Жұлдызай БАДАНОВА: Этикасы жоқ сауатсыз блоггерлер мен журналисттер талай сұмдықты жасап жатыр

5582
Adyrna.kz Telegram

Шыны керек, Аягүл деген жазушы барын білмеппін. Фб-тегі дүрбелеңнен соң оның парақшасын, әңгімелерін оқып шықтым. Әлеуметтік желі екіге жарылды: бірі оның өліміне кінәлі жандарды іздесе, екіншілері аруақты мазаламаңдар, кеткен адам кетті деген көзқараста. Мен психолог емеспін, қарапайым қоғам мүшесімін, пендемін. Менің де артық-кем тұстарым, жеке пікірім, ой-толғамым бар. А. Мантай жайлы не жазбақпын? Ол маған не үшін керек?

Жалпы, адамдардың өзін өлтіру фактілері жаңалық емес, дегенмен, оған себеп не? Өткен ғасырдың 83—85-жылдары біздің өңірде мектеп бітірушілер арасында асылып өлу белең алды. Күйзеліс деуге келмейді. Себебі бір оқушы емтихан біткенше үйінде кеш жасауға рұқсат ала алмағаннан кейін асылған. Кейін анасының түсіне кіріп қоймаған соң эсгумация жасағанда оның оянғаны, ақыреттен босанғаны және қабірдің қабырғаларын тырнаған белгілері табылды деп шулады ел. Тағы бір оқушыны бірінші жолы ата-анасы құтқарған, екінші рет ешкім қасынан табылмай, өліп кеткен. Үлкеннің де, кішінің де суицидке баруына не себеп? Психологтар сөйлесе, суицидке себеп көп.

Аягүлге оралайын. Әлеуметік желілерде бірнеше адамның атын атап, оларды жазалауды талап еткендер жеткілікті. Тіпті комиссия құрылған. Аты аталған адамдардың өлімге итермелеу фактілері расталса, жаза қолданған да жөн. Олай дейтінім, әлеуметтік желілер адам құқын моральдық тұрғыда таптайтын ортаға айналып барады. Оған этикасы жоқ журналистер мен блогерлер тікелей ат салысуда. Құқықтық-азаматтық қоғам құру біздің елде қиялға айналуы мүмкін деген ой да туындайды.

Журналиспін, тіпті бас редактормын деп жүргендердің ішінде қарсы пікірдегілердің азан шақырып қойған атын атамай «Геморайхан», «Құрал-сайман» т.с.с. дейтіндер де бар. «Аға, сіздің атақ-даңқыңызға да, жасыңызға да қарамаймын. Қоя қойыңыз!» немесе «Баршы, қатын! Өз бағыңда жайыл!» деген сөздер батырлық пен әділеттік, тәрбие көргендік пен мәдениеттілік, өжеттік пен ерлік, білімділік пен интеллектуалдың көрсеткіші емес. Әр пікір мәдениет пен әдептің шеңберінде дәлелмен жазылуы керек.

Ал жеке адамның жанды тұстарын тырналап, көкбеттенетін саясаткерсымақ әйелдер де, еркектер де бет жыртысқанда жағаңды ұстайсың. Танымал блогерлер де қара пиар арқылы оқырмандарын ұстап отыр. Қара пиар да-пиар. Бірақ оның құны қандай? Жеке адамның кеңістігіне рұқсатсыз ену кезінде миллиондардың жүрегінен орын тапқан Диана Спенсердің өліміне әкелді. Қара пиармен ақша табу екі адамды о дүниелік етті. Мұндай мысалдар көп.

Аягүл Мантайдың өліміне ықпал еткендер бар болса және олар біздің әділетке жұмыс істей бермейтін соттан жазасын алмаса, қайтеміз, ар сотына тапсырамыз. Жақсылық та, жамандық та бумеранг. Өзіңе оралады.

Аягүлдің парақшасы мен әңгімелерінен түйген ойымды жазу еді осы мақаланың мақсаты. Ол өз парақшасында Исаак Ньютон, Джек Лондонның бала күнде алған тұрмыстық психологиялық соққыларына пост арнаған екен. Акутагава мен Хемингуэйге  де тоқталған жерлері бар. Акутагава өлім мен өлім алдындағы қорқыныш сезімдерін көп жазған. Өте ауыр психологиялық суреттеулер қолданған, өмірін өзі жоспарлап аяқтаған жазушы. Бірақ оны кім оқымайды?

Осы постарда автор ақпараттарды өзінің жан-дүниесіне жақындатып жазады. Мен оның постарынан аталған танымал адамдардың ішкі дүниесін өзінің ішкі дүниесімен біріктіріп жібергендей әсер алдым. Тағы бір байқағаным, оның ішкі «Мені» өзі жазғандай, «ұрып тұр». Қалжыңмен жазса да, өзінің тірілер түсінбейтін жан-дүниесін асқақтату, білімі мен тума дарынын, ерекше болмысын құдіреттің күші деп танитыны байқалады. Оның ойынша, Аягүл Мантай — бірегей тума! Ол өзінің IQ деңгейін А. Эйнштей-нмен теңестірмесе де, оған жақындататындай әсерде қаласың. Бұл менің жеке пікірім. Мантаймен жақын таныс болмаған соң оның жазбалары арқылы ол жайлы ой түю де қате пікірге әкелетіні сөзсіз. Дегенмен, әлеуметтік желілерде адамдар оз ойын, пікірін, көзқарасымен бөліседі және Аягүл сияқты үнемі ізденіп, ішкі дүниесін дамытып отыратын адамдар қандай да бір ой-толғамның жетегінде жүретіні ақиқат. Ендеше, Мантай парақшасына тек өзінің оқығандарынан, өмір тәжірибесінен түйген ойларын, өмірге, қоршаған ортаға көзқарасын жазып отырғаны сөзсіз.

Аягүл күйзелісте жүрген жанға ұқсамайды. Бірақ оның өз мүмкіндігін ескермей, мүмкіндігінен  жоғары қойған мақсаты Аягүлдің өзінің бай тәжірибесі мен білімін толық пайдалануына кедергі жасаған тәрізді. Қалжыңдап жазған (мүмкін армандады) «Нобельдің болашақ иегері» —Аягүл Мантайдың жаны таза, ар алдында ақ екені жазбаларынан байқалады.

«Нобельдің болашақ иегері» демекші, қазіргі уақытта психологиялық шығармалар бағаланатын болды. Аягүл де осы тақырыптарды қозғайды екен. Бұл жан күйзелісінен туған деп ойламаймын. Аягүл өмірдің мәнін Гюго көтерген адамгершілік пен ішкі мәдениеттен іздейді. Бұл қалыпты сезім. Қандай қоғам болмасын оның мүшелері біртекті көзқарас пен мәдениетке ие емес. Адамгершілік пен моральға негізделген құқықтық-азаматтық қоғам құру мәңгі мәселе десе болады. Адамгершілік пен ішкі мәдениет өркениетке байланысты болса, Гюгоның уақытымен салыстырғанда қазіргі өркениеттің деңгейі өте жоғары, бірақ ол көтерген мәселе әлі шешімін тапқан жоқ.

Нобель сыйлығы берілген шығармалар қандай тың  мәселелерді көтерді, не үшін олардың лайықты деп танылғанын оқып отырсаң, қоғамдық психологияға өркениеттің ықпалы, жеке адамның қоғамнан тыс қалуы, әлеуметтік-саяси психологиялық тақырыптар шебер психологиялық әдеби суреттеулер арқылы берілгенін, жазу нақышының ерекшелігін ескергенін көресің. Аягүлдің көтерген мәселері өзекті болса да, жазу нақышы мен тілінде ерекшелік жоқ. Тілі жатық, бірақ қарапайым. Оқиғаның шиеленіскен тұсы (кульминация) айқын емес, кейбір әңгімелерінде ол жоқ. Тұрмыстық ішкі күйзеліске негізделген оқиғалар қоғамдық сипатта болғанымен, оны шешу жолдары жеке адамның өмірге бейімделуіне байланысты, жеке шешімге қатысты. Егер материалдық жағдайың нашар болса, тапқаның жетпесе, жалдаған пәтеріңде тарақан бетіңде өрмелеп жүрсе, бұл шешуі жоқ нәрсе емес. Автор әңгімелерінде осы жағдайларды жаза отырып, оны шешу жолдарын да айтып отырады. Мұндай әңгімелерді Нобельге немесе т.б. сыйлыққа лайықты деп бағалау, әрине, субъективті пікір.

«Жүрекке оралу» әңгімесі. Аягүлдің ой арпалысын толық ашады. Өзі және өзі (Тоғжан кейпінде). Ал Санат та өз ойының иесі. «Жүрекке оралу» — автордың өз-өзімен сырласуы, сырласу емес, мұңдасуы. Өзінің «Мен-менімен» күресуі. Бірақ ол өз «менінен» аттай алды ма?

Аягүл өзінің сәтсіздігі (меніңше, өзін іздеуге кеткен уақытта жіберіп алған жеке өмірі) жайлы көп ойланады. Оны себебін өзінен іздейді, кейде тағдырдан көреді. Интеллектуал тұлғаға айналғанына сенімді автор бір кездері өзіне лайықты интеллект иесін іздейді, кейін күнделікті тұрмысқа оралады, сезім мен махаббат, мейірім мен қамқорлыққа мұқтаждығын білдіреді. Бұл қалыпты жағдай, ешқандай күйзеліс емес. Ол жалғыздығына себеп іздейді, адам өмірге жалғыз келеді, өмірден де жалғыз кетеді деп ақталады. Ешкімнің өмірі тек тәттіден тұрмайды; ащысы мен суығы болмаса, тәттіден мән кетеді. Адамды алға мақсат жетелейді. Биіктерге де осы арман-мақсат жеткізеді, ол— жетекші күш.

Джек Лондонның кейіпкері сүйгеніне лайықты болу үшін танымал жазушы атанып, байлыққа қолы жеткенде сүйіктісін де,  байлығын да тәрік етіп, теңізге батып өлмей ме? Лондон адамды жетістіктерге жетелейтін—мақсат деп түйіндейді. Мақсат бар жерде—өмірдің мәні бар. Дәл осылай ой түйеді Аягүл де. Ол: «Пенде бәрінен жалығып кетеді. Өмірде мақсатына жеткен кезде жеңісінің баянсыз екенін түсінеді. Құдайға деген махаббат қана мәңгілік»,—депті «Жүрекке оралу» әңгімесінде.

«Өмір дегеніміз – салыстыру ойы­ны. «Салыстыру ойынынан» адамдар «тепе-теңдікті» іздеп шаршайды. Өмірден «тепе-теңдікті» тапқандар Құдайды көбіне ұмытып кетеді, ал таппағандар ұмытпайды. Ұмытпайтыны сол: Құдайға ренжіп, жылайды, ұрсысады, тіпті Құдайға тіл тигізіп, қарғап та жібереді. Өзіне өзі саналы түрде қол жұмсап өлген кез келген адамды ақтап алғым келеді. Бірақ мен о дүниедегі емтиханда қазылар алқасының мүшесі емеспін ғой...

Өкініш – өмірден түңілуге, түңілу – өзіңді жоғалтуға әкеледі. Адам көбіне-көп қабылдаған шешімінің қате екенін біледі. Біле тұра саналы һәм бейсаналы түрде қателікке бой ұрады. Өзінің сәтсіздік деп қабылдаған қадамының кейбірі уақыт өте келе қуаныш пен шаттыққа бөлеп жатады...»

Осыны оқып отырсаң, Аягүл өлімді көп ойлайтындай сезіледі. Бірақ бұл жаңсақ ой. Аягүлдің өмірден өзін іздегені, өмірді сүйетіні байқалады. Өлім—ақиқат, өмір—жалған. Ақиқатты жақындата отырып жалғанның мәнін ашуға тырысады.

Біреулер жұмыссыздық қажытты оны десе, біреулер ол жұмыс таңдады дейді. Аягүл неге жұмыс таңдамасын?! Оның дипломы бар, білімді, тәжірибелі маман, өзінің айтары бар азамат. Аштан өліп, көштен қалып жатқан жоқ. Ешкімнің қалтасына түсіп ақша да алмайды. Ол өз ортасында жүргісі келсе, несі айып?

«Жүрекке оралу».

«— Сен әйеліңді кешірдің бе? – деп сұрадым. Оған деген сезімім болмаса да, әйелінен қызғанатынымды сездім.

— Менің кешірген, кешірмегенім оған түкке де қажеті жоқ. Оны кешіру маған керек. Зұлымдықтан сақтану үшін ғана емес, сол зұлымдықты жасамау үшін де кектенбей, кешіре білуіміз керек. Тұлғалық қасиетіңді сақтап, өзіңді жоғалтпау үшін де кешіруді үйренуге тиіспіз.»

Міне, Аягүлдің болмысы: «Зұлымдықтан сақтану үшін ғана емес, сол зұлымдықты жасамау үшін де кектенбей, кешіре білуіміз керек. Тұлғалық қасиетіңді сақтап, өзіңді жоғалтпау үшін де кешіруді үйренуге тиіспіз!»

« ... Өмір дегеніміз – мен! – деді әлден соң Тоғжан.– Уақыт дегеніміз – менің жанарымдағы әлем, – дедім мен.»

Аягүлдің өлімді емес, өмірді таңдағаны анық. Өзі атап өткендей, ол өзі жасап алған әлемде өмір сүрсе де, оның әлемі—тазалық пен ардың, адами құндылықтардың мекені болғанына сенімдімін.

Аягүлдің аппақ ары мен пәктігіне шек келтірудің өзі күнә! Жаның жаннатта болсын, Аягүл сіңілім! Сен өз биігіңді алдың. Өз оқырманын қалыптастырған жазушысың. Бақұл бол!

 

"Адырна" ұлттық порталы 

 

 

Пікірлер