Бізде басшыға жақпаған турашыл, білімді, мінезді талай мамандар қаңғып кетті...

3467
Adyrna.kz Telegram
Оншақты жыл бұрын бір таныс қыз біраз уақыт жұмыссыз жүрді. Өзі талантты, бірақ мінезді болған соң басшыларға жақпай жұмыстан босап қалған екен. Бірдеңелер жазып нәпақасын айырып жүрген оған кейде ноутбугымды беріп, кейде жұмыстағы интернеті бар компьютерге отырғызып көмектесіп жүрдім.
Сонда ол: "мен неге бос жүрмін, менің қабілетімді пайдаланыңдаршы деп айқайлағым келеді" дейтін. Жанайқай ғой. Сол қыз секілді талантты, білімді адамдар бізде әр салада бар. Әсіресе қазіргі індет кезінде фармацевт, химик, биолог, технолог мамандардың қажеттілігі қатты сезіліп отыр. Бұл індет тоқтаған соң да биологиялық соғыс қатерінен жуық арада құтылмайтынымыз белгілі. Осындайда аталған саланың үздік мамандарын халық денсаулығын сақтауға тартса дейсің. Жаңағы қыз сияқты қабілет-қарымы пайдаланылмай отырған адамдар көп. Өткенде "әйелдерге көзқарасы дұрыс емес" деп бір химикті қырық ру боп тас атып қуалап, аузын жауып тындық. Сөйтсек ол өте дарынды ғалым, ондаған патенті, өнертабыстары бар білікті маман екен. Біз қарапайым аспиринге қол жеткізе алмай отырмыз, ал ол "аспириннің одан жақсы түрін шығару қиын емес" деп формуласымен көрсетіп отыр. Оны жұмыстан шығартқанша халық медицинасы мен қазіргі медицинаны ұштастырып дәрі-дәрмек шығаратын шағын өндіріс орнын ашып берсе мұртымызды балта шабатын ба еді. Әне, қытайлық дәрігерлер біздің жеріміздегі шөптерге көз салып отыр. Олар сол өсімдіктерімізден дәрі жасап бізге әкесінің құнына сататын болады, сатып та жатыр. Өз ақшамызға дәрі таба алмай шарқ ұрып жүрміз. Көрші Ресей шығаратын препараттарды бізде де шығаруға болады ғой. Дәрі-дәрмек проблемасын шешудің бір жолы сол - өз мамандарымызды, өз шикізатымызды пайдаланып, өз елімізде шетелдің технологиясымен шығару. Сонда дәрі бағасы да аспанға шарықтамас па еді қазіргідей.
Адамға адам деп қарамайтын елде реализоваться етпеген білікті мамандардың шетелге кеткені кеткен. "утечка мозгов" көп елдің бірі Қазақстан деп айтып жатыр ғой.
"Утечка мозгов"-тың көкесі карантин біткен соң болатын шығар. Сол үшін "ауылдағының аузы сасық" демей, білімді-білікті кәсіби мамандарды іске тартса елге пайдасын тигізуден олар да қашпас.
Дина ИМАНБАЙДЫҢ
фейсбук парақшасынан 
Пікірлер