Қазақстандықтардың жеке мәліметі желіде жарияланып кетті

4180
Adyrna.kz Telegram

30 мыңнан астам қазақстандық Telegram қолданушының деректері желіде тарады, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы nege.kz сайтына сілтеме жасап.

Алаяқтар қазақстандық қолданушылардың жеке деректерін банк карталарын бұзу мақсатында қоңырау шалу немесе хабарлама жолдау үшін пайдалануы мүмкін. Бұл туралы KZ-CERT компьютердегі оқиғаларға жауап қайтару қызметі айтты.

Орталық қызметкерлері интернеттің қазақстандық сегментіне ақпараттық қауіпсіздік бойынша мониторинг жүргізіп, мессенджер арнасының бірінен Telegram желісін пайдаланушылардың жеке деректері туралы 744 мың жазба топталған файлды анықтады.

«Анализ нәтижесінде ол файлдың ішінде қолданушының ID адресі, аты-жөні, телефон нөмірі және "өзі жайлы" графасындағы мәліметтер бар екені белгілі болды. Соның ішінде 30 мыңнан астам аккаунтта қазақстандық нөмірлер тіркелген», - деп жазылған хабарламада.

Telegram-арнасының авторы анықталған файлды «Глаз Бога» платформасындағы клиенттердің базасы деп түсініктеме берген. Бұл әлеуметтік желі, мессенджер, іздеу жүйелері мен басқа да ақпарат көздерінен алынған деректер негізінде жинақталған қолданушылар туралы жеке мәліметтерді алуға мүмкіндік беретін ТМД-дағы ірі сервис (қолданушы саны 1 миллионнан асады).

Сарапшылардың пікірінше, мұндай жеке деректердің таралуы әлеуметтік желідегі алаяқтардың ол мәліметтерді жеке бас пайдасына, яғни дербес немесе банк деректерін алу мақсатында қоңырау шалу немесе хабарлама жолдау үшін қолдануы мүмкін.

Еске салсақ, жеке өмірге қолсұғушылық фактісіне байланысты Ресейде «Глаз Бога» Telegram-ботының жұмысы заңсыз деп танылған.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер