Қарағанды облысының соты бірнеше ай бойы 13 жасар қызды зорлаған ауыл мешітінің қызметкеріне қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.
Іс Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Ер адам Қылмыстық кодекстің 120-бабының төртінші бөлігі "жас баланы зорлау" бойынша сотқа тартылды.
Баланы зорлау 2020 жылдың 3 қаңтарында басталған. Сол күні ауыл молдасы қыздың отбасына үй шаруашылығына көмектескен. Бір сәтте ол ересектердің үйде болмағанын пайдаланып, қызды зорлаған.
Содан кейін ауыл молдасы қызды тағы үш рет зорлаған: сол жылдың ақпан, наурыз және маусым айында. Қыз одан жүкті болды.
Сотталушының кінәсі жәбірленушінің, оның заңды өкілдерінің, куәгерлердің айғағымен, сараптама нәтижесі және іске қатысты басқа да материалдармен дәлелденді. Прокурор соттан молданы 20 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады, қыздың заңды өкілдері де сондай жаза талап етті.
Нәтижесінде сот ер адамды 20 жылға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейді. Сотталушы өмір бойы педагогикалық қызметпен айналысу және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеу құқығынан айырылды.
Сот үкім шығарған кезде сотталушының бала кезінен үшінші топтағы мүгедек екенін, бұрын сотталмағанын, сондай-ақ өз кінәсін ішінара мойындағанын ескерді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
"Адырна" ұлттық порталы