Мектептегі зорлық: директор орнынан кетті, балаға психологтар көмектесіп жатыр

3040
Adyrna.kz Telegram
Зорлық көрсетілген ақтөбелік оқушыға қатысты іс жалғасуда. Осы оқиғаға байланысты  Білім және ғылым министрлігі құрған комиссияның отырысы өтті. Белгілі болғандай, оқиға болған мектептің басшысы қызметінен кеткен, қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталының тілшісі.

Осы оқиғаға байланысты министрлік жағдайдан бейхабар болған мектеп директорын қызметінен босатуды тапсырды. Екіншіден, осындай сұмдыққа жол берген мектеп педагогтері арасында зерттеу жұмыстарын жүргізу керек. Сондай-ақ зарлап шеккен бала мен оның отбасына психологиялық көмек көрсетілуі тиіс. Мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін өңірде жан-жақты жүйелі жұмыстар атқару керек, — деді жиында БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиев.

Ал республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының директоры, ҚР Білім және ғылым министрінің балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі кеңесшісі Раиса Шер соңғы кезде Ақтөбеде балалар арасындағы зорлық-зомбылық деректерінің көбейгенін айтты.

— Осы өрескел оқиға туралы хабарлаған журналистерге рақмет. 4 ай бойы оқиға жайында тіс жармаған мектеп әкімшілігінің ісі заңмен қудаланатынын айтқым келеді. Олар бірінші боп дабыл қағуы керек еді. Алайда біз мұны журналистерден білдік. Ең өкініштісі, мектеп басшысы бұл жағдайға байланысты баланың ата-анасымен оқу жылының соңына дейін еш байланыс орнатпаған, — деді ол.

Айта кету керек, Бас прокуратураның дерегіне сүйенсек, балалар арасында жасалатын қылмыс жағынан Ақтөбе облысы алдыңғы орында тұр.

 

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер