Дональд Трамп АҚШ-тың 47 президенті ретінде қызметіне кірісті. Ескі де жаңа президенттің Орталық Азия саясаты қандай болмақ және Ресейдің Украинадағы соғысын тоқтата ала ма? Сарапшылар пайымы.
«АҚШ ОРТАЛЫҚ АЗИЯМЕН ҚАТЫНАСҚА МҮДДЕЛІ»
Дипломат Қазыбек Бейсебаев Трамптың билікке келуі Орталық Азияға тиімді екенін айтады. Сондай-ақ ол Трамп Ресей мен Украина арасындағыс соғысты бейбіт шешуі мүмкін деп болжайды.
- АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Орталық Азиямен қарым-қатынасты жақсарту керек деп айтты. Нақтырақ айтсам, Қазақстан мен Американың тұрақты сауда байланысына кедергі болып тұрған «Джексон-Вэник түзетуін» алып тастау керек екенін мәлімдеді. Совет үкіметі кезінде енген «Джексон-Вэник түзетуі» 1974 жылдан бері еркін сауда-саттыққа кедергі болып келген еді. Бір сөзбен айтқанда АҚШ Орталық Азиямен қарым-қатынасты нығайтуға мүдделі болып отыр. Бұл – бір. Екінші мәселе Трамп Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтатамыз деп отыр. Тіпті Трамп Украина мәселесін шешу үшін Путинмен кездесуге әзір. АҚШ пен Ресейдің қарым-қатынасы керемет болып кетпесе де оң өзгерістер басталып жатыр. Қос елдің өзара тіл табысып, келісімге келгені бізге өте жақсы. Біздің Ресеймен де, Америкамен де қарым-қатынасымыз жақсы. Әйтсе де біз Ресеймен Еуразия экономикалық одаққа мүше мемлекет болғаннан кейін соғыстан қиналып қалдық. Екі алып мемлекет тату болса бізге жақсы болады, - дейді ол.
«РЕСЕЙДІҢ «ЖЕҢІСІ» ОРТАЛЫҚ АЗИЯҒА ҚЫМБАТҚА ТҮСЕДІ»
Осы ретте «Трамп Ресейдің мүддесіне Украинаның жерін тартып әперсе, онда Путиннің Орталық Азияға деген агрессиясы күшейіп кетпей ме?» деген сұрақ туындайды. Сарапшы Ресей өзі басып алған жерлерді Украинаға бермейтінін айтады.
- Келісім Ресейдің мүддесіне шешілетін болса, Кремль күшейе түседі. Бұл, әрине, Орталық Азияға өз салқынын тигізеді. Ресейдің «жеңісі» Орталық Азияға қымбатқа түседі. Бірақ та Трамп өз мәлімдемелерінде халықаралық мәселелерді көтерген жоқ. Әрі кетсе Мексика, Панама аралдарының мәселесін көтерді. Бұл нені көрсетеді? Трамптың ең бірінші мақсаты Американың ішіндегі күрмеуі қиын мәселелерді шешу болып отыр. Ол сайлау кезінде «билікке келсем, халықаралық көмекті тоқтатамын» деп мәлімдеген. Трамп бизнесмен болғандықтан ол үшін Украина мәселесі бірінші орында тұрған жоқ. Тіпті халықаралық мәселені шешу Трамптың ойында да жоқ, - дейді Қазыбек Бейсебаев..
«АҚШ ҚАЗАҚСТАННАН ТҰСАУДЫ АЛЫП ТАСТАУЫ МҮМКІН»
Халықаралық сарапшы Жанат Момынқұлов Трамптың Орталық Азияға оң көзқараспен қарайтынын айтады.
- Негізі республикалық партияның билікке келуі Ақордаға тиімді деген сөз бар. Трамп әлемдік саясатқа үлкен өзгеріс алып келеді. Себебі ол «Менің кезімде соғыс болмайды» деп отыр. Кеше ғана Таяу Шығыстағы «Хамас» пен Израильдың арасында келісім болды. Бұл жерде Трамптың да үлесі бар. Сонымен қатар ол «Бұдан да басқа сюрприздер болады» деп отыр. АҚШ президенті Украинаға байланысты үлкен оптимизм көрсетті. Бірақ шынайы жағдайға келген кезде президенттің уәдесі әп-сәтті орындалмайтынын көріп отырмыз. Енді ол оны біраз уақыт созып барып шешуі мүмкін. Белгілі бір уақыттың ішінде мәселені жұмсартып, келіссөздерге алып келуі мүмкін, - дейді сарапшы.
Айтуына қарағанда, Америка Орталық Азияда негізінен қауіпсіздік пен экономикаға ерекше көңіл бөлетін болады. Трамп алдағы жылдары, бәлкім осы жылы «Джексон-Вэник» заңын өзгертуі мүмкін. Аталған заң бойынша Кеңес үкіметінен шыққан еврейлердің Америкаға баруына тыйым салынған.
- Бұл заң Қазақ елінен бастап, Өзбекстан, Әзербайжан секілді елдерге кедергі болып келді. Біздің Америкамен толыққанды сауда байланыстарымызды дамытуға кедергі болды. АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Орталық Азияның маңызын айта келіп, Қазақстаннан осы тұсауды алып тастауды сұрап отыр, - дейді ол.
«ТРАМПТЫҢ БИЛІККЕ КЕЛУІ РЕСЕЙГЕ ОҢ ӘСЕР ЕТУІ МҮМКІН»
Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Ерболат Саурықов Ресей мен Украина арасындағы соғыстың аяқталғаны өте маңызды екенін айтады.
- Трамп билікке келсе сала Байденнің кезінде қабылдаған шешімдердің күшін жойып, нормативтік құжаттарға қол қойып жатыр. Соның ішінде ең басты құжат – 90 күнге дейін Америка тарапынан шетелге қаржы беруге мораторий жариялау болып отыр. АҚШ президенті неліктен мұндай мораторий енгізгенін «Біз қай елге қандай көмек беріп жатырмыз? Оның Америка үшін қаншалықты саяси және экономикалық маңызы бар екенін анықтап алғанша көмек көрсету үш айға дейін тоқтатылады» деп түсіндірді.
Егер АҚШ Украинаға беріп отырған қаржылық немесе гуманитарлық көмегін үш айға тоқтататын болса, онда Ресей мен Украина арасындағы соғыста өзгерістер болатыны анық болып тұр. Бұл дегеніміз – Ресейдің экономикасына тікелей қатысты дүние. Ресейге салынған санкциялардың салқыны бізге де тиіп отыр. Сондықтан Трамптың бұл ойы үлкен держава саналатын Ресей және онымен ең жақын Орталық Азия мемлекеттеріне әсер ететін сияқты. Яғни Трамптың билікке келуі Ресей экономикасына оң әсер етуі мүмкін. АҚШ президентінің «Путинмен тез арада жолығуым керек» дегені де көп жайды аңғартады, - дейді ол.
«ӘЛЕМ ҮШІН СОҒЫСТЫҢ АЯҚТАЛҒАНЫ МАҢЫЗДЫ»
Сондай-ақ Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов Украина президенті Владимир Зеленскийдің де соғысты тоқтатуға мүдделі екенін айтты.
- Егер осы мәлімдемелерге сенетін болсақ, бұл соғыстың да тоқтайтын ауылы алыс емес сияқты. Егер қос мемлекеттің арасында соғыс аяқталатын болса, онда ол Орталық Азия мемлекеттерінің экономикасын дамытуға ықпал етеді. Яғни, санкциялар алынып, Америка мен Еуропа елдерімен экономикалық қарым-қатынас нығаятын болса, оң прогресс басталады, - дейді депутат.
Айтуынша, Трамптың айтқанынан ешқандай нәтиже болмай, геосаяси жағдай одан әрі шиеленісе беретін болса, онда Орталық Азия мемлекеттерінің де экономикасында айтарлықтай өзгеріс бола қоймайды.
- Орталық Азияны былай қойғанда әлем үшін бұл соғыстың аяқталғаны маңызды болып отыр, - дейді депутат Саурықов.
«ТРАМП АСТАНАҒА КЕЛУІ МҮМКІН»
Жанат Момынқұловтың айтуынша, әлемнің алпауыт мемлекеттерінің Орталық Азияға назары ауып отыр.
- Орталық Азия С+5 форматында Америка, Қытай, Франция және Германия мемлекеттерінің басшыларымен кездесу өтті. Бір сөзбен айтқанда Орталық Азия әлемдік сахнада бірте-бірте маңызды болып келе жатыр. Себебі біздің жер үсті, жер асты байлағымыз бар, - дейді сарапшы.
Америка басшылары әзірге Орталық Азияға келген емес.
- 2023 жылы Байден Орталық Азия басшыларының басын бірінші рет қосып, АҚШ-та кездесу өткізді. Аталған саммитте ол Орталық Азия мемлекеттерінің біріне баратынын айтып еді. Менің ойымша, Трамп экс-президенттің бастамасын жалғастырып Орталық Азия елдерінің біріне келуі мүмкін. Себебі Қытай мен Ресейдің ортасында жатқан аймақтың маңызы артып келе жатыр. Оңтүстігімізде Үндістан мен Иран секілді ислам мемлекеті бар. Сол себепті Трамп Орталық Азияға келетін болса, ол кездесу Астанада өтуі мүмкін. Жер көлемі үлкен әрі Ресей мен Қытайдың ортасында орналасқаннан кейін Трамптың таңдауы Астанаға түсуі әбден мүмкін, - дейді ол.