Жазғы Олимпиада ойындарын ұйымдастырушылар коронавируспен ауырып жатыр

3009
Adyrna.kz Telegram

Токиода жазғы Олимпиада ойындарында коронавирус инфекциясы бойынша 15 жаңа жағдай тіркелді деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

Бұл туралы Олимпиаданың ұйымдастыру комитеті мәлімдеген. Атап айтсақ, ауырғандардың арасында Олимпиада нысандарында жұмыс істеп жүрген 7 қызметкер, 2 журналист және жарысты ұйымдастырушы 6 адам бар. Соңғылардың бірі – Токиодағы олимпиада қалашығы аумағында вирусты алғашқы жұқтырған адам. Ол шетелдік құраманың мүшесі, бірақ спортшы емес.

Қазіргі уақытта Жапонияға келген спортшылардан және бірнеше елден келген команда мүшелерінен коронавирус анықталып отыр.  Олар — Израиль, Уганда және Сербияның атлеттері, сондай-ақ Нигерия мен Ресей құрамаларының қосалқы қызметкерлері.

Айта кету керек, Токио Олимпиадасы былтыр 24 шілде мен 9 тамыз аралығында өтуі тиіс еді. Алайда пандемияға байланысты жарыс бір жылға кейінге қалды, енді ол биығы жылдың 23 шілдесінен 8 тамызға дейін өтеді.

Ұйымдастырушылар ойындарды шетелдік жанкүйерлерсіз өткізуге шешім қабылдады, сонымен қатар жергілікті көрермендер Токионы қоса алғанда, алты жапон префектурасында олимпиада шараларына жіберілмейді. Ал 12 шілдеден бастап Токиода эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты төтенше жағдай режимі қайтадан күшіне еніп, 22 тамызға дейін жалғасатын болды.

 

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер