Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі USAID қаржыландырған жобалардың «мәлімделген мақсаттарға сәйкестігін» тексеру үшін жұмыс тобын құрды. Бұл туралы вице-премьер Серік Жұманғарин депутаттардың сауалына жауап беру барысында мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
AMANAT партиясының мүшелері вице-премьерге осы мәселе бойынша сауал жолдаған. Жауап ретінде Жұманғарин ұйымның қызметін «жан-жақты талдау» жүргізілетінін айтты.
«Атап айтқанда, USAID-тың елдік стратегиялары зерттеледі, сондай-ақ USAID-тың басқа ұйымдармен, оның ішінде үкіметтік және үкіметтік емес құрылымдармен байланысы қарастырылады. Бұл байланыстардың агенттік мақсаттарына ықтимал әсерін бағалау маңызды. Сонымен қатар қаржылық ағындарды талдау қажет, осылайша қаражатты пайдалану кезіндегі сәйкессіздіктер, мүдделер қайшылығы және ықтимал жасырын схемалар анықталады», – деді вице-премьер.
Депутаттардың «кәмелетке толмағандарды бөтен идеологиядан қорғау туралы заң жобасын әзірлеу» ұсынысына қатысты Жұманғарин әділет министрлігі бұл мәселені мемлекеттік органдармен талқылауға жібергенін мәлімдеді.
Вице-министрдің айтуынша, 2024 жылы USAID-пен екіжақты келісімдер аясында 28 ұзақмерзімді бағдарлама жүзеге асырылған. Жалпы, 2023–2024 жылдары АҚШ-тың халықаралық даму жөніндегі агенттігі Қазақстандағы бағдарламаларға 26,5 млн доллар бөлген. Бұл қаражат экономика, энергетика, денсаулық сақтау, азаматтық қоғам, медиа және басқа да салаларға бағытталған.
USAID Қазақстандағы кедендік инфрақұрылымды жаңғырту жобаларына қатысқан. Орталық Азиядағы сауда бағдарламасы аясында Мемлекеттік кірістер комитетіне жалпы құны 385,8 млн теңге (774 мың доллар) болатын 12 серверлік жабдық бірлігі берілген. Сондай-ақ «Үзіліссіз транзит» және өңір елдері арасында алдын ала ақпарат алмасу жобалары жүзеге асырылған.
Айта кетейік, 20 қаңтарда Ақ үйге қайта оралған Дональд Трамп басқа мемлекеттерге бөлінетін АҚШ көмегін 90 күнге тоқтатты. Бұл жарлық ең алдымен USAID қызметіне әсер етті. АҚШ президентінің әкімшілігі агенттікті «ысырапшылдық пен заңбұзушылыққа жол берді» деп айыптаған.