Ақтөбе облысында әскерге шақыру пункті салынып жатыр

2942
Adyrna.kz Telegram

Ақтөбе облысының Хромтау қаласында қорғаныс істері жөніндегі департаментінің жанынан заманауи талаптарға сай салынып жатқан әскерге шақыру пунктінің ғимараты аяқталуға жақын. Бұл – ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай салынып жатқан еліміздегі қорғаныс саласындағы ірі жобалардың бірі.

Аталған ғимарат биыл тамыз айының аяғында, яғни Қазақстан Республикасы Конституциясы күніне орай ашылмақ.

Ақтөбе облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы подполковник Әділет Отарбаевтың айтуынша, Хромтау қаласында салынып отырған әскерге шақыру пункті — соңғы үлгідегі талаптарға сай салынып отырған ғимараттардың алғашқысы. Келесі кезекте жоспарда Шалқар аудандық қорғаны істері жөніндегі департаментінің жаңа ғимараты бар. Бұл құрылыстың да жобалық-сметалық құжаттары дайын тұр.

Ғимаратта әскерге шақырылушыларды медициналық тексерістен өткізуге арналған арнайы дәрігерлік комиссия жұмысы үшін барлық жағдайлар қарастырылған. Сонымен қатар, оның ішінде әскери-патриоттық бөлмесі де болады. Мұнда өңірде әскери борышын атқарған азаматтарымыз туралы, қай әскер түрлері мен тектерінде қызмет атқарғаны, олардың әскердегі жетістіктері туралы да мағлұматтар сақталады, ақпараттар берілетін болады.

 

— Әскери-патриоттық, үгіт-насихат жұмыстардың белсенді жүргізілуі әскерге шақырылушы азаматтардың өз Отанын қорғауға деген жауапкершілігіне әсер ететін маңызды факторлардың бірі. Сондықтан арнайы осындай ақпараттық бөлме арнауды жөн көрдік, дейді Ақтөбе облысы Хромтау ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы подполковник Руслан Балтеміров.

Оның айтуынша, Хромтау ауданынан жыл сайын 150-ге жуық азамат әскери міндетін атқаруға аттанады. Ақтөбе облысының Хромтау қаласы өндіріс орны орналасқан болашағы мол қала екенін ескерсек, келешекте бұл көрсеткіш бұдан да артатыны анық.

Айта кету керек, бүгінде Қарулы Күштерді келісім шартты әскери қызметке шақырылушылармен қамтамасыз ету, Қарулы Күштердің резервін құру жұмылдыру жұмыстары да осы қорғаныс істері департаменттері арқылы жыл бойы үздіксіз жүргізіліп отырады. Сондықтан әскерге шақыру пуктінің жаңа ғимаратының салынуы күн тәртібіндегі кезек күттірмес маңызды мәселе болып табылады.

Биылғы жылы әскерге шақырылушылар қатарына Ақтөбе қаласынан және облыс аудандарынан 3 мыңнан астам азамат тіркелген. Әскерге шақыру науқаны көктем және күз мезгілдерінде өткізілетіні белгілі. Жыл сайын облыстан 2 мыңға жуық сарбаз Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, шекара қызметіне және Ұлттық ұланға әскери борышын өтеуге аттанады. Келісімшарт бойынша елімізде 30 жасқа дейін әскери қызметке, 32 жасқа дейін офицерлік немесе аға сержант лауазымдарына тағайындалуға мүмкіндік берілген.

 

                                                                 "Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер