Ақтөбе облысында биылғы жылдың І жартыжылдығында 17 мың жаңа жұмыс орны ашылған деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталының тілшісі.
Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин депутаттарға өңірдің өткен жарты жыл ішіндегі әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысын таныстырып, облыста жыл басынан бері экономикалық өсімнің кезең-кезеңмен қалпына келтіріліп жатқанын атап өтті.
Барлық негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамика қамтамасыз етілген, өңірдің экономикалық өсімінің қысқа мерзімді қарқыны шамамен 105,5% құрайды, биылғы жылдың маусым айындағы инфляциясы орташа республикалық деңгейден төмен– 104,4% (республикада – 104,6%).
Есептік кезеңде 17 мыңнан аса жұмыс орны құрылды, облыстағы орташа айлық еңбекақы 204,7 мың теңгеге жетіп, 18,6%-ға, ал нақты еңбекақы – 110,1% өсті.Өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлемі 108,2% немесе 997,2 млрд теңгені құрады. Ауыл шаруашылығының былтырмен салыстырғанда 2,6%-ға өскені байқалады.
Өңір басшысы сондай-ақ, осы жылға облыстық, аудандық, жергілікті маңызы бар 451 шақырым жолды жөндеу, 28 сумен жабдықтау жосбасын жүзеге асыру және 14 елді мекенге газ қосу жоспарланғанын айтты.
Азаматтардың өмір сүру деңгейін одан әрі жақсарту мақсатында сессия барысында қала маңындағы елді мекендерді инженерлік инфрақұрылыммен (сумен, газбен, электрмен және т.б.) қамтамасыз ету үшін қосымша қаражат бөлу туралы ұсыныс қаралды. Өңір басшысы бұл бастаманы бірауыздан қолдаған депутаттарға алғысын білдірді.
Ағымдағы жылдың қаңтар-маусым айларының қорытындысы бойынша 367 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 1,1 миллион шаршы метр тұрғын үйге жеткізу жоспарланып отыр.
— Екінші жартыжылдықта біздің назар әлеуметтік маңызы бар азық -түлік тауарларының бағасын ұстап тұру шараларын жүзеге асыруға, инвестициялардың келуін ұлғайтуға, өңдеу секторының өсуі мен дамуы есебінен экономика құрылымын одан әрі әртараптандыруға бағытталатын болады. Біз халықты вакцинациялаудың жоғары қарқынын сақтауға және эпидемияға қарсы шараларды жалғастыруға бет алдық. Мемлекет басшысының ақтөбеліктердің өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту жөніндегі тапсырмасын тек билік қана емес, сонымен бірге қоғам да бірлесіп күш сала алады. Тек осы жағдайда ғана біз облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын жақсартып, облыс тұрғындарының жайлы өмір сүруін қамтамасыз ете аламыз,- деді Оңдасын Оразалин.
"Адырна" ұлттық порталы.