Татулық пен тұрақтылық кепілі

1780
Adyrna.kz Telegram

Биыл елімізде қоғамдық тұрақтылық пен ұлтаралық келісімді нығайту мақсатында құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясына 26 жыл толды. Бүгінде ел тұрақтылығының ұйытқысына айналған бұл институт — Елбасының ұтқыр идеясы, бірлік пен келісімнің  бірегей моделі. Биыл сәуірде Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірліктің, бейбітшілік пен келісімнің 30 жылы» атты кезекті 29-сессиясы өтіп, онда ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік біздің қоғамымыздың басты құндылығы екенін атап көрсетті. Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздің дамуына ауқымды үлес қосты.

18 бірлестіктің бағыты

Бүгінгі күні Ақтөбе облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясында 90-нан астам ұлт өкілдері бар. Сондай-ақ 18 этномәдени бірлестік жұмыс жасайды. Қазіргі таңда ұлттық-мәдени бірлестіктер қоғамдағы сан қырлы мәселелерге үн қатып, өңірде бейбітшілік пен татулықтың орнауына үлес қосып келеді.

БАҚ және ҚХА жанындағы кеңестер қызметін іске асыру бөлімінің сарапшы маманы Бекзат Мулдыкешеваның айтуынша, биылғы жылы ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Ақтөбе облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жұмыс жоспарын бекітіп, соның аясында қарқынды жұмыс жасауда.

— Биыл Ақтөбе облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Бірлік» ақсақалдар кеңесінің қатысуымен «Тәуелсіздік тірегі - бірлік» атты қоғамдық-мәдени іс-шарасын, аналар кеңесі мен «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйымдастыруымен «Тәуелсіз елдің ару аналары» атты кездесу өткізді. Тұғырлы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы аясында өткен бұл шаралардың негізгі мақсаты – өскелең ұрпақ бойына қазақстандық патриотизімді қалыптастыру, ұлттық дәстүрлер мен отбасылық құндылықтарды нығайту, этносаралық келісім мен ұрпақтар сабақтастығын дамыту. Сондай-ақ биыл Алғыс айту күнінде тағдыр тәлкегімен қазақ жеріне қоныс аударған түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінің қонақжай қазақ халқына деген құрметі мен терең тағзымын жеткізген шара ұйымдастырылды. Бұл шараның маңыздылығы сонда, биыл аймақ басшысы этномәдени бірлестіктер төрағалары атынан «Қоғамдық келісім» мекемесінің үздк қызметкеріне, әртүрлі ұлттың 18 баласын асырап алған, оларға қазақ тілін үйретіп, мәдениеті мен ұлттық өнеріне баулып жүрген отбасыға, сондай-ақ облыстағы көпбалалы аналарға қаржылай сертификаттар табыстап, қолдау көрсетті. Бұл да біздің егемендігіміздің арқасы деп білеміз, — дейді ол.

Ең қызығы, биыл Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Қазақстан кәрістер Қауымдастығының 30 жылдығына орай ҚХА ғимаратында белгілі әнші, солист Ангелина Югай онлайн режимде жеке концертін өткізді. Талантты әнші қазақ, орыс, корей, итальян тілдерінде жан-жақты бағдарлама ұсынды. Алматыдағы Корей академиялық театры солистінің тамаша қойылымы жерлесіміздің керемет сыйы болды.

Ал маусым айында Ақтөбе облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясында «Ресей мен Қазақстанның көпұлтты шекарасындағы шетелдік шығармашылықты әдістемелік қамтамасыз ету және дамыту мәселелері» атты халықаралық семинар өтті. Шараға Орынбор МУ-нің Оңтүстік Орал тарихы мен этнографиясының ғылыми-зерттеу институты, Орынбор облысы халықтарының Ассамблеясы, «Славяне» Ақтөбе аймақты орталығы «Купава» фолк-модерн тобының көркемдік жетекшісі В.Сурай, топ әншісі Ж.Байқадамова, «Сударушки» вокалдық тобының солисі Н.Штемпель қатысты. Қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту және дамытуға бағытталған шарада екі жақтың өкілдері қоғамдық келісім мен жалпыазаматтық бірліктің қазақстандық моделінің прогрессивті дамуы туралы пікір алмасты.

«Шатлық» Елбасы саясатын қолдайды

Бүгінде Ақтөбе облысында 9095 татар, 809 башқұрт ұлтының өкілі тұрады. Ал «Шатлық» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің құрамында 250-ге жуық мүше бар. 2019 жылы «Шатлық» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің құрылғанына 25 жыл толды. Бұл бірлестік — облыстағы этномәдени бірлестіктердің арасындағы ең белсенділерінің бірі.

— Осынау ширек ғасырда қол жеткізген жетістіктерімізге көз жіберсек, соның барлығы Елбасымыздың көреген саясатының арқасы деп білемін. Осыдан 25 жыл бұрын әлемде тұңғыш рет Елбасының бастамасымен Ассамблея секілді орган құрылды. Соның нәтижесінде біз тату-тәтті өмір сүріп келеміз. Қазір бар әлем қызығушылық танытып, Ассамблея құрудағы «Назарбаев моделін» университеттер деңгейінде оқып жатыр. Қазақстанның сыртқы саясаты орнықты болу үшін әуелі ішкі тұрақтылық бекем болуы керек. Бәріміз алдағы уақытта қол ұстасып, Елбасы салған сара жолмен алға ұмтылсақ, алынбайтын қамал жоқ. Мен үшін Ассамблеяның, оны қалыптастырудағы Тұңғыш Президенттің рөлі, міне, осында! Жыл сайын елордамызда Елбасының қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясы өтеді. Аталған жиынға біз, өзге ұлт өкілдері, өңірден делегат ретінде қатысып, өз ұсыныс-тілектерімізді ортаға саламыз. Биыл да сәуір айында өткен дәстүрлі жиынға қатыстық. Ал шілде айының басында облыс әкімінің қатысуымен Ақтөбе облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIV сессиясы өтті. Онда Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық филиалы қызметінің тиімділігін одан әрі арттыру шараларын қабылдау қажеттігі айтылды, — дейді «Шатлық» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрайымы Эльвира Хабибуллина.

Айта кету керек, жуырда өткен  Ақтөбе облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIV сессиясында Қазақстан халқы Ассамблеясының 29-сессиясында қойылған барлық тапсырмаларды орындау,  этносаралық салада ақпараттық-профилактикалық жұмыстарды күшейту, филиал құрылымдарының жұмысын жандандыру мәселелері қаралды. Осы орайда биыл облыстық филиал ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнап тың жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Өкінішке қарай, елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты бұл бағыттағы іс-шаралар тек онлайн форматта өтуде және бірқатары кейінге шегерілген.

Данагүл БАЙМҰҚАШ,

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер