Аягүлдің ауыр қазасы орыстілді ортаны да ауыр күйге салып кетті

2706
Adyrna.kz Telegram
Осы жолы Аягүлдің ауыр қазасына орыстілді аудитроия да шулап кетті. Әдетте ештеңеге мән бермейтін, қара басының ғана қамымен кеткен орыстілді аудиторияның шулап кетуіне не түрткі болды екен... Мен осы жолы олардың орыс тілді сегменттерінде қандай жаңалықтар бар екен деп анализдеп көрген едім.
Тіпті ішінде орыс ұлтынан, басқа да ұлттан, Қазақстанның азаматтары Аягүлдің қазасына жан-тәнімен күйіп отырып жазған пікірлерінен оқып шықтым.
Әдетте, ұлт мәселесіне, тіл мәселесіне, басқа да құндылықтарға келгенде аса мән бере қоймайтын орыстілді сегментті Аяның тағдыры толғантып тастапты. Олардың ішінде "әділетті тексеріс болсын, ақ қарасын анықтасын" деп отырғандардың қарасы өте көп. Осы мені таң қалдырып отыр. Ал, қазақ сегментінде "өлген адам өлді, артын қазбалап керегі не? Бәле іздемеңдер. Әруақты жайына қалдырыңдар" деген сыңайдағы сөздер қарша борап жатыр. Екі менталитет, екі түрлі көзқарас, екі түрлі әлем, бірақ бір мемлекет.
Қазақтың жаны аяулы қызы Аягүлдің өлімі біздің қоғамның сондай қатыгез, шындықты, ақиқатты ешбір жерде жақтамайтын, әділетсіз, опасыз, өркениетсіз, тұрлауы жоқ тірлікке бейім, жауапкершіліктен жұрдай екенін аңқайтып тағы да ашып беріп отыр. Байқап қарасаңыз, қазақ сегментінде адам өлімі мен оның жауапкерлішігі жайында, ақ-қарасына немқұрайлы қарайтын адамдардың қарасы өте-өте басым екен. Мұны жүрексіз қоғам десе де қателік емес.
Періште жанды жазушының рухы әлі талай сіресіп қалған, зұлымдықпен, әділетсіздікпен тоқылған өрмекшінің торындай бұғаттарды қиратып өтетін сияқты. Әркімнің жеке басында бір шындығы бар. Ақиқат өз алдына бөлек дүние. Ақиқат ашылса, талай адам жерге қарайды, тіпті жерге кіріп те кетуі мүмкін.
Уақыт төреші!
Мен өзіміздің өзімізге әділетсіз болып отырғанымызды айтып отырмын.
Бекболат ҚАРЖАН,
"Адырна" ұлттық порталы
Пікірлер