Бүгін "Nur Otan" партиясы жанындағы "Jas Otan" жастар қанатының бастамасымен Ақтөбе облысынан Маңғыстау өңіріне 1000 бума шөп жіберілді деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталының тілшісі.
"Jas Otan" жастар қанаты қуаңшылықтың салдарынан төрт түлігіне азық таппай қысылған Маңғыстау өңіріне республика көлемінде көмек көрсету мақсатында ізгілікті істі жуырда қолға алған болатын. Осы бастамаға жастар қанатының әр өңірдегі филиалдары жұмылып, жас депутаттар корпусы мен көмекке қол созуға ниетті қайырымды азаматтар қолдау білдірді. Сонымен қатар бұл іске «Biz birgemiz» еріктілер қозғалысының мүшелері де жұмылдырылды.
Маңғыстау облысына мал азығы Ақтөбе өңірі арқылы жіберілетін болғандықтан, бұл ізгілікті істі ұйымдастыру және үйлестіру жұмыстары "Jas Otan" жастар қанаты Ақтөбе облыстық филиалына жүктелді. Күні кеше игілікті іс мәресіне жетті.
Ақтөбелік жастар Темір ауданының орталығы Шұбарқұдық ауылының маңындағы шабындық алқабынан мал азығын тиеп, жүк көлігін Маңғыстау өңіріне жөнелтті. Қашан да игілікті істердің басында жүретін жастар қанаты осылайша тағы бір бастаманы жүзеге асырды.
— Бұл бастама — біздің ғана емес, барша жасотандықтардың идеясы. Осындай қиын кезеңде көршілес облыстарға қолдау көрсету біздің қамқорлығымыз мен азаматтығымызды білдіреді. Алдағы уақытта да мұндай игі істер жалғасын табады, — дейді "Jas Otan" жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Әнуар Искарин.
"Адырна" ұлттық порталы.