Биыл Ақтөбе облысында "Baqytty Bala-2021" байқауы үшінші рет ұйымдастырылды

2019
Adyrna.kz Telegram
Биыл Ақтөбе облысында ұйымдастырылған "Baqytty Bala-2021" байқауына жеті елден жас дарындар келген. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин «Baqytty Bala» ІІІ балалар вокалдық байқауының ​ қазылар алқасымен және құрметті қонақтарымен кездесті деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталының тілшісі.
Олардың қатарында Болгария, Өзбекстан және Қазақстан өкілдері - Николай Текелиев, Сильвия Андрианалариманга, Марат Әйтімов, Светлана мен Қанат Айтбаевтар, Клара Төленбаева, Рухия Байдүкенова және т.б. бар.
— Сіздерді Ақтөбе жерінде көргеніме қуаныштымын. "Baqytty Bala" байқауы әдемі дәстүрге айналды. Өкінішке қарай, шектеулерге, қабаттасқан пандемияға байланысты былтыр байқау өткен жоқ. Алайда, биыл көпшілік пен мәдениет саласындағы шығармашылық қайраткерлерінің сұрауымен шараны ұйымдастырамыз деп шештік, —  деді облыс әкімі.
Әңгімелесу кезінде қатысушылар мен қазылар алқасы байқаудың ұйымдастырылуы мен өткізілуі жоғары деңгейде екенін атап өтті.
— Бәрі өте түсінікті, әдемі және ұқыпты ұйымдастырылған. Облыс әкімдігінің бұл шараға белсенді әрі тікелей қатысып отырғанына таңғалып отырмын, сол үшін сізге бөлек алғыс айтамын. Өйткені Болгарияда мемлекеттік органдар мәдени шараларды ұйымдастыруға көп қатыса бермейді,- деді қазылар алқасының мүшесі, эстетика​ докторы Николай Текелиев.
Қазылар алқасы қатысушылардың да деңгейлері жоғары екенін мойындады.
Айта кету керек, "Baqytty Bala" эстрадалық әндер байқауы алғаш рет 2018 жылы өтті. Осы жылы негізгі байқаудан Греция, Болгария, Әзірбайжан, Украина, Ресей, Польша және Қазақстаннның түрлі өңірінен келген 10-16 жас аралығындағы дарынды жастар өтті. Олардың бәрі де 200 үміткер қатысқан дистанциялық іріктеуден өткен.
***
Сонымен жас өнерпаздардың жұлдызын жаққан "Baqytty Bala" фестивалінің биылғы жеңімпазы тараздық
Айлун Заушева болды. Ол
1 млн теңгенің сертификатын иеленді. Жүлделі І орынды еліміздің астанасы — Нұр-Сұлтаннан келген жас өнерпаз Адель Кунадилова мен болгариялық Елизабет Сахариева алды.
"Baqytty Bala — 2021" фестивалінде ең көп күтілген марапаттардың бірі Димаш Құдайбергеннің арнайы сыйлығы болды. Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Адель Кунадилова шетелде өтетін Димаш Құдайбергеннің концертіне қатысып, бірге өнер көрсету мүмкіндігіне ие болды.
Сонымен қатар дипломант атанған 11 өнерпазға 100 мың теңгеден ақшалай сыйлық табысталды.
Айта кету керек, аталған байқауда барлық санитарлық талаптар қатаң сақталды.
"Адырна" ұлттық порталы.
Пікірлер