Ақтөбелік шаруалар өзге өңірлерге көмек беріп жатыр

3175
Adyrna.kz Telegram

Биыл еліміздің көп бөлігінде қуаңшылық болып тұр. Осыған байланысты Ақтөбе облысындағы шаруалар қуаңшылықтың зардабын тартамыз ба деп алаңдаулы. Алайда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары биыл өңірде жем-шөп пен жайылымның жайы жаман емес екенін алға тартады. Қазір облыстың бірқатар аудандары қуаңшылықтан зардап шеккен өңірлерге қолдау көрсетіп жатыр.

Облыстағы ірі қара өсірумен айналысатын «Бірлік» шаруа қожалығының басшысы Есет Аманжол биыл ауылдық жерлерде жайылымдық және шабындық жерлердің азайғанын, ауыл маңында жалға, тіпті қосалқы жалға берілетін жердің жоқтығын айтады.

— Жыл өткен сайын жердің құнарлылығы төмендеп барады, шөп бағасы қымбат. Биыл Шалқар ауданы аумағынан шөп шабуға қосымша жер алуды көздеп отырмын. Қазір осыған байланысты аукционға қатысып жатырмын. Қысқа азық дайындау басты мәселе болып отыр. Мал санын көбейту үшін қысқа шөпті мол етіп дайындау керек, — дейді шаруа.

Бүгінде «Бірлік» шаруа қожалығының 1150 гектар жайылымдық жері бар. Шаруаның базы Ырғыз ауданының Шеңбертал ауылынан 9 шақырым жерде орналасқан. Мұнда ірі қара, қойға арналған қора-жайлары бар. Есет алдағы уақытта асылтұқымды ірі қара малын бағып, мал шаруашылығының осы бағытын дамытуды көздейді. Ал әзірге қазақы сиыр тұқымын көбейтіп жатыр.

Ал облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембайдың айтуынша, бүгінгі таңда облыста ауыл шаруашылығы мақсатына бекітілген 26 970,2 мың гектар жер бар. Оның ішінде жайылым жер көлемі 25 294,1 мың гектар болса, 464,6 мың гектары — шабындық жер.

Биыл өңірімізде мал азығын дайындауға қатысты жұмыстар маусым айында басталды. Биылғы жылы маз азығы былтырғыға қарағанда көбірек дайындалады деп үміттеніп отырмыз. Жалпы облыс бойынша 1 млн 700 тоннадай шөп керек болса, біз биыл бұл көлемді 1,5 есеге арттырып, қысқа 2 млн 270 тонна шөп шабуды көздеп отырмыз. Қазір бір айда бұл бағыттағы жұмыстардың 30 пайызы орындалды. Өкінішке қарай, биыл шөптің шығымы төмендеу, былтырғыдан қарағанда шөп сұйықтау. Мәселен, биыл шөптің шығымы бірқатар аудандарда гектарына 2 центнер, кейбіреуінде 2,5-3 центнер болады деп жоспарлап отырмыз. Аудан әкімдеріне тапсырма берілді. Қазір шөп шабу үшін барлық мүмкіндікті пайдаланып жатырмыз, — дейді Қ.Сәрсембай.

Басқарма басшысының айтуынша, облыстағы Қызылорда, Атырау облыстарымен шектесетін аудандарда соңғы 2-3 жылда жауын-шашын болмауы себебінен жерлердің 3/1 бөлігі тозған. Осы орайда биыл «Жайылымдар туралы» ҚР Заңының 13-бабы 2-тармағына сәйкес «Жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспар» және «Жайылымдарды геоботаникалық зерттеп-қарау негізінде жайылым айналымдарының схемасы» жайылымдарды геоботаникалық зерттеп-қараудың жай-күйі туралы мәліметтерді ескере отырып, жайылым жерлерді тиімді пайдалану көзделген.

— Ол үшін қолда бар малды бір жерде ұзақ жыл бақпай, жайылым жерлерді кезекпен орнын ауыстырып отыру, мемлекет меншігінде бос жатқан жерлерді уақытша пайдалану, шабуға жарайтын қосымша жерлерді анықтау керек. Қазіргі уақытта облыстың он бір ауданында 2021-2022 жылдарға арналған жайылым айналымдарының схемасы әзірленіп, әділет органдарында мемлекеттік тіркеуден өтті. Олардың қатарында Әйтеке би, Алға, Байғанин, Ырғыз, Қобда, Мәртөк, Мұғалжар, Темір, Ойыл, Хромтау, Шалқар аудандары бар, — дейді ол.

Оның айтуынша, ағымдағы жылғы қысқа барлығы 1 780,8 мың тонна шөп қажет. Осыған байланысты биыл шаруаларға облыс бойынша барлығы 2 671,2 мың тонна шөп дайындау тапсырмасы берілген. Аудандардың ұсынған ақпаратына сәйкес, бүгінгі күні облыс бойынша 797,0 мың тонна шөп дайындалған. Облыста нақты 1 гектарға түсім 13,0 центнерді құраса, кей аудандарда бұл көрсеткіш 2,7 центнерге жеткен.

Биылғы жылдың ауа райының ерекшелігін және көршілес өңірлерде орын алып отырған қуаңшылықты ескере отырып, мал азығын дайындау барысында уақытты және қолда бар мүмкіншіліктерді барынша тиімді пайдаланып жатырмыз. Сондай-ақ қазір көрші өңірлерге қолдау көрсетіп жатқан шаруаларымыз да бар, — дейді ол.

Бүгінгі күні Ақтөбе облысының Қобда, Байғанин, Темір аудандары көршілес Маңғыстау, Қызылорда облыстарына көмек беріп жатыр. Мәселен, маңғыстаулықтарға Қобда ауданынан 10 мың гектар жер берілсе, Байғанин, Темір аудандарынан мал азығын дайындауға мүмкіндік жасалуда. Атап айтсақ, Маңғыстау облысының Шетпе, Мұнайлы, Форд-Шевченко аудандарының шаруалары Қобдаға келіп мал азығын алатын болды. Ал Байғанин ауданынан Маңғыстау облысының Бейнеу ауданы шөп тасымақ. Темір ауданы Маңғыстау облысының Түпқараған ауданына мал азығын дайындайтын болды. Жергілікті шаруа қожалықтары шөпті шабындықтың басынан сатады. Аудан бойынша бір машина шөптің бағасы  — 40-50 мың теңге.

Өткен жылы облыста шаруалар бір рулон шөпті 5 мың теңгеге сатты. Биыл да шөп бағасы осы шама болады дейді басшылар. Дегенмен нақты бағаны шөп дайындаған шаруалар қояды. Ең бастысы, қарапайым тұрғындарға мал азығы жетсе болғаны.

Айта кету керек, биыл ақтөбелік шаруалар шөптен бөлек жоңышқа, түйіршік жем, жүгеріден сүрлем дайындап жатыр. Ірі қара, қой жейтін бұл жем-шөп түрлерінің бағасы арзан. Қазір мұндай мал азығына көрші Маңғыстау, Қостанай облыстарынан тапсырыс көп түсіп жатыр.

 

Данагүл БАЙМҰҚАШ,

«Адырна» ұлттық порталы.

Пікірлер