Ауыл әкімдерін сайлау – халық қалауы - Алтай Тайжанов

2888
Adyrna.kz Telegram
Фото: avestnik.kz
Фото: avestnik.kz

Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті қоғамдық-гуманитарлық тәртіп кафедрасының меңгерушісі, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Алтай Тайжанов ауыл әкімін сайлау, жаңа реформа жөнінде өз пікірін білдірді, деп  ҚазАқпарат-қа сілтеме жасай отырып "Адырна" ұлттық порталы хабарлайды.

Философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжанов ауыл әкімін сайлау ауыл өміріне өзгеріс әкеледі деп есептейді.

«Бұл халықтың үні, тілегі, тіпті талабы деп айтсақ болады. Әкімдер Президенттің жергілікті жердегі өкілі екені белгілі. «Төменнен бастап жоғары қарай қарайық. Әйтпесе қиындық, қателік болар» деген оймен аудан емес, ауыл әкімдерінен бастап сайлау қолға алынды. Әрі қарай жоғарылай беруі мүмкін. Жеке пікірім, жалпы әкімді халықтың сайлап қоюы дұрыс. Себебі біреуді біреу тағайындап қоятын болса, ол сол адамға тәуелді. Халық сайлап қоятын болса, ол халықтың атынан сөйлей алады. Халыққа ешкім тәуелді емес, халыққа қызмет етесің. Мән-маңызы осында. Әсіресе ел арасындағы түрлі пікір, ойдың еркін айтылуы, әлеуметтік желідегі жазба, билік пен халық арасындағы алшақтық білінген кезде мұның мәні зор деп есептеймін. Бұл халықтың оянуы. Әкімді халық сайласа, халық арасында жүретін болса, ол оянған, оянғысы келіп жүрген халыққа қызмет жасай алады»,- деді ол.

Ауыл әкіміне үміткерлер өз бағдарламаларына әлеуметтік мәселелердің шешімін ұсынды. Алтай Тайжановтың айтуынша, мұны жеткізу, іске асыру кез келгеннің қолынан келмейді.

«Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады. Ауыл, тіпті аудан әкімі өзі жол сала алмайды. Ол үшін бюджеттен қаржы қарастырылуы керек. Ал қаржы бөлу үшін сол мекеннің ақсап тұрған тұсын, нақты түсіндіріп, айту керек. Облыс әкімі қолдап, мәслихатта бекітілуі тиіс. Ауылдан сайланған, халық таңдаған адам іс қылам десе жоғары отырғандар қолдайды деп есептеймін. Ал оны тағайындайтын болса, «орныңа басқа адамды қоямын, үндемей отыр» деп айтуы мүмкін. Халық сайлаған адамның артында халық бар. Жалтақтамай, өз білімі мен білігін осы салада пайдалана алады»,- деді Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті қоғамдық-гуманитарлық тәртіп кафедрасының меңгерушісі, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Алтай Тайжанов.

Оның сөзінше, сайлаудың әділетті өтуін қамтамасыз ету қажет. Дұрыс, іскер азамат ауылды өрге сүйрейді. Дұрыс таңдау ауыл тұрғындарының саналылығын, біліктілігі мен парасаттылығын көрсетеді.

«Біреудің жоғалған тайлағын біреу өлең айтып жүріп іздейді деген бар. Менің ойымша әкім сол ауылдан шыққан адам болуы керек. Бәлкім ол қалада тұрып, ауылға әкім болған соң көшіп, үлкен іс тындыруы мүмкін. Мұндай адамдарды құптаймын. Ал ауыл әкімі қызметін трамплин ретінде қолданып, жоғары қызметтерге көрсетуді көздесе, бұрыс. Қаладан ауылға барса, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының орындалғаны. Көрген, білгенін, үйренгенін ауылдастарына арнаса, одан артығы жоқ болар еді»,- деді Алтай Тайжанов.

Ақпарат inform.kz сайтынан алынды

Пікірлер