2 миллион теңге: Атырауда қыз жігіттен ақша бопсалаған

4440
Adyrna.kz Telegram

Атыраулық 21 жастағы қыз 18 жастағы жігіттен ақша бопсалап, бермейтін бола, зорлады деп полицияға арыз жазатынын айтқан, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Ақша бопсалау жағдайы бірнеше рет болған. Қыз алғашқыда 2 миллион теңге алса, кейін 1,5 миллион теңге сұраған. Ал жігіт болған оқиғаны полицияға хабарлап, көмек сұрады.

Ол осы уақытқа дейін қыздың өзін бопсалап келгенін, зорлады деп айыптаймын деп қорқытқанын айтты. Алайда жігіттің айтуынша, жыныстық қатынас екіжақты келісіммен болған. Олар, тіпті, бір жерде жұмыс істепті. Жігіттің қызды жақсы танитыны мен ата-анасымен де танысқанын айтып отыр.

Атырау облысының экстремизммен күрес басқармасы күдіктіні 500 мың теңге алып жатқан жерінен ұстады. Ал тергеу кезінде қыздың декструктивті діни сектаның мүшесі болғаны анықталған.

Күдіктіге қатысты Қылмыстық кодекстің 194-бабы 1-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. 4 мың АЕК-ке дейiн айыппұл не төрт жылға дейiн бас бостандығын шектеу, немесе сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы бар.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер