Махамбет Досмұхамбетов Олимпиада жеңімпаздарын марапаттады

3140
Adyrna.kz Telegram

Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов халықаралық білім олимпиадасының жеңімпаздарын қабылдады.

Физика және математика пәндерінен халықаралық дәрежедегі олимпиада биыл шілде айының 14-25 күндері өтіп, оған қатысқан облысымыздың “Білім-Инновация” лицей-интернатының екі бірдей шәкірті жеңімпаз атанған болатын.

Атап айтқанда 1959 жылдан бері өткізіліп келе жатқан Халықаралық математикалық олимпиадасын алғаш Румыния мемлекеті ұйымдастырса, биылғы 62-ші Халықаралық математикалық олимпиадасын Ресей Федерациясы өткізген.

Аталған олимпиадаға математика пәнінен алты оқушы таңдалып алынған. Соның бірі-2019 жылы өткен республикалық пән олимпиадасының абсолюттік чемпионы Атырау облыстық «Білім-Инновация» лицей-интернатының 11-класс оқушысы Айбек Мырзатай алтын медальді жеңіп алған еді.

Бұл жеңіс математика пәні олимпиадасында бұрын-соңды республика тарихында болмаған.

Ал, Халықаралық физика олимпиадасы 1967 жылдан бері өткізіліп келеді, биыл Литва мемлекетінде ұйымдастырылған 51-ші Халықаралық физика IРhO-2021 олимпиадасы қашықтықтан форматында өтті.

Бұл олимпиадаға қазақстандық ұлттық құрамына физика пәнінен халықаралық, республикалық жарыстар мен олимпиаданың жүлдегерлерінен бес оқушы таңдалып алынды. Олардың бірі – аталған оқу орнының 10-сынып оқушысы Ризабек Алпамыс. Ол олимпиаданың қорытындысымен күміс медальге ие болды.

Облыс әкімі аталған жеңімпаздар мен ұстаздарын және ата-аналарын жеткен жетістікпен құттықтады.
«Өлкемізде талантты да дарынды балаларды анықтап, оларға қолдау көрсетуде кешенді шаралар жүзеге асып келеді. Облысымызда дарынды балаларға арналған 7 білім беру ұйымы бар, солардың бірі де бірегейі -«Білім-Инновация» лицей-интернаты. Қазақстан атын халықаралық білім додасында биік тұғырға көтерген шәкірттеріміздің жеңісі құтты болсын! Осы жеңіске баршаңыздың үлестеріңіз зор екендігін ерекше атап өткім келеді»,-деген өңір басшысы облыста білім беру сапасын арттыратын үш жылдық жол картасы жүзеге асырылуда екенін атап өтті.
«Жол картасы аясындағы барлық жұмыстардың нәтижелі іске асуына, келешектегі білім додаларында жоғары деңгей көрсетуге облыс әкімдігі тарапынан әрдайым қолдау болатындығын айтқым келеді»,-деді ол.

Кездесуде облыстық «Білім-Инновация» лицей-интернатының директоры Эльма Исмаил оқушылар заманауи жабдықталған оқу орнында жаңа білім беру әдісімен оқып жатқанын айтса, ата-ана Нұрбек Жұбатыров білімді шәкірт тәрбиелеген ұстаздарға алғысын білдірді.

Жиын соңында облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов олимпиада жеңімпаздары мен ұстаздарды және ата-аналарды Алғыс хаттармен марапаттап, сыйлықтар табыстады.

Пікірлер