"Batyrs Battle": күш иелері бас қосты

2558
Adyrna.kz Telegram

Ақтөбеде  қазақтың аты аңызға айналған балуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдық мерейтойына орай "Batyrs Battle" спорттық сайысы өтті деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталының тілшісі.

Шараны республикалық "Қазақстандық спортшылар одағы" ұйымдастырды. Ал бағдарлама "Сәтті Жұлдыз" АҚ және "Sportqory" қаржылық қолдауымен жүзеге асты. Жобаның авторы — ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің амбассадоры, күш қолданылатын спорт түрлерінен 4 дүркін рекордсмен Сергей Цырульников.

Шараға қонақ ретінде зілтемірші, бірнеше дүркін Әлем чемпионы Илья Ильин және бокстан Әлем және Азия чемпионы Галиб Джафаров қатысты.

«Жекпе-жек» спорт сарайында өткен сайысқа Ақтөбе облысынан 8 спортшы қатысты. Олар 60-90 келі қапты биікке көтеру, металл шыбықты майыстыру, бөрене, тас көтеру, белдесу бойынша сынға түсті. Нәтижесінде Сергей Гончаров жеңімпаз атанды. Ал ІІ орынды Дмитрий Емельянов, ІІІ орынды Төлеген Әлжанов иеленді.

Үздік атанған Сергей Гончаров алда Нұр-Сұлтан қаласында өтетін республикалық жарыста Ақтөбенің намысын қорғайтын болады.

— «Batyrs Battle» сайысы бұған дейін Өскемен қаласында ұйымдастырылды. Енді Ақтөбемен қатар мұндай шара еліміздің Түркістан және Нұр-Сұлтан қалаларында өтеді. Қажымұқан бабамыз — күрестің бірнеше түрінен әлем чемпионы атанған қазақтан шыққан тұңғыш күш иесі.  Сондықтан бүгінгі шара Қажымұқан, Балуан Шолақ бабаларымыздың жаттығу үрдісін жалғап, халық арасында кеңінен насихаттау үшін өткізіліп отыр,  — дейді республикалық «Қазақстанның спортшылар одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Азамат Қарлығашов.

Ал зілтемірші, бірнеше дүркін Әлем чемпионы Илья Ильиннің айтуынша, мұндай шараның елімізде, оның ішінде Ақтөбе өңірінде ұйымдастырылуы — өте қуантарлық жағдай. Бұл бастаманы көтерген ақтөбеліктердің белсенділігіне сөз жоқ.

 

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер