Біз кімге жалтақтаймыз?

2709
Adyrna.kz Telegram

Жақында исі қазаққа аты мәлім бір жазушымыз Ташкентке барып келді. Өзбекстан астанасының сұлулығы, тазалығы, өзбек халқының кішіпейілдігі, өздерінің ұлттық мәдениетіне, ұлттық тіліне деген құрметі, әсіресе ұлттық намысы мен ұлттық сана-сезімінің өте биік екені туралы ұзақ әңгімеледі. Республика астанасы Ташкентте туып-өскен, өмір бойы қалада тұратын жастары бір-бірімен тек өзбекше сөйлеседі, Ташкентте төрт күн болғанымда біздегідей орысша қауқылдасып жатқан адам көрмедім. Бес миллион адам тұратын Ташкент көшесінде қазақтар «пробка» деп атайтын көлік кептелісі деген атымен жоқ. Алматыға қайтатын ұшаққа міне салысымен орысшаға қарық болдым да қалдым. Жан-жағымдағы қазақтар түп-түгел дерлік бір-бірімен орысша не орысша араластырып сөйлеумен болды. Амал жоқ, даусымды көтеріп: «Ау, неткен адамсыңдар? Сәл де болса ойласаңдаршы, жаңа ғана Ташкентте болдыңдар ғой, бір-бірімен орысша сөйлескен өзбек көрдіңдер ме?» – десем, мынау не деп тұр өзі  дегендей бетіме меңіреу адамша қарайды. Тіпті, бір-екеуі «Какая разница» дегенін естігенде «Е-е, ақыл-есін жинаудан,  ұлттық санасы оянудан қалған ұлт екенбіз ғой» дедім айналамдағы қазақтарға әдейі есіттіріп. Біреуінде де үн жоқ». Бұл кісі айтып өткен Ташкентте солай екенін ұзақ жыл Шымкент қаласында тұрған, демалыс күндері қыдырып Ташкентке барып тұратын сонау кезден өзім де білетінмін. Ал, біздің Астана қаласында қазақша бірнәрсе сұрасаң, жауап бермей бетіңе мәңгүрткөзденіп қарайтынын,  өліп бара жатса да қазақша емес орысша жауап беретінін, тағы да жақсы білемін. Астананың қай мекемесіне бас сұқсаңыз да түп-түгел орысша сөйлеп отырған қазақ қыз-жігіттері. Бір жағынан соларға әрі аянышпен, әрі жирене қарап, бір жағынан, неткен санасыз ұлт едік деп айқай салғың келеді.

Тағы бір мысал. Жақында Астанада тұратын әдеби сыншы ініммен телефон арқылы сөйлесіп тұрып: «жуырда солтүстік облыстарға оңтүстік өлкелерден біраз қазақты көшіріп апару жоспарланып отыр екен» дедім. Сонда ол:

– Оған несіне қуанасыз? Бұл жаққа өзіміздікі түгіл Қытайдан келген қазақтар орысша сөйлеп кетуде. Амалсыздан сөйтеді. Ау, бүкіл мекемеде отырғандар орыстілділер болса, іс қағаздарың негізінен орысша болса, телеарналарың күндіз-түні орысша самбырлап тұрса, көшеде қардай бораған орысша газет-журнал болса, қазақша басылым емге жоқ болса қалай орыстанып кеткеніңді өзің де байқамай қаларсың. Білесіз бе, осының бәрі әдейі, жоспарлы, мақсатты түрде жасалып отыр. Бұл қазаққа әдейі жасалып отырған қастандық, - деп салды. Ол бұны қызбалықпен айта салды ма, әлде шынымен-ақ қазаққа қасақана осылай жасап отырған біреулер бар ма қайдам, әйтеуір Астанаға көшіп барған қазақтардың орыстана бастайтыны рас. Бәленің басы телевизиямыздың күндіз-түні орысша сайрап тұрғаны, ал оны тыңдаған жас пен кәрінің миына орыс тілі сіңіріле беретіні ғылыми дәлелденген. Жоғарыда соны білгендіктен осылай жасап отырған біраз адам болуы да әбден мүмкін. Ташкентке барып келген жаңағы жазушы ағамызға сондағы лауазымды бір өзбек азаматы «Біз тәуелсіздік алған жылдан бері туған өзбек жастары орысша мүлде білмейді, олар тек өзбекше және инглишше (ағылшынша) сөйлейді» депті. Міне, Ресей үстемдігінен құтыла сала бірден өз ұлттық мемлекетін құрып алуға кіріскен өзбек ағайынды ұлттық намысы, ұлттық сана-сезімі жоғары емес дей аласыз ба? Осындайда өз қазағыңның басшасы да, кещесі де неліктен әлі күнге орысқұмар болды екен деп он сан ойға кетесің. Ой түбіне жете алмайсың. Амалсыз жаңағы әдебиетші інің сияқты көзі ашық азаматтардың «сөзінің жаны бар-ау, сірә» дейсің. Жақында бір интернет парақшасынан атышулы биші марқұм Майя Плисецкаяның: «Қазақтың орысқа осылай жіпсіз байлануы, құлдығы, орысқа құлай берілгендігі, орысша акцентсіз сөйлеуге тырысып, маймылдай құбылуы – қандай жиіркенішті, қандай өкінішті опасыздық» дегенін оқығанда жүрегіміз аузымызға тығылды.

Барша қазақты осындай деуге Құдайдан қорқамыз, бірақ «қазақты адам қылған орыс», «қазақ орысқа қарыздар» дейтін қазақтар екінің бірінде кездесетініне қарап, сондай байғұстарға не айтарыңды білмей, тұрып қалады екенсің. Оқымаған, сауатсыз надан адам дей де алмайсың. Айтып тұрғаны анау. Соған қарап мынадай қорытындыға келуге болады. Патшалы Ресейдің де, кеңестік Ресейдің де біздің талай ұрпақтың миына құйып тастаған сайқал саясаты әлі де сол күйінде сақталып келеді. Өйткені, кеңестік Ресейден бөлініп шықтық дегеннің өзінде біз Ресейдің сол сайқал саясатын санамыздан сылып тастайтын бірде-бір әрекет жасаған жоқпыз. Керісінше, 24 жылдан бері әлі де қазақты сол орыстың қолтығынан шығармаудың, орыс тілінен ажырамаудың алуан түрлі айла-шарғысы Ресей тарапынан да, өз билігіміз тарапынан да қызу жүргізіліп келе жатқан сияқты.

Тағы бір мысал келтірейікші. Әнебір жылы Қазақстанға Кореядан келген жас ғалым жігіт бір қазақ газетімен сұхбаттасты. Сол жігіттің мына сөздері әлі жадымызда қалыпты:

– Біз, яғни, корей елі Жапонияның отарлығында бар-жоғы 40-50-ақ жыл болдық. Соның өзінде біздің корейлердің жап-жас баласының да, ақсақал қариясының да жүрегінде жапондарға деген қатып жатқан бір кек, ашу-ыза бар. Ал қазақтар 300 жылдан астам Ресейдің езгісінде болдыңыздар. Бірақ мен қазақтардың қашанда орысқа жәреукеленіп, күлімдеп, ылғи орыстардың ыңғайына бейімделіп сөйлеп тұрғанын байқаймын. Сіздер неге өйтесіздер, оны мен білмеймін. Бірақ соның бәрі сіздерде өз тарихтарыңыздың шындығы айтылмауының кесірі болуы әбден мүмкін,-депті ол. Корей жігіті бұл жерде сыпайылап отырып-ақ нағыз намысыңа тиетін ақиқатты ашып айтқан. Біздің бүкіл тарих оқулықтарын қарап отырсаң, қазақта жоңғар деген бір ғана жау болған екен деп қаласыз. Әуелі патшалық Ресей, одан Кеңестік-коммунистік Ресей қазақты жоспарлы түрде қырып-жойып отырғаны туралы бір ауыз сөз жоқ. Жетпіс жыл Мәскеу құрамында болғанда да, өз қолы өз аузына жеткелі ширек ғасыр өтсе де осындай тарихпен сауат ашып, осындай соқырландыру идеологиясымен тәрбиеленіп келе жатқан қазақ өзін ғасырлар бойы езіп-жаншып, байлығын тонап, тілінен, дінінен айырып, одан басқа да айтып тауысу мүмкін емес қырып-жоюларды жасап, ұрпағын мәңгүрттендіріп келе жатқан Ресей екенін де сезінуден қалған. Қазақ пен Жоңғар қыз алысып, қыз берісіп жегжат боп отырғанын, Абылайдың шешесі де, екінші қатыны да жоңғар қыздары екенін, тіпті, жоңғар мемлекеті дегеннің сол Абылай хан болғанға шейін жойылып кеткенін, яғни, оларды Абылайдан бұрын қытайлар жоқ қып жібергенін білмейтін бүгінгі қазақтар әлі де өзін адам еткен орыс дегенді ұялмай айта береді. Мұндай намыссыздық, мұндай құлдық психология қазақтан басқа бір ұлтта бар ма, жоқ па білмейміз. Бірақ ешбір ұлт бізді адам қылған орыс дегенді өлсе де айтпайды. Әлгі корей жігіті, міне, осыны сыпайылап болса да бізге айтып кетті.

Иә, қазақтың шолақ белсенділерінен бастап жоғарыдағы шонжарларына шейін қолдан келсе, қазақ пен орысты бір әкеден не  бір анадан туған деуден тайынбайтын сияқты. Тіпті, кейінгі жылдары «қазақ жартылай –еуропалық, жартылай–азиялық. Біз еуразиялықпыз» деген сияқты елірме сөздер жиі айтылатын болды. Орыстілді Олжас Сүлейменов «Нет Востока и Запада нет. Два сына есть у отца» депті. Сонда ол «екі ұл, бір әке» деп нені мегзеп тұр деп ойлайсыз? Қазақта «Құдайдың қоспағанын айтпа» деген сөз бар. Есіңізде болсын,  орыс ұлы халық деген аурудан айыға алмаған бір орысқа осылай орыс пен қазақ бір туған десең ызадан жарылып кетуі, тіпті, саған «по морде» беруі де мүмкін. Панславяндық пиғылы бар ма, әлде арғы-бергі қоғам дамуынан хабары мол ма қайдам, әйтеуір, атақты академик Д. Лихачев:»Ресей ешқашан шығыс болған емес. Русь скандовизантия болды, бірақ Еуразия болып көрген емес. Бізге әдебиеттің өзі шығыстан емес батыстан келген» деп КСРО құлау бойда бір-ақ қайырған еді. Ресейдің бетке ұстар белді де беделділері әлгіндей кеудесінен итеріп тастаса да қазақ саясаткерлері де, тарихшылары да құйысқанға жабысқан бір затқа ұқсап сол Ресейдің етегіне жармасып жәреукеленуін қоймайды? Міне, өз ұлтыңның әлі санасын басып-жаншып жатқан осындай самарқаулық пен керенаулықты, яғни,  Ресейге деген құлдық ұруды көріп отырып  қалың қазақтың ұлттық санасы, ұлттық намысы ояна қоймайды-ау деген күнәһарлық уайымның тұңғиығына түсіп кетеді екенсің. Иә, қазақтың ұлт болып аман-есен қалпында қалуына төнген қауіп-қатер атаулының қай-қайсысының да түп-тамыры тілге келіп тірелетінін есі дұрыс қазақ алдақашан түсініп болды.  Ешқандай да экономикалық жоба, жоспарлар, ешқандай да форумдар мен инвестиция немесе инновация емес

Ұлтты аман сақтайтын–тілі ғана екенін сонау  Кеңес заманынан бері көріп келеміз. Енді-енді жойылудың алдында тұрғанымызда Алланың қамқорлығымен көппен бірге Қазақ Елі де Мәскеудің темір құрсауынан аман-есен бүгінге жетті. Бірақ басқаларға қарағанда біз тілімізден де, ата-дәстүрлерімізден де мүлде алшақтап жартылай «обрусевший» ұлт болып жеткеніміз рас. Тек көзің көріп отырған бір ғана жағдаят жаныңды жегідей жейді. Ол мынау: бізбен көршілес, бізбен тілдес, діндес, салт-дәстүрі де ұқсас ағайындар 1991 жылдан бастап, басқасын айтпағанда әрқайсысы өз ана тілін бірден Мемлекеттік деңгейге көтеріп алды да, сол арқылы-ақ көп ретте Ресейге тәуелділіктен мүлде тазарып алды. Ал біз  25 жылдан бері «Тіл мәселесі» деген тақырыпты талқылаумен келеміз. Біздің елімізде біресе қос тілділіктің, біресе үш тілділіктің «пайдалылығы» туралы ұрандар көтеріліп тұратынына қарап Құдай кешірсін, соның бәрін қайткенде де қазақ тілінің шырайын шығармау үшін, жоғарыдағы біреулер ойлап тауып жатқан сияқты көрінеді. Әйтпесе, ана заманда да, мына заманда да дәл Қазақстандағыдай «қос тілің–қос қанатың», орысша білмесең, өмірің қараң деп, енді қос тіл аз болғандай «үш тіл–үш тұғырың» деген сияқты жымысқы ұрандар тасталған жоқ. Жоғарыда айтқан  көрнекті жазушымызға Ташкенттегі жергілікті зиялы қауым өкілдерінің айтуынша Өзбекстан тәуелсіздік алғаннан бері туған жас ұрпаққа ол елде орыс тілінің еш қажеті болмай, олар тек өзбек тілін,  ағылшын тілін үйренуге көшкен көрінеді. Ал  кейбір зерттеулерге қарағанда, тәуелсіздік алғаннан бері дүниеге келген қазақ жастарының 70 пайызы орысша сөйлейді екен. Қазақ мектептерінде оқитын балалар да сабақтан сәл қолы босай салысымен орысша сөйлеседі. Осыны көрген бір әзірбайжан жігіті (өзі түркітанушы) «Мен жер жүзін аралап жүріп бір-бірімен орысша сөйлесетін екі ұлтты көрдім. Олар–чукчалар, сосын қазақтар»-деп еді.

Иә, данагөй ақын Әбубәкір Кердері Ресей қазақтың жер-суын басып алғанымен қоймай тіліне, дініне шабуыл жасай бастаған ХІХ ғасырдың соңғы жылдарында «тілі екеудің–діні екеу» десе, бүгінде сол аз болғандай «үш тіл үйрен» дегенді ойлап таптық. Енді осы құйтырқылық ұранды қазақтың миына сіңіре түсудің неше түрлі тәсілдері жүргізілуде. Әсіресе, қазір дүние жүзі ағылшыншаға көшуде деген шіп-шикі өтірік айтылуда. Бұл–миф. Италияда халық негізінен итальян тілінде, Германияда, Австрияда–тек неміс тілінде, Францияда тек француз тілінде ғана сөйлейді. Тіпті, Франция мен Германия ағылшын тілінде хабар таратуға тиым салып қойды.

Біз «бірлік болмай тірлік болмайды» деген мақалды ұран қып алдық. Дұрыс-ақ делік. Біздің шенділер әр жерден екі-үш  ұлт өкілін шөптің ішінен ине іздегендей боп  тауып, соның бәрін қосып Қазақстанда 130-дан астам ұлт тұрады деп жүр. Ендеше  сол ұлттар түп-түгел бір тілде мемлекеттік тіл–қазақ тілінде сөйлеуі керек емес пе? Бірлік деген осы емес пе?! Екіншіден, «Бірлік» болу үшін әуелі бүкіл қазақ орыстілді, қазақтілді болып бөлінбей ортақ бір тілді болуы керек қой? Ал, біздің елімізде қазақтардың өзін орыстілді және қазақтілді етіп бөлу өте шебер жымысқылықпен жолға қойылған. Орысша жақсы сөйлей алмайтын қазақ өліп бара жатса да не министр, не облыс әкімі бола алмайды. Осыдан-ақ біздегі тіл сасатының түп-тамыры қандай екенін, нені көздейтінін байқай беріңіз... Әбубәкір Кердері айтса айтқандай, шынында да жастайынан орысша сөйлеп өскен қазақ баласы өз ұлтының тағдырына тым керенау қарайтынын көзіміз көріп отыр. Жастайынан өзге тілді оқып-үйренген сәби өскесін таза өз ұлтының азаматы болмайтыны  өмір тәжірибесінде де, ғылымда да дәлелденгенін білетін жапондар балалары 14-15-ке келгенше оларға шет тілін оқытпайды. Ал қазақ шенділері  «ағылшын тілін біліп алсақ, біз-қазақтар әлемді басқаратын боламыз» деген сияқты әрі есерсоқтық, әрі надандық сөзді жиі айтатын болды. Тағы бір таңғаларлығы сол –орыстілді қазақтар ана тілімізді қорғайтын жиындарға, пікірталастарға не араласпайды, араласса орыс тілін ашықтан-ашық жақтап шыға келеді. Олар егер қазақ өз тілінен айрылса не болатынын білмейді, білсе де өз ұлтының ертеңіне жаны ашымайды.

Иә, Кеңес заманында  қостілділік  нәтижесінде қазақ тілді қазақтардың қазақшасының өзі орысшаға айналды. Мысалы Мейірбек –Мирбек, Исламбек-Слямбек, Исмайыл-Смайл, Исмағұл-Смагул болып кетті. Тіпті, қазақ тілі грамматикасының өзі де орыс грамматикасына бейімделіп кеткеніне толып жатқан мысал келтіруге болар еді. Тоқмырзин-Токмурзин, Сармырзин-Сармурзин болды. Қазір қазақтар «ң» дыбысын айтпай оның орнына «н» деп сөйлеуді модаға айналдырып барады. Теледидардан үп-үлкен адамдар «жанағы», «жәнегі», «мын тенге» деп тұрғаны да олардың өз тілін әдейі бұрмалап, қайтсем орыс тіліне жақындаймын деп тұрған санасыздығын көрсетеді. Біз бұл аурудан арылуды әлі де ойластырған жоқпыз. Егер қазақ бұдан былай да осылайша орыстілділіктің етегіне жармасуын тоқтатпаса, көп ұзамай қазақ тілі орыс тілінің диалектісіне айналады.  Әрине, біз басқа тілді білмейік деп отырған жоқпыз. Бірақ  бүкіл ұлтқа,  өмірге көзін жаңа ашқан сәбиіме үш тіл білуің керек деп қинау демократиялық емес нағыз зорлық-зомбылықтың бір элементі емес пе? Мысалы, менің мамандығым –мал дәрігері немесе заңгер делік. Мен өз баламның менің ізімді басып мал дәрігері немесе заңгер болғанын қалаймын. Ендеше, тәуелсіз деген аты бар өз Қазақстанымда маған ағылшын тілінің не қажеті бар? Мен де, менің балам да ай сайын, жыл сайын шетелге барып жатпасақ, барған күннің өзінде Францияға, Германияға, Қытайға барып бір-екі күн мейманханада тұрып, мейрамханадан бір-екі күн тамақ ішкенім үшін бала кезімнен ағылшын тілін үйренуім керек пе? Жоқ! Оны біздің билік басындағылар жақсы біледі. Міне, осы арада біздің ішкі саясатымызға да кейбір күшті сыртқы елдер араласып, «сөйтіңдер» деп тапсырма беріп отыр ма деген күдік ұялайды көңілге.

Әр халықтың өз баласын еркелетіп сөйлеуінің өзі әртүрлі. Мысалы, қазақтар баяғыда балаларын еркелеткенде «ботам», «ботақаным», «қошақаным», «құлыным» дейтін еді. Қазіргі қазақ келіншектері оның бірін айтпайды. Айтса, «поросеногым», «котеногым» дейді. Бүйте берсе, қытайға күйеуге тиген не қытайша сөйлейтін қазақ өз баласын «айдаһарым», «жыланым», «жыланшығым» деп аймалауы да мүмкін-ау. Әзіл ғой, бірақ әр тілде сөйлеген ұлттың ішкі жан-дүниесі де, дүниетанымы да мүлде өзгеріп кететіні ғылымда дәлелденген. Дэвид Кристал «бір ұлтты жоқ қылып жіберу үшін оған қостілділікті үйрен деу керек. Сонда күші басым, үстем елдің тілі оның тілін біртіндеп жұтып қояды да, ақыры ол ұлттың өзі де жойылады. Ұлттық  қасиетінен мүлде айрылып, әлгі үстем ұлттың езгісінде жүргенін өздері де байқамайтын болады» деген.

Әнебір жылы көрнекті жазушы Шерхан Мұртаза осыған орай мынадай мысал келтірді. Біздің билік басындағы әкім-қаралар сөзін әуелі қазақша бастайды да сәлден кейін «Ал енді бәрімізге түсінікті тілде айтайын» деп орысшаға көшеді. Сонда түсінікті тіл деп тұрғаны –орыс тілі. Ал түсініксіз тілі –қазақ тілі. Малдың тілі түсініксіз ғой. Ендеше, олар қазақ тілін де түсіініксіз, малдың тілі деп тұрған жоқ па?!»-деп еді. Әттең, осындай ащы, әрі ақсақалдық сөзді біздің әдебиет, тіл ғылымы саласындағы белгілі-белгілі академиктеріміздің ешқайсысы айтпай жүр. Олар тіпті ұлт мәселесі туралы , тіл туралы белгілі ақынымыз Мұхтар Шаханов ұйымдастырып жүрген жиындарға келуге де кімнен қорқатынын кім білсін, әйтеуір жоламайды.

Қысқасы, жері де, жер байлығы да, қаржы-қаражаты да жетерлік, ал атқамінерлері біз дүниежүзіне үлгі болып, ақыл айтып отырмыз деп еліретін елімізде қазақ тілін өмірдің бүкіл саласын қамтыған нағыз мемлекеттік тілге айналдырамыз  десек барлық мүмкіншілік бар. Оның үстіне Қазақстандағы қазақ саны 70 пайызға жақындап қалғанын, ал осында тұратын өзбек, ұйғыр, татар, әзірбайжан, қырғыз сияқты тілі бір, діні бір бауырларымыз қазақша оп-оңай сөйлеп те, жазып та кететінін ескерсек, қазақ тіліне қарсы соншалықты қуатты күш бар дей алмаймыз. Ендеше, біз кімдерге, қай елге жалтақтап отырмыз? Нәсілшіл  философтары, саясаткерлері мен мәдениеттанушы деп аталатындары арамзалықпен ойлап тапқан «глобализация»– «жаһандану» деп аталатын мына жәдігөйлік заманда есі бар елдер өздерінің ұлттық тілін, дінін, бүкіл ұлттық бет-ажарын жоғалтып алмау үшін  күресуде. Ал күні кеше Ресейдің отаршылық бұғауынан шыққан елдер өздерінің ұлттық болмысына қайта оралып, жас ұрпағының ұлттық санасы мен ұлттық намысын оятуды қызу қолға алғалы да біраз болды. Ал біз кімге жалтақтап отырмыз? Қазақтың шынайы ұлттық санасын оятуды қалай қолға аламыз?


Мырзан КЕНЖЕБАЙ

Abai.kz

Пікірлер