Тіл тазалығына мән берейік

5481
Adyrna.kz Telegram

Тіліміздің аясын кеңейтіп, оны әрі қарай дамытудың басты шарттарының бірі – тіл тазалығын сақтау. Тіл тазалығын сақтау сауатты жазумен, әуезді сөйлеумен, тіл заңдылықтарына қарама-қайшы келмейтін мәселелерді ескеруді білдірсе керек. Өз басым ана тілінің жанашыры ретінде осындай сауалдарға көптен бері назар аударып, азды-көпті зерттеп келемін. Сонда байқағаным, біз көбіне-көп тіл тазалығына мән бере бермейді екенбіз. Біз деп отырғаным, әрине, барлығы емес. Тілге жауапсыз қарайтын, тіл әуезділігін, дыбыс үндестігін сақтамайтындарды айтып отырғаным ғой. 

Еліміз өз Тәуелсіздігін жариялағаннан кейін ана тілімізге ерекше мән бере бастағанымыз белгілі. Кеңес Одағы тұсында қаншама мың қаракөздеріміз өз тілдерін ұмыта бастады. Бұл қазақтың саф алтындай таза тілінің сапасына да айтарлықтай әсер етті. Өйткені қос тілдік кеңістік қалыптасты. Тілдердің бір-біріне «ықпалы» да күшейді. Нәтижесінде тіліміз шұбарланды. Өзге тілдердің сөздерін араластырып сөйлеу жиіледі. Мұның барлығы, әрине, тіл тазалығы дейтін мәселені күн тәртібінен түсірген жоқ. Бәлкім, осындайдың әсерінен бе, «шала қазақ» деген ұғым пайда болды. Өз тілін дұрыс білмейтін, бірақ азды-көпті сөздерді айта алатын, орысша араластырып сөйлейтін қазақтарды «шала қазақ» деп атайтын болдық. Сайып келгенде, мұның барлығы тіл тазалығына бейжай қараудан басталса керек-ті. Өйткені кез келген ұлт өкілінің өз тіліне деген құрметі таза сөйлеумен, өз тілін жақсы білуімен өлшенері хақ.
Қайбір жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлытау төрінде берген сұхбатында тіл мәселесі туралы жақсы айтты. Сонда: «Тілдің майын тамызып сөйлеп, басқа жұртқа үлгі көрсетуіміз керек» деген ойын ашық білдірді. Шын мәнінде, тілдің майын тамыза сөйлеп, өзге жұрттарды қызықтыра білсек, кім қазақ тілін үйренуге құштар болмайды? Мәселенің барлығы айналып келгенде өзімізден болып отыр. Арамызда өз тілін жетік білмейтін, ойын анық жеткізе алмайтын, тілдері шұбарланып кеткен бауырларымыз қаншама. Ендігі біздің мақсат – тіл тазалығына ерекше мән беріп, осы бағытта нақты шараларды жүзеге асыру. Сол жолда тізе қосып, жұмыла жұмыс істеу. Бір-бірімізге тіл тазалығы жайында айтып, пікір қосып отырсақ қандай ғанибет болар еді. Шешендіктің биік шыңына жеткен халықтардың бірі де бірегейі – қазақ халқы екенін тарихтан жақсы білеміз. Орақ тілді би-шешендердің айтып қалдырған небір көсем сөздері бүгінгі ұрпаққа мұра ретінде сақталды. Бірақ бұл ертеңгі заманға жетпей, тарихта қалып қоятын құбылыс болмауға тиіс. Шешендік өнер қазіргі ғасырда да, келесі ғасырларда да өріс алып, дамып отыруы қажет. Ал ол үшін не керек? Тіліміздің әуезділігін сақтап, табиғатын бұзып алмай, дұрыс, мәдениеттті сөйлеу дағдысын қалыптастыруымыз керек. Балабақшадан, мектептен бастап, тіпті жоғары оқу орындарында білім алып жүрген студенттердің арасында да тіл тазалығына мән беру мәселесін қаперге салып, назарда ұстап жүрсек, қанеки. Заманында орыстың атақты ақын-жазушылары осы тіл тазалығына қатты мән берді. Толстой, Тургенев, Достоевский, Горький және т.б. тілбұзарларды қатты сынға алды. Қазақ зиялылары да бұл мәселені айналып өтпеді. Өйткені мәселенің бұлайша қойылмауына басқадай себеп жоқ еді. Тілді сақтау арқылы ұлттың сақталатынын зиялы қауым өкілдері анық біліп, түсінді. Бұл орайда Мұхтар Әуезов «Әдепті, тәрбиелі, мәдениетті адам, ол – өзінің ана тілінде дұрыс сөйлейі білетін адам» деп тегін айтпаса керек. Ғабит Мүсіреповтің: «Өзінің ана тілін өгей ұлдары ғана менсінбейді, өгей ұлдары ғана аяққа таптайды» деген ұлағатты сөзі бар. Ал Бауыржан Момышұлы айтқандай, ана тілі ұлттың бүгінгі ғана тағдыры емес, ертеңгі де тағдыры демекші, мұндай мәселелерге жете мән беретін кез келді.
Енді өзім зерттеп, байқап жүрген мәселелерге келейін.
Нақты мысалдарға жүгінейік. Тіл тазалығын сақтау деген мәселе сөздерді дұрыс айтудан бас­талады дедік қой. Олай болса, келе жатырдың орнына – кел атыр, келе жатырмыз деудің орнына – кел атырмыз, келе жатқанды – кел атқан, бара жатсамды – бара атсам, жазып отырмыз – жазып отырық, қарап жатқанда – қарап атқанда, сұрамаймын – сұрамайым, құттықтаймын – құттықтайым, сатып жатыр – сатып атыр; әрі қарай – туылынған, шақырылынған, аудартылынған, көрсетілінді, сондай ғо, көрдім ғо, естідім ғо, білдім ғо, ұқтым ғо («ғой» емес. – Авт.), түнге болды, ап тұрсай, киім ап келе атырық, бү йақта бір бәле болайын деп атыр, отсай, отысай, жыртылдық, бере сашы, біреусі, екеусі, төртеусі, телефоны өшік, ұрданса (дұрысы – ұрланса), қағам (дұрысы – қалғанмын), анадармен, мынадармен, қаншау; жо ашпай атыр (дұрысы – жоқ, ашпай жатыр), жет минут, жет сағат, салыны суға кетті, қойсан шы, о йерде, со йерде, байналыс, байналысқа, кесілініп қойылынған, шай ішіп атысың ба, ұйықтап атысың ба; иә, қазақовептін, кым, сыз ба, быз ба, ойнамақ қойақ, сенде әңгіме бар, тапит еттім, паражняк келеатырым, шәй ішек пе, алмайсыңыз ба… Осылай жалғасып кете береді.
Жоғарыдағы келтірілген сөздер мен сөз тіркестерін оки отырып, тілге катысты көп нәрсені аңғаруға болады.
Тілді шала білетін қазақтардың тілінде қазақ тілінің дыбыс үндестігі толық жойылған. Сақталмайды. Қазақ тіліндегі сөздердің көпшілігін ұмытқан. Тілдерінде жоқ. Ұмытылған сөздердің орнына басқа мағына беретін сөздерді қойып айтады. Сондықтан көптеген сөздерді шатастырып алған. Кейбір ұмытылған сөздердің орнына өзбекше сөздерді пайдаланады: Сөлем – салам (өзбекше), сәлемет пе – саламат па; сәлеметсіз бе – саламатсыз ба, Ассалаумағалейкүм – ассаламалейкум; о йерде; бү йерде; гамам; о йақта, бү йақта, т.б. Сол сияқты өздері ойдан шығарып, өздерінің арасында қалыптастырып алған сөздер де ұшырасады. Бізге түсініксіз болғанымен өзара айта береді. Мысалы: алдыңғы күні – кешен арғы күні, бұранда – бұралша, аурушаң – ауыршақ, жаныштау (жалпайту) – майдандау, біртіндеп – біріндеп, т.б. Ойдан шығарылған сөздердің арасында өзбек тіліндегі сөздерден өздеріне бейімдеп жасап алған сөздер де байқалады: Қарап тұрым — қарап тұрың (өзбекше), жеп отырым, жеп отырың, көріп тұрым, көріп тұрың, не дейсін, не дейсэн, қалайсын — калайсэн (қандақсэн), т.б. Дұрысы — қарап тұрмын, жеп отырмын, көріп тұрмын, не дейсің, қалайсың.
Сөздердің әріптерін түсіріп айту, керексіз жалғаулар жалғап айту, керісінше, жалғауы бар сөздерді жалғаусыз айту, белгілі бір әріптерін өзгертіп айту да көп кездеседі. Әріптері түсіп қалған сөздерден мысалдар келтірейін: «Кел атыр, бар атыр, келамай, бар амай, жүр амай,жатын (жататын), сомен, мемен, семен, қайтан(қайтадан), бағаннан (бағанадан) т.б. Керексіз жалғаулар жалғанған сөздер: Бардымшы (бардым), келдімші (келдім), айттымшы (айттым), болғанды (болған), келгенді (келген), барғантұғын (барған), келгентұғын (келген), бар ма не (бар ма), келды ма не (келді ме), бес па не (бес пе), т.б.
Жалғаулары түсіп қалған сөздер: Сен үйің (сенің үйің), мен үйім (менің үйім), балаң дәптері (балаңның дәптері), мен ауылым (менің ауылым), өзің балаң (өзіңнің балаң), Қарасу мост бар ма? (Қарасудың көпірінен түсетіндер бар ма?).
Әріптері өзгеріп кеткен сөздер: Сеңкі (сенікі), меңкі (менікі), мағам (маған), анадар (аналар), бұдар (бүлар), мынадар (мыналар), ұрдық (ұрлық), т.б. Кейбір қандастарымыздың қазақ тіліндегі сөздерді дұрыс айтпай тұрғаны, сөйлесіп түрған кезде бірден байқалады.
Тілдерінде сөздік қоры жеткіліксіз болғандықтан, сөйлемнің аяғында келетін әртүрлі етістік сөздерді бір ғана түсініксіз сөзбен «атыр» немесе «атыпты» деп айта береді: Күн шықты – шығып атыр (атыпты), күн батты – батып атыр (атыпты), тамағым ауырып түр – ауырып атыр (атыпты). Өзінің ана тілін жақсы білетін адам, ешқашан «күн шығып жатыр», «тамағым ауырып жатыр» деп айтпайды.

Бәтіңке, төпли, сөмке, пойыз, шопыр, шемішке, бедіре, зауыт, тауар, т.б. Орыс тілінде айтылатын «один раз», «два раза» деген сөздердің өзін, «бір рез, екі рез» деп қазақ тілінің дыбыс үндестігіне салып, қазақ тіліне енгіздік. Ведроны – бедіре (шелек), семечканы шемішке (шекілдеуік) дегеннен ұтылған жоқпыз. Керісінше, тіліміздегі бар сөздерге (шелек, шекілдеуік) қосымша балама сөздер енгіздік. Тілімізді байыттық, жаңа сөздермен толықтырдық. Ал қазақ тілінің казіргі жағдайы мүлде басқаша. Енді тілімізді байытқанды қойып, тіліміздегі бар сөздерді жоғалта бастадық. 

Енді осы шала қазақтардың тілі қазақтың дұрыс тілін бұзды. Өзіміз де солардың тілінде сөйлеп, солардың тіліндегі сөздермен жаза бастадық. Тілімізге немқұрайлы қарайтындардың тіліндегі кейбір сөздер тіліміздегі бар сөздерді ығыстырып шығара бастады. Көптеген сөздер осы тіл бұзылған аймақтарда жойылмаса да, қолда­ныстан шығып кетті. Адамдардың көпшілігі бұрынғыдай «Сәлеметсіз бе?» деп қазақша амандаспайды, «Саламатсыз ба?» деп өзбекше амандасады. «Ассалаумағалейкүм» деп «ғ» әрпін қойып айтпайды, «Ассаламалейкум» деп өзбекше айтады. Басталуы, көрсетілуі, түсірілуі, шегерілуі, таралуы, сақталуы деген сөздер сирек жазылатын болды. Кез келген кітапты, газет-журналды алып карасаңыз басылымы, таралымы, көрсетілімі, сақталымы, шегерілімі деп жазулы тұрады. Егер сөздердің бұзылуы осылай жалғаса беретін болса, бұған тоқтау салынбаса тілімізден айырылатынымыз анық. Күннің бұлттанғанын – бұлттанымы, ашылғанын – ашылымы, жауғанын – жауылымы, тамақ пісіруді – пісірілімі, шайдың қайнауын – қайнатылымы, қосу – қосылым, сызу – сызылым, азайту – азайтылым, көбейту – көбейтілім, жазу – жазылым деп айтатын, жазатын күндерге жақындап келеміз. Тілін жоғалтып алған адамдардың тілін «диалекті» деп айтуға, оны оңтүстіктің диалектісі, солтүстіктің диалектісі деп оқулықтарға енгізуге болмайды. «Диалекті» деген сөздің өзінің мағынасын дұрыс білу керек. «Диалекті» деген сөз – екі қазақтың бір сөзді біреуінің дұрыс (сонымен), екіншісінің бұзып айтуы (сомен) емес.Тіліміздегі бар сөздерді, әбден қалыптаскан сөздерді, тілімізде жоқ сөздермен алмастыру жақсылыққа апармайды. (Иесі – егесі, ие бол – еге бол, иелік ету – егелік ету, т. б.)
Аударма сөздердің дұрыс аударылмай жазылуы да (кітаптарда, көшедегі жарнамаларда), соны жазған адамдардың тілдерінде сөздік қорының жоқтығынан, қазақ тілінің дыбыс үндестігін білмеуінен. Тілдері сөздік қорға бай болмағандықтан, дұрыс балама сөздерін таба алмайды, не қазақ тілінің дыбыс үндестігіне салып жаза алмайды. Қазақ тілінің дыбыс үндестігіне салып айту арқылы, аудармай-ақ тілімізге қаншама сөздерді енгіздік. Бәтіңке, төпли, сөмке, пойыз, шопыр, шемішке, бедіре, зауыт, тауар, т.б. Орыс тілінде айтылатын «один раз», «два раза» деген сөздердің өзін, «бір рез, екі рез» деп казақ тілінің дыбыс үндестігіне салып, қазақ тіліне енгіздік. Ведроны – бедіре (шелек), семечканы шемішке (шекілдеуік) дегеннен ұтылған жоқпыз. Керісінше, тіліміздегі бар сөздерге (шелек, шекілдеуік) қосымша балама сөздер енгіздік. Тілімізді байыттық, жаңа сөздермен толықтырдық. Ал қазақ тілінің казіргі жағдайы мүлде басқаша. Енді тілімізді байытқанды қойып, тіліміздегі бар сөздерді жоғалта бастадық. Бар сөздерді жоқ сөздермен (түсініксіз сөздермен), өзбекше, орысша сөздермен айту, жазу арқылы тілімізді бұза бастадық. Тілді бұзып сөйлеу – оны аяққа таптау деген сөз, таптау деген – жою деген сөз.


Еркін ОМАР

Пікірлер