Атұстар

6738
Adyrna.kz Telegram

Дәстүрлі қазақы ортада төрт түліктің төресі деп айрықша қастерленетін жылқының ерекшелігін, маңыздылығын айтып тауысу мүмкін емес. Көшпелі түркі халықтарының тұрмыс-тіршілігінде жылқы малының маңызы өте зор болғаны белгілі. Әсіресе ет пен қымыз өндіру, салт міну, арба-шанаға жегу, халықтық спорт ойындары мен жарыстарын өткізуде, т.б. жылқы малы ерекше қызмет атқарды. Қазақ жері тәрізді ұлан-ғайыр кеңістікті, оның табиғатына, ыстық-суығына, тау-тасына бейімделген, үйретілген жылқы малынсыз игеру, әсте, мүмкін емес екені де белгілі. Қазақ өмірінде жылқы мінсе – қанат, шөлдесе – сусын, жесе – тамақ, көшсе – көлік болды. Жылқы қуса жауға жететін, қашса жаудан құтқарған. Сондықтан да қымыз – қаным, жылқы – жаным деп атайтыны да бекер емес. Жылқы – жалпы атау. Соның ішінде төзімділігіне, күш­тілігіне, мықтылығына, жүйрік­тігіне, жүрісінің сипатына және дене тұрқына байланысты бағаланатын аттың қазақы өмірдегі орны ерекше. Бүгінгі сөзтаным айдарында батырдың серігі болатын, салт-дәстүрдің сәні болатын, дау-жанжалдың айып құны болатын, көркем әсемділік пен ерекше асау мінезді сипаттауға негіз болатын ат болмысына қатысты тың мәліметтермен таныстыруды жөн көріп отырмыз. Ұсынылған барлық деректер «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлi жүйесi» атты энциклопедиядан (жетекшісі Нұрсан Әлімбай) алынып отыр. 

АТ – алты жасқа келген, денесі толысып жетілген, піштірілген, қолға үйретілген, мініс пен шаруашылықта қолдануға жарамды жылқы. Оны салт мінуге, арба-шанаға жегуге, әртүрлі шаруашылық жұмыстарға көлік ретінде пайдаланған. Сонымен бірге аңшылықта, барымта мен сапарларға мінілетін саят пен жорыққа мінілетін аттар арнайы таңдалып, үйретіледі. Ертеде «салт атты көшпелiлердің» мәдениетiнде аттың шаруашылық жағынан болсын, ғұрыптық тұрғыдан болсын маңызы ерекше болды. Атты алғаш мінуге, кейiн жегін құралы ретінде пайдалану еларалық байланыс­ты күшейтті. Түрлi тарихи кезеңдерде аттардың көптеп пайдаланылуы қоғамдық дамуды, халықтың тұрмысын, дүниетаным аясы мен мәдени деңгейiн көтердi. Әсіресе әскери және шаруашылық күш ретіндегі маңызы өте жоғары болды.
Мініс көлігі болатын арнайы атты құлын кезінен бастап баптап өсірді. «Ердi аттың естiсi теңейдi» деген ұстанымды қастерлеген көшпелілер аттың есте сақтау қабілеті мен сезімталдығын ерекше жоғары бағалады. Расында да, жақсы ат ауа райы мен жер рельефiнiң өзгеруiн, өзі үйренген жайылымды, елді мекендi адаспай тауып алатын естi жануар ретінде үлкен құрметке бөленді. Көшпелілер ат бойына құлын кезінен бастап жуасытып, шартты рефлекске негiзделген жақсы қасиеттер қалыптастырудың сан алуан тәсілдерін меңгерді. Сөйтіп, атты мiнез-құлқы тұрғысынан да, физиологиялық жағынан да көшпелі тіршіліктің талаптарына сай тәрбиелеп, бабына келтірді. Дәстүрлі ортада аттары қолданыстық және этномәдени мәніне қарай төл ат, сүндет ат, бетжүздік ат, тұл ат және т.б. түрлерге бөлген.
Қазақы ортадағы әскери категория­лар – қолбасшылар, батырлар, тіпті қарапайым сарбаздардың өздері де әбден сұрыпталып, сыннан өткен аттарды мінген. Абылайдың жирен қасқа арғымағы, Қанжығалы Бөгенбайдың үкілі торысы, Қаракерей Қабанбайдың қубас торысы, Шапырашты Наурызбайдың торы аласы, Уақ Бармақтың қанаткері, Керей Ер Жәнібектің көк дөнені, Райымбектің көкмойнағы сияқты талай жорықтар мен жортуылдардың куәсі болған «ер серіктерінің» атақ-даңқы аңызға айналып, қазақ даласына жайылды.
Жүйріктік пен төзімділікті қатар бойы­на сіңірген арқалы атты әскери мақсатқа және басқа да жорық немесе жортуыл ат ре­тінде пайдаланды. Ал салқақ төсті, «жал-құйрығы құлағынан асқан» дейтін, кеуделі, күшті атты арыстан жал ат дейді. Бұл жыл­қының түрі тоқпақ жалды ат деген атау­мен де белгілі болды. Әдетте, аттың осын­дай түрін көбінесе, алыс жолға пайдаланды.
АРҒЫМАҚ – дене бітімінің сұлулы­ғы­мен, жүйріктігімен, ұшқырлығымен, бек алысқа сілтер төзімділігімен ерекшеленетін асыл тұқымды жылқының атауы. Айрықша сымбатты арғымақтың шоқтығы биік, белі құмай тазының беліндей иілген, жіңішкелеу жұмыр мойынды, кішкенелеу келген басы етсіз, аяқтары жіңішкелеу болғанымен күшті әрі ұзын, кішкене тұяқтары құйма болат іспеттес, құйрық-жалы қысқа, жүні тықыр болып келеді.
АТҰСТАР – қазақ отбасындағы шаңыраққа ие болатын ұл балаға қатысты айтылатын теңеу.
БЕТЖҮЗДІК АТ – жараған, сирек мінілетін ат. Сый ретінде ұсынылады.
СҮНДЕТ АТ – сүндетке отырғызы­ла­тын бала мінетін арнаулы жылқы.
ТҰЛ АТ – қайтыс болған кісінің мінген аты. Оны кейде қаралы ат деп атайды. Тұл ат жыл бойы мінілмей, бос жүреді. Бір жылдан соң марқұмның асына сойылады. Атты соярда да жоқтау айтылады.
ЖАЛБАС АТ – жал-құйрығы қалың әрі жер сызардай ұзын, дене бітімі тығыршықтай, шоқтығы биік ат. Дәстүрлі ортада құйрық-жалы төгілген ат қайратты, төзімді (сондай-ақ шаңырақтың құт-берекесі де) саналады. Мұндай аттың құйрық-жалын қырқуға жол берілмейді.
АСАУ ҮЙРЕТУ – үйретiлмеген жыл­қы­ға бас білдіру. Асау жылқыны үйретерде абайламаса, оғаш мiнез қылықтарға бой ұрып, тебу, тiстеу, тарпу, басымен қағу сияқты, ал мінгеннен соң тулау, мөңку, басын бауырына алып мөңку, алып қашу, шалқалай жығылу, тік қарғып шапшу тәрізді қылықтар көрсетіп, адамды мертіктіруі мүмкін. Өз ісіне мығым шабандоздар асаудың осындай қылықтарына төзімділік танытып, орынсыз жәбірлеп, әсіре көп қамшы үйіруден, зорлыққа бой ­алдырмауы керек. Асқан шыдамдылық көрсетіп, асаудың дымын құртып үйретеді. Әйтпесе, үйрету кезінде жәбір көрген асау кейін адам үшін жағымсыз қылықтарға дағдыланып алады. Ер салғанда және мінгенде жуас болып көрінгенмен, жүргенде ауыздыққа бой бермей, басын алып қашатын бас асау, басына үнемі қамшы үйірсе – жасқаншақ, ұстатпайтын қашаған; қасында қара болмаса, жалғыз жүрмейтін, қамшыға да, жүгенге де көнбейтiн болып алады. Асау жылқылар жазғытұрым жердің тоңы кетіп, жер бусанған шақта үйретіле бастайды. Асауды құрық, арқан немесе бұғалық салып ұстап, ернін қамшымен, шылбырмен шұралап тұрып ерттейді. Сонан соң, екі жақ үзеңгіні бір-біріне қосақтап байлайды. Шабандоз шу асауға мінген кезде тулай жөнеледі. Үйретуші адуын арпалыста қыбын тауып, құлап қалмаудың амалын жасайды, екі аяғын асаудың қолтығына тығып, тақымын қысып, ердің қасынан ұстап бекем отырады. Шамасы келсе келесі қолымен асаудың басы мен шабына ауыртпайтындай етіп қамшы салып, асаудың қимылын өршітіп, дымын құртады. Асау алысқа шауып, дымы құрып шаршаған соң, бастапқы арыны басылып қалады. Осыдан кейін жылқы малы мініске, жегін құрал­дарына жегуге, жүк артуға біртіндеп көндіге береді. Асау үйрету бір жағынан ер жігітке де сын.
АТҚА МІНГЕСУ – бір атқа екі адам­ның (кейде үш бала) бірінің артына бірі қосар­лана мінуі. Яғни екі адамның бірі ерге, екіншісі аттың сауырына жайдақ мінеді. Мінгесу тәсілі көбінесе жаугершілік, көш кезінде және т.б. қысылтаяң жағдайда аттың жетіспеуіне байланысты қолданылды. Алысырақ жолда ер артына мінгескен адам астына көпшік, тулақ ­немесе төсеніш салады. Мінгескен кезде үзеңгіге аяғын салып немесе қарғып та міне береді. Алыс жолда мінгесетін аттың белділігі мен қондылығы ескеріледі.
Біреудің артына мінгесу дәстүрлі ортада келеңсіз жағдай ретінде саналды. Сондықтан мүмкіндігінше беделге нұқсан келеді деп атқа мінгеспеуге тырысты. Ат үстіндегі адамның алдына тағы бір адамның мінгесуін алдыға алу деп атайды. Бұлай көбінесе жас балаларды алып жүрген. Атқа мінген адамның алдына немесе артында адамды көлденең салып алып жүруді өңгеру деп атайды. Бұл әдетте жаугершілік заманында тұтқынға түскен немесе қылмыскер адамды алып жүру үшін қолданылған тәсіл.
АТ АРҚАНДАУ – мініс атын таң атқан­­ша жайылуына мүмкіндік беретін шағын аумаққа қағылған қазыққа арқан тағып бекіту тәсілі. Ол үшін ауылдан алыс емес суға жақын, шөбі бітік, көкмайса жер таңдалады. Ұры-қарыдан сақтану мақса­тында ондай жер жүргінші жолынан аулақ, көзден таса, қалтарыс аумақта болуы тиіс. Ат арқандайтын жерді басқа малдан қориды. Ат арқандауды, сондай-ақ саяқ жүретін немесе бөтен үйірден әкелген атты жерсіндіру үшін де қолданады. Ат арқандау үшін қазықтың айналсоғына арқанның бір ұшын бекітіп, екінші ұшын аттың басына киілген ноқтаға байлайды немесе алдыңғы екі аяғын тұсайды. Кейде аттың алдыңғы бір аяғын ғана байлап қояды.
АТ АРҚАН ЖЕР – халықтық өлшем. Радиусы шамамен ат арқаннан екі есе ұзын аумақтың мөлшерін білдіретін бірлік. Ол орта есеппен диаметрі 40-50 адым шеңбердің мөлшерін білдіреді. Әдетте бірнеше атты бір-біріне жақын арқан­­дау үрдіске айналғандықтан ат арқан­дыққа аумағы едәуір үлкен, оты бітік жер таңдалынады. Аттар біріне-бірі жетпей­тіндей мөлшерде арқандалады.
АТ СУЫТУ – мініс атын дұрыс пайдалану ере­желерінің бірі. Оның мәні – ұзақ жолдан, міністен (сондай-ақ жүк тасудан, арба тартудан) соң бусанып тұрған аттың демін алдырып, терін бастыру. Егер суық маусым болса, бусанып келген атты қораға кіргізіп, тізгінмен қаңтарып (жем, суға жолатпас үшін), айыл-тартпасын босатып, жабулап немесе ерін алып, тоқымын сол күйінде қалдырып, тартпамен бостау тартады. Әбден тері кеуіп, ентігін басқан соң ер-тоқымын алып отқа қояды. Егер атты осындай күтімге алмай суытуы дұрыс болмаса, яғни жүріп келе салысымен бірден ер-тоқымы алынса, ат арқасын жел көтеріп, оның салдары жауыр өршуге алып келеді. Және аттың демі басылмай бірден су ішкізу немесе оттату түрлі ауруларды қоздыруы мүмкін.
ЖАСЫҒЫН ЖIБIТУ – жылқы түлігін күтіп-бағуда қолданылатын амал. Даланың қатқыл қысынан арықтап шыққан жылқының «жасығын жібіту» үшiн жаңа көктеген қызғалдақ, раң отына жаяды. Сонда мал көбексіп, тез әлденедi.

ЖАҢБЫРЛЫҚ

АТ БАЙЛАР – кәде түрі. Күйеу жігіт қалыңдығының ауылына тұңғыш бар­ғанда орындалатын рәсім. Жүйрік немесе жорға ат мініп, серіктерімен қыз­дың ауылына жақындап келген күйеу ауылға жарты шақырым қалғанда атынан түсіп, оны жолдастарымен ауылға қарай жетектетіп жібереді де, өзі сол жерде қалады. Жолдастары ауылға күйеу жігіттің келгенін хабарлап, атын қалыңдықтың туған әпкесіне не жақын туыстарының біріне береді. Аттың тіз­гінін ұстаған адам міндетті түрде қыз болу керек және ол күйеу жігіттен ат байлар кәдесін талап етеді. Күйеу жігіт екінші рет келгенде оның киіз үйі ауылға жақын тігіледі және «шатыр байғазы» кәдесі алынады. Ат байлар кәдесі ретінде мата немесе жағалы киім берілуі мүмкін. Бұл кәде Оңтүстік Қазақстанда «көпшік қыстырар» деп те аталады. Бұдан соң, ауыл әйелдері, қыздары мен жігіттері күйеуді қарсы алуға шығады. Қалыңдықтың өзі, әкесі мен шешесі ауылда қалады.
ЖЕЛҚУЫҚ – жүген-құрық тимей, мініс көрмегеніне біраз болған асау жылқының атауы. Мұндай аттар жорық кезінде аса төзімді болып келетіндігіне байланысты кейбір жағдайда мініске пайдаланбай еркін қоя береді. Ат бапкерлері мен сыншылар жақсы ат болатын құлын-тайды ертерек танып, тек дөнен шығарып барып үйретсе жауға мінер мықты ат болады деп есептеген. Сондай-ақ көкке әбден тойып, жұнттай болған, ширығып, жарап, желігіп тұрған барлық жылқы атаулыға да желқуық ұғымын (желқуық байтал, желқуық айғыр, т.б.) қолдана береді.
ЖАҢБЫРЛЫҚ – жылқының сауырын­дағы ойыстау жері, суағары. Жаңбырлық малдың бiтiмi мен сымбатын, дене бөлiктерi мен сүйек бiтiсiн, бұлшық етiнiң аз-көптiгiн (ояздығы мен толысуы) көрсетеді. Арып титықтаған жылқының сан етiнiң сайлығы мен сауырындағы жаңбырлығы «қазылып», яғни ояздалып, ойыс болып көрінеді. Ал қоңданғанда (семіргенде) жаңбырлығы ойыс болмай, тегістеле бастайды. Сондықтан қоңданған жылқы туралы ат жаңбырлығын жапты, жаңбырлығы жабық деп айтады.
ЖЕЛІС – аяңнан жылдам, шабыс­тан баяу ат жүрісінің бір түрі. Желістің бөкен желіс, сары желіс, жорға желіс, бүлкек желіс деген түрлері бар. Шапқанда ат тез шаршайтындықтан алыс жолда атты үнемі желдіртумен жүріс өндіреді.
АТБАЙЛАР – дәстүрлі ортада қыз бала деген ұғымның тұспалдап атауы. «Әке­нiң ат байлары – қыз баласы, шы­рақ жағары – ұлы» дейді халық мәтелінде.
АТ БАСЫНДАЙ АЛТЫН − дәстүрлі өлшем атауы. Метафоралық образдық теңеу. Өте үлкен, көлемді, қымбат заттың мөлшерін бейнелейді.
АТ КЕКІЛІНЕ (ҚҰЙРЫҒЫНА) ҮКІ ТАҒУ – байырғы магиялық түсініктен туындаған сақтандыру үшін жасалатын шара. Қазақтар қалың көпшілік жиналған орындарға барған кезде аттарын үкімен сәндейді. Үкінің бір шоқ мамық араласқан қауырсынының кейбір талдарына бояу жағып әсемдеп, қауырсынның қарақұсынан шоқтап жіп байлап, оны аттың кекіліне байлайды. Үкіні көбінесе бәйгеге қосылатын жүйрік, жорға аттарға, яғни сымбатты, мүсінді, жүрісі ерекше аттарға көз бен тілдің сұғы тимесін деген ниетпен байлайды. Ұзатылған қыз, қайын жұртына барған күйеу, жас келін мінген аттардың кекіліне үкі байлау магиялық сақтандыру функциясын атқарумен бірге, ат мінген адамның да осы шараға тікелей қатысы бар екендігін айғақтайтын белгі іспеттес.
АТ КЕКІЛІН КЕСУ – қазақы ортадағы әдеттік құқықтық қатынасты реттейтін ғұрыптық мәні бар үрдістің атауы. Адамаралық, тіпті руаралық қатынастар мүлдем үзілді дегенді білдіретін ғұрыптық шара. Бұндай құбылысқа бірден-бір себепкер адам өлімі болды. Құныкер (кісі өлтіруші) жақ пен құн талап етуші (кісісі өлген) жақтың ешбір бітімге, тоқтамға келе алмаса, тараптар екі араларына ұзын ала арқан тастап, бір шетке өлген жігіттің мінген атын әлеміштеп, тұлдап әкеліп байлайды. Егер құн талап етуші жақ құныкердің төлеген құнына келісе алмаса, ат кекілін кесу арқылы «жанға – жан, қанға – қан» деген кек алуға көшкендігі туралы белгі береді. Ол үшін кекілі кесілген аттың шолақ кекілін шоқтап, түбінен буып тастайды. Ат кекілін кесудің тағы бір түрі – ағайын-туыс, құда-жегжат, дос-жаран арасында «бетке салық, сүйекке таңба» түссе немесе бір біріне «кешпес жамандық» жасаса, кінәлаушы – уәжі орынды жақ қарсы жақтың ішіндегі айыпкердің мініп жүрген атының кекілін кесіп әкетеді.
АТ ҚҰЙРЫҒЫН КЕСІСУ / ҮЗУ – жақын сыйластық, достық, кейбір жағ­дайда, тіпті туысқандық қаты­нас­тағы адамдардың арасындағы байланыстың ерекше себептермен мүлдем үзілгендігін білдіретін ұғым. Ат құйрығын кесісудің «ат кекілін кесу» деп аталатын үрдістен айырмашылығы – мұнда бір-бірін айыпқа жығу немесе құн даулау мақсаты қойылмайды. Өйткені ат құйрығын кесісуге себепкер факторлар көбінесе, моральдық-этикалық сипатта болып келеді. Қарсы тараптар ауылдың, кейбір жағдайда, бүкіл ру-қауымның игі жақсы­ларының алдында өзінің уәжін айтады. Яғни арадағы бітіспес дауға айналған реніштің нақты себептері айғақталынады. Бірақ ол себеп­тердің моральдық-этикалық салдары ауырлығын баса көрсетуге тырысады. Айыптаудың түпкі мәні – айыпталушының ата-баба жолының принциптері мен нормаларынан мүлдем ауытқығандығын дәлелдеу. Уәжі орынды адам өзін жәбірледі деп тапса, ол отбасымен басқа жаққа көшіп кетеді. Тіпті осындайда басқа руға кірме болып сіңіп кететін жағ­дай­лар да ұшырасты. Тараптардың бір-бірінен іргесін мүлдем аулаққа салу үрдісін ат құйрығын кесісу деп атайды. Осындай жайтқа байланысты ара ағайын ортаға араласып, қарсы жақтарды бітістіруге, татуластыруға тырысады. Деректерге қарағанда, ара ағайын­ның көп күш салуының нәти­же­сінде араздасқандардың басым көп­шілігі өзара тіл табысып, татуласып отырған.
АТ ҚҰЙРЫҒЫНА ТАҢУ (БАЙЛАУ) ТАҒУ – байырғы дәстүрлі құқық­­тық жазаның ең ауыр түрі, ауыр қыл­мыс жасаған айыпты деп танылған адамды ат құйрығына байлап өлтіру. Ертеректе мұндай жазаға дәстүрлі ортада қауымның (ру, әулет, ата) абыройына нұқсан келтірген, дәстүрлі қатынас нормаларына жат, өрескел әрекетке барған айыпкерлер кесілді. Мұндай жаза билер сотының шешімімен жүзеге асты. Яғни ат құйрығына байлап өлтіруге бұйырылған. Осы жазаға сәйкес қылмыскердің аяқ-қолы асау аттың құйрығына байланды. Жаза мейлінше ауыр болғанымен, ата-баба жолының ілкімді принциптері мен нормаларын сақтаудың әдеттік құқықтық тиімді тәсілдердің бірі болды.

«Жасыңнан  малды баға біл…»

Ал, ақ тілек, ақ тілек,
Атқа тоқым сал білек.
Атқа да жақсы шаба біл,
Жасыңнан малды баға біл.
Өнеге, өнер таба біл,
Аймағыңа жаға біл.
Атқа міндің, ақ жол болсын.
Асқар-асқар таудан өт,
Ағыны қатты судан өт.
Ит тұмсығы батпайтын,
Іргесі биік нудан өт.
Айдын-шалқар көлден өт,
Жеті ықылым елден өт.
Құс қанатын талдырған,
Қу мекен шөлден өт!
Жолсыз жерде жол баста,
Жаугерлік болса қол баста.
Сәйгүлігің сай болсын,
Тілегім осы әу баста
Әмин, Аллаһакбар!

Жортар аттың тоғы игi

Ат ерiндi келер, ер мұрынды келер.
***
Жалғыз шапқан ат жүйрiк.
***
Тұлпардың өз тұяғы өзiне дәрi.
***
Соқыр атқа, қотыр ат үйiр.
***
Тұлпардың iзi бiтпейдi, тұяғы кетпейдi.
***
Азынаған айғырдың үйiрiн көр.
Менменсiнген жiгiттiң үйiн көр.
***
Бие көп болса, құлын көп.
***
Жүйрiк тоқтығын бiлдiрмес,
Жомарт жоқтығын бiлдiрмес.
***
Жортар аттың тоғы игi.
***
Кәрi боз қартайғанда жорға шығарады.
***
Сырын бiлмеген аттың сыртынан жүрме.
***
Атың жақсы болса, бұл дүниенiң пырағы,
Қатының жақсы болса, бұл дүниенiң шырағы.
***
Арық атқа қамшы жау, жыртық үйге тамшы жау.
***
Жақсы ат алдынан сүрiнбей, артынан сүрiнедi.
***
Атыңды жүрiп тұрғанда қамшыла.
***
Жақсы айғырдың үйiрiн ат жақтайды.
***
Атпен ойнаған тайдың
арқасы кетер.
***
Тұлпардың оттауы бiр болса да, ­жусауы басқа.
***
Енесi тепкен құлынның етi ауырмас.
***
Көбең мiнiс көтермейдi, мәстек жүрiс көтермейдi.
***
Жақсы аттың тiсiн ашпа, жақсы кiсiнiң жасын сұрама.
***
Жаман да болса жылқы жасығы.
***
Айғырды неден салсаң, атты сонан мiнерсiң.
***
Жылқылы елде жау көп, жатақ елде дау көп.
***
Жылқы малдың патшасы, түйе малдың қасқасы.

Сіз білесіз бе?

ЫРЫМДАР МЕН  ТЫЙЫМДАР

– Ат үстінде үзеңгіге шіреніп отыруға болмайды, ат аяқ асты үріксе жығылуы мүмкін;
– Үзеңгіге аяқты өткізуге болмайды, жығылса атқа сүйретіліп кетуі
мүмкін;
– Атты үйдің белдеуінен немесе есіктің тұтқасынан байламайды, себебі үркіп кетсе үйді қиратуы мүмкін;
– Байлаулы тұрған ат құйрығын көтеріп түсірсе, алыс жолға шығудың белгісі деп саналған;
– Байлаулы аттар бір-бірімен қасысып тұрса, сапардың сәтті болғаны;
– Жылқыны бөгде біреуге сатқанда, ноқта, шылбырын, жүгенімен беруге тыйым салады және де оны өзі алып қалады, себебі ырыздық бірге кетеді деп сенеді;
– Аттың басынан сабамайды, аттың сұсы мен күші басында болады;
– Асқа сойылған аттың басын биік жартасқа қояды


"Ана тілі" газеті.

Пікірлер