Ақтөбе облысында шалғай жатқан үш ауылға газ барды

2207
Adyrna.kz Telegram
Ақтөбе облысының орталығынан шалғай жатқан Ырғыз ауданының бірнеше ауылына газ барды. Көгілдір отын енді Шеңбертал, Құрылыс және Ақши ауылдарының 2 200-ден аса тұрғынына қолжетімді. 31 шақырымдай газ құбырын жүргізуге мемлекет 328 миллионнан астам теңге бөлген деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Ырғыз ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Оңдасын Оразалин ауыл тұрғындарын қуаныштарымен құттықтады.
"Ырғыз ауданы газдандыру жағынан проблемалық аудандардың бірі болды. Өйткені газ тек екі ауылда ғана болған. Бүгін мемлекет басшысының ауылдық аймақтарды дамыту, халықтың әл-ауқатын жақсарту жөніндегі тапсырмасына сәйкес тағы үш ауыл газдандырылды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда, сонымен қатар, сумен қамту сұрақтары да шешіліп жатыр. Осының бәрі еліміздің тәуелсіздігінің арқасында",- деді О.Оразалин.
Ауыл тұрғындары көмір сатып алу үшін жылына 200 мың теңгеге дейін жұмсағандарын айтты.
"Газ бағасының арзандығымен қоса қанша тұрмыстық проблемадан арыламыз! Қуанышымызда шек жоқ. Үлкен арманымыз орындалды. Сол үшін мемлекет басшысына, облыс әкіміне алғыс айтамыз",-деді ризашылығын білдірген Құрылыс ауылының тұрғыны Шамшат Айтпамбетов.
Айта кетейік, қазіргі таңда Ырғыз ауданында Құтикөл ауылын газбен қамту бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары жүгізіліп, тағы үш ауылға газ беру үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Биыл Ақтөбе облысында барлығы 14 елді мекенге газ кіргізілмек.
Кейін облыс әкімі Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерватына барды. Мекеме директорының міндетін атқарушы Мейірхан Дуанбеков өңір басшысын қорық жұмысымен таныстырды. Оңдасын Оразалин қорықтың өңірдің табиғи ресурстарын сақтап, қорғауда орны ерекше екенін атап өтті.
​ Жаманшың бірегей метеорит кратерін қарап шыққан облыс басшысы құзырлы органдарға бірегей геологиялық нысанға апаратын туристік бағыттарды әзірлеуді, сонымен қатар, оны қорғау және қызметті дамыту бойынша ұсыныстарды қарастыруға енгізуді тапсырды.
Облыс әкімі аудан ауыл шаруашылығының қазіргі жағдайына баса назар аударды. Оңдасын Оразалин жергілікті тауар өндірушілермен кездесіп, олардың өндіріп жатқан өнімдерімен танысты, шаруалардың толғандыратын мәселелерін тыңдады, мемлекеттік қолдау шараларын түсіндірді. Облыс басшысы мал азығын дайындау көлемін ұлғайту үшін барлық мүмкіндіктерді пайдалану керектігін баса айтты.
"Былтыр жемшөп дайындауға субсидия төлеу үшін жергілікті бюджеттен 5,5 млрд теңге бөлінсе, биыл осы мақсатқа 6,8 млрд теңге бөлу жоспарлануда. Төлем енгізілгеннен кейін көптеген шаруа қожалықтары малдың нақты санын тіркей бастаған соң бұл сома өсті. Мәселен, жылқы басы 124 пайызға өсті. Төлемді шама келгенше ертерек жасаймыз, тамыз айының соңында бастаймыз деп жоспарлап отырмыз.
Мемлекет қолдауы бар. Қыста мал қырылып қалмас үшін түбегейлі шараларды қабылдау керек", - деді облыс әкімі.
Бұл ретте Оңдасын Оразалин осы жазда құрғақшылықтан ең көп зардап шеккен көрші облыстарға қолдан келер көмек көрсету қажеттігін атап өтті.
"Адырна" ұлттық порталы.
Пікірлер