
Тағдыр сенің жиғызбады есіңді,

Төзім сауыт тауқыметтен тесілді.
Жауға шаптың азаматтың жанында,
Жібекпенент артып тастап төсіңді.
Құм астында,
Су астында бір қалаң,
Тарих біздің жұмбағы көп шырғалаң.
Шүкір дедің жаудан кейін,
Қойныңда
Аман қалса он балаңнан бір балаң.

Қыр қазағын қырғаникезде
Оқалы
Шапан киген Бұқара мен Қоқаның,
Мұрагерсіз қалмасын деп
Шалыңа
Өз қолыңнан алып бердің тоқалын.

Көлдей көріп махаббаттың тамшысын,
Күтіп өттің жақсылықтың жаршысын.
Егер бір ай көрінбесе сағындың
Күйеуіңнің өзі түгіл қамшысын!

Жолын кеспес қайнағанын, ағаның,
Сен бір гүлі, сен бір күні даланың.
Кітапсыз-ақ
Оқыдың сен кітаптай
Ата-ананың қасы менен қабағын!

Тыныштыққа кептіре алмай терлігі,
Өтті-кетті,
Өтті-кетті, шерлі күн.
Өздеріңнің бастарыңда
Қазақтың
Жазылмаған азабы мен ерлігі!..

Қадыр Мырза-Әли

 

ДАРИҒА, СОЛ ҚЫЗ

Өңімде ме еді,
Түсімде ме еді,
Көріп ем ғой бір
Армандай қызды…
Бір нәзік сәуле
Күлімдеп еді,
Сұрапыл соғыс
Соқты да бұзды.
Сапырды дауыл,
Тебіренді теңіз,
Тулады толқын,
Шайқалдыы шың-құз.
Қып – қызыл өрттің
Ішінде жүрміз,
Қайда екен, қайда,
Дариға, сол қыз?!
Оқ тиді келіп,
Қайратым кеміп,
Барамын сөніп,
Келмейді өлгім!
Тұрғандай сол қыз
Жаныма келіп,
Талпына берді
Қайран жас көңілім!
Барамын сөніп,
Барамын сөніп,
Жұтар ма мені
Мына сұм соғыс?
Арманым бар ма
Өлсем бір көріп,
Қайда екен, қайда,
Дариға, сол қыз?!
«Келмейді өлгім,
Келмейді өлгім!
Қайратым қайда,
Келші осындайда»,-
Дедім де тұрдым,
Жүгіре бердім,
Қолымда найза
Шағылып айға.
Жеңдік қой жауды,
Арман не, құрбым!
Күркіреп күндей
Өтті ғой соғыс.
Келемін қайтып,
Өлеңімді айтып…
Қайда екен, қайда,
Дариға, сол қыз!

Қасым АМАНЖОЛОВ


Қыз мұраты

Шаңыраққа қыз келсе ырыс келер,

Қыздар, қыздар, жолдары жіңішкелер.

Келін болып, көрмеген жерін көріп,

Бір тумаған жұртын да туыс көрер.

 

Тон пішетін, тері илеп қаракөлден,

Қайран, біздің қыздар-ай, ана көрген.

Жігітіне қазақтың лайықсыңдар,

Анасының ақ сүтін адал емген.

 

Қыздар, қыздар, балсыңдар, шекерсіңдер,

Мұраттарың кету ме? Кетерсіңдер!

Қырық үйден тиылып жүрсеңдер де,

Елдің көркі өздерің екенсіңдер.

 

Біздің қазақ данышпан өмір көрген,

Қонақ қылып қызына төрін берген.

Қалыңмалсыз теңіне тегін берген,

Құда болмай мың жылдық - көрінгенмен.

 

Қыздың қырық жаны бар, ары жалғыз,

Ардан аттап кетпеген сәруар қыз.

Қыз деген - ұлт, қорғасақ ұлтымызды,

Уызына ананың жарығанбыз!

Ершат Қайболдин

 

Ақын әйел

Басқа әйелде басқа арман, басқа мұрсат,
Отырады асықпай әңгіме айтып.
Ал мен үшін әрбір күн — қас-қағым сәт,
Еркіндікке енбеймін енді қайтып.
Бар бейнеті ақынның жүр ме өтеліп,
Гүлдей нәзік көңілімді кім ескерген.
Бір жеңіліс, бір жеңіс, бір қателік...
Қажыдым бұл қарусыз күрестерден.
Күтусіз деу сәбилер, гүлдерім де,
Әйел үшін ақындық — ерек сынақ.
Өз ісімді үлгермей жүргенімде
Хат жазады көбісі көмек сұрап.
Уақыттағы мазасыз әр мағына
Уайым боп жетеді қазір маған.
Білем маған ешкімнің арманына
Қөңіл бөлмей отыру жазылмаған?
Іс табамын қиналып бұлай үнсіз,-
Аяғаннан әзірше сыр ұқпай ел?
Мен де одан да болмадым уайымсыз,
Парықсыздау, әдемі, қылықты әйел.
Көп күрсініп отырам не түндерде,
Қуаныштың алыстап әні керім.
Ойға оралып жалғыздар, жетімдер де,
Тынышымды алады бәрі менің!
Қабағымды қандай күш ашар мына,
Жақсы кештің керген жоқ шәрбаты ұнап.
Жүргендеймін әйелдің басы орнына
Кішірейген жер шарын орнатып ап.
Тәтті ұйқыға жібермей дауылдай түн,
Өлең іздеп отырам бұрышта ана.
Әлемдегі өмірмен ауырмайтын
Жандар ұйықтап жатыр-ау тыныш қана.
Отырғанда мазасыз ғашықтай тым
Мазасыздық сәт сайын жанымда үдей,
Жиын-тойдан қайтуға асықпайтын
Әйел болғың келеді кәдімгідей.
Кәдімгідей жақсы әйел болу қиын.
Жыр іздейді жүрегім, қолым, миым.
Қыс па, жаз ба, білмеймін оның күйін,
Ауа райы мен үшін – көңіл күйің.
Қайда жастық — қызығы мол шақтарым,
Көкжиегім барады көлемденіп.
Төгілді де бадана моншақтарым,
Әлдиледі қайтадан өлең келіп.
Қасиеті өнердің жебесінде,
Еркіндіктен не пайда мен аңсаған?
Қалдырарсың атымды ел есінде,
Рақмет сол үшін, өлең саған!

Күләш Ахметова

 

Тіршіліктің тірегі

Ойланып, ой жүгіртіп әлемге кең,
Барсам да қай өлкеге, қай елге мен,
Бүкпесіз білетінім бір-ақ ұғым –
Тірегі тіршіліктің әйел дер ем.
Қалайша тараған деп науан адам,
Өзіне қояр болса сауал адам,
Жауабын оп-оңай-ақ табар еді,
Түпкі тек – Адам ата, Хауа анадан.
Бақтағы жемеңдер деп бұл алмадан,
Ескерту болғанымен бір Алладан,
Атамыз Анамыздың ақылымен,
Ақыры тағат тауып тұра алмаған.
Талаптың түсінсе де қаттылығын,
Атамыз шыдамаған ақтылы күн.
Үзіп жеп балғын бақтың жемісінен,
Сол күннен ұққан оның тәттілігін...
Сол күннен түсініппіз сұлулықты,
Сол күннен түсініппіз жылулықты.
Сол күннен сұлуларға ұмтылыппыз,
Сол күннен түріп тастап туырлықты.
Сол күннен сұлулыққа табыныппыз,
Сол күннен сәл көрмесек, сағыныппыз.
Сол күннен батыл да боп, ақын да боп,
Алдында арулардың ағылыппыз.
Сол күннен сұлулар боп тілегіміз,
Сол күннен жарылыпты жүрегіміз.
Сұлулар – гүліміз де, күніміз де,
Сұлулар – тынысымыз, тірегіміз.
Сұлусыз гүл өңірдің сәні бар ма?
Сұлусыз бұл өмірдің мәні бар ма?
Сиқырын сұлулықтың сезінбесек,
Теңей бер онда бізді жануарға.
Сұлумен гүл жайнаған көктем өмір,
Сәулесін саналарға төккен өмір.
Сұлусыз, аруларсыз өткен өмір –
Қызығы, қызуы да кеткен өмір.
Ақ сүтін аналардың ақтайық та,
Мәңгілік махаббатты сақтайық та.
Тәңірі сұлулық пен жылулықтың –
Мақтасақ, әйелдерді мақтайық та!

Абдрахман Асылбек

 

Көк қызы

Жырдың жүгін арқалап, қыздың мұңын,
Күнәсі көп ғаламның үздім гүлін.
Өшіре алса қайтеді естен бәрін,
Кешіре алса қайтеді күз Мұңлығын.

Жарылқамас жанымды түндер – керең,
Өн таныттым өкпелі кімдерге мен?!
Өткенге емес, өзіме тақтым кінә,
Көктемге емес, оқыдым гүлдерге өлең.

Гүлдерге өлең оқыдым өрт боп тұрып,
Үлгермеген қайғым да дерт боп тұнып…
Үзді бәрін үмітім үркіп қашқан.
…Қыз жылады жүрегі кекке ұмтылып…

Ей, Көк қызы, сенер ма ем ғұрыпқа мен?!
Пәтуасыз жүріске құныққан ем.
Сенің мінсіз жүзіңде ай қымсынып,
Періштелер тасада тұрыпты әрең…

Қара түн де жабырқау, жылап тынды,
Қайғысынан құстардың құлақ тұнды.
Аспа-а-а-н жақтан бір әуен естіледі…
Шақырады…
Шақырды бірақ кімді?!

Айбол ИСЛАМҒАЛИЕВ.

Ана

Бәрі де, Ана,
Бір өзіңнен басталды.
Сен деп жаздым алғаш өлең дастанды.
Қуандым ба,
Өзің бар деп қуандым.
Жыладым ба,
Өзің жоқ деп жас тамды.
Бәрі де, Ана,
Бір өзіңнен басталды.
Жанарыңнан көрдім алғаш аспанды.
Еркелесем, бір өзіңе еркелеп,
Жасқандым ба,
Тек өзіңнен жасқандым.
Алғашқы дәм, ол да сендік сүт еді,
Ақ сүт берген қашанда үміт күтеді,
Отанымның өзі сенен басталып.
Жауларыма жеткен жерден бітеді.

Қадыр Мырза-Әли

Ана

Арманыңды ақтармын ба жүрегімде тербесем?
Айға сіңілі, қарындассың қасиетті Жерге сен.

Мен өзіңді теңдесі жоқ құдірет деп түсінем,
Сендік қуат мың есе артық Жердің тарту күшінен.

Сұлу әлем, әлем сұлу сен жаратқан адаммен,
Көк жолының қарсылығын қағып тастап барам мен.

Сендік қуат болар, бәлкім, басын иді көк маған,
Әркез сенен туғанымды есіме алсам, тоқтаман.

Ал ұмытсам, ұмыт болып қаларымды білемін,
Ұмыт қалмау үшін менің шарқ ұрады жүрегім.

Шат жүріп-ақ қас қаққанша боламын мен шерменде,
Жетім емес кей ананың жетімдігін көргенде,

Көз алдымда жас дөңгелеп булығам да ызадан,
Маған тіпті сөз келмейтін ұяттардан қызарам.

Бұл дүниеге онсыз-дағы кеткен жоқ па көп есең,
О, аналар, кей пасықты жаратасың неге сен?!

Тасбауырлар дүниеге келсін де, тез кетсін де,
Әлде өзгелер ондайлардан жиіркенсін дейсің бе?

Қай кеудені жылытады лапылдаған отпенен,
Өз кеудесін жылытуға құдіреті жетпеген.

Анаң саған керек болса, балаңа да сен керек,
Кезекпенен ауысатын ғұмыр ғой бұл дөңгелек.

Ана керек, о, адамдар, ана керек адамға,
Анасыздар аң сияқты күн кешіп жүр ғаламда.

Пікірімді ұнатпаған таптық та дер дананы,
Даналықтың қажеті жоқ сыйлау үшін ананы!

Төлеген Айбергенов

 

Менің анам

Зəрезап болғаныммен айналадан,

Шыдаймын ғой, шыдамай қайда барам?

Бар болса маған құшақ жайған адам,

Ол сенсің, қайран, Анам!

 

Қайран, Анам, қолтықтан демеп жүріп,

Мен үшін жүрегін де берер жұлып.

Мектепте табаныңды тоздырдың-ау,

Маңдайыңның терімен еден жуып.

 

Бұл күндері ұл өсті, қыз жетілді,

Əңгімелер айтылды бізге түрлі.

Жұрттан ұят болса да қимай жүрсің,

Қыз кезіңнен жасаған қызметіңді.

 

Жеті бала өсірдің қалып тойдан,

Мен билікке қайранмын, салыпты ойран...

Қолыңа шүберек пен шелек беріп,

Мойныңа алтын алқа тағып қойған.

 

Ана, сенің жүрегің тоқтамасын,

Əлі талай менімен мақтанасың.

Еден жуып жүріп-ақ сен тарихта,

Ұлы ақынның анасы боп қаласың!

 

Ершат Қайболдин

 

Бозторғай ана

Тоғыз ай он күн толғайды,
Өмірге мені жолдайды.
Алты қат аспан астында
Анамдай адал болмайды
Анамдай адам болмайды.

Жалғызым жаным, жан апам,
Мақтадан мамық алақан.
Ананың жаны бозторғай
Баланың жаны балапан
Адамды Алла көп сынар
Әкенің сөзі оқ шығар
Анамдай сұлу адамзат
Жұмақ жақтада жоқ шығар

Періштем болып қорғайды,
Пейіштей болып орнайды
Жеті қат жердің үстінде
Анамдай жылу болмайды
Анамдай сұлу болмайды

Қартайса ана сол қайғы,
Ақ жүзің әжім қорлайды
Жүрексіз адам болса да
Баласыз ана болмайды
Анасыз бала болмайды!

Ақжол Түменбай



Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Видео: малютка и бабуля обсуждают жизнь — умора
Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Морщины "стираются" как ластиком! Намажьте кожу лица обычным...
Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Школьники потрясли всю сеть этим танцем — смотреть без детей!
Пікірлер