«Сөйлейін сөздің семізін…»

642
Adyrna.kz Telegram

(Базар жырау мұрасы туралы зерттеулер хақында)

Қазақ әдебиетінің тарихында айрықша із қалдырған айтулы жыр жүйрігінің бірі – Базар жырау Оңдасұлы. Сыр өңірінде ғұмыр кешкен Базар жыраудың шығармашылығы толғамының тереңдігімен, ойының ұтқырлығымен, сөз кестесінің көркемдігімен ерекшеленеді.

Руханиямыздың асыл қазынасына қосылған сөз сүлейінің мұрасы қай кезде де зерттеуден кенде болған жоқ. Жоғары оқу орындарына арналған оқулықтарда үнемі аты аталды. Оның өлең-жырлары әр жылдарда басылып шыққан «Үш ғасыр жырлайды», «Бес ғасыр жырлайды» атты антологиялық жинақтарға енгізілді. Тіпті кеңес дәуірінде «Советский писатель» баспасының Ленинград бөлімшесінен жарық көрген «Поэты Казахстана» атты аса беделді антологияда ақын өлеңдері Вс.Роджественский мен Вл.Цыбиннің аудармасымен жарық көріп, «Базар был поэтом, который, больше чем кто-либо из его собратьев, живших во второй половине ХІХ века, следовал исконно древним традициям. Высокохудожественные стихотворения Базара, написанные в форме афористических наставлений, затрагивали такие вопросы, как смысл человеческой жизни, проблемы морали и этики, и имели в свое время широко распространение в народе», – деп баға берілді. Оның терең ойға жетелейтін тағылымды термелері халық арасында ұдайы орындалып жүрді. Сондықтан Сыр сүлейлерінің ішінде Базар жыраудың есімі ел-жұртқа көбірек танымал болды.
Мұхтар Әуезов оны тұтас бір жүзжылдықты қамтыған қайғы-шер поэзиясы өкілдерінің санатына қосып, «Бұл дәуірге аты белгілі ақындардан кіретін көп болуға керек еді. Өйткені арғы заманның Сыпыра жырауы, Қазтуғаны, бергінің Алаша Байтоқ жырауы, Базар жырауы, Досқожасы болсын – барлығы да зар заман дәуірінен үлкен орын алатын ақындар», – деп тұжырымдайды. Ал қолына түскен бірқатар өлеңін жеріне жеткізе талдап, Базардың «сөзге жүйрік, ойлы ақын екенін сезген» Мағжан Жұмабаев 1923 жылы «Ақ жол» газетінде жарияланған «Базар жырау» атты мақаласында «Шынында, Базарың көр-жерді өлең қылып, көрінгенді мақтайтын құр мал тапқыш болмас. Асса, елдің қамын ойлаған, қалса, өзінің ойына терең бойлаған «кеңесі кеңінен келетін» ақын екендігі өлеңінен байқалады», – деп байлам жасапты.
Қазақ әдебиетінің ең сүбелі құндылықтарын жинақтаған «Бес ғасыр жырлайды» антологиясына енген Базар жыраудың «Сөйле десең, сөйлейін», «Өзімдей-ақ ұл туар», «Әлі де сенде арман жоқ», «Тілек», «Жиырма бес», «Әр кемелге – бір зауал», «Жәмиғы қазақ бір туған», «Тіршіліктің түрлері», «Әлеуметтер, құлақ сал» және басқа терме-толғаулары – шоқтығы биік туындылар. Бұл жинақты құрастырушылар «Бұқар жырау мен Махамбеттен кейінгі толғау алыбы – Базар жырау. Ол кітаби ақындар мен сарай ақындарына да ұқсамайды. Шығармаларының мазмұны мен тақырыбы қазақ өмірінің шындығынан туған», – деп түсініктеме береді.
Базар Оңдасұлының мұрасын алғаш рет жинақтап, жеке кітап етіп бастырып шығарған зерттеуші Шәрібек Алдашұлының жанкешті еңбегін ерекше атап өтуге тиіспіз. Жыр жампозының шығармалары кең таралған аймақта туып-өскен ол баға жетпес рухани байлықтың жоқ-жітігін түгелдеуге өлшеусіз үлес қосты. Ш.Алдашевтің тұжырымдауынша, «Балқы Базардың өз төңірегіндегі басқа барша сүлейлерге сырсандық, шеберхана болғаны анық».
Кейінірек Бегділдә Алдамжар құрастырған Балқы Базардың «Назбедеу» жинағы да ғылыми ортаның назарын аударып, мұраны түгелдеуге мол үлес қосты. Онда Сыр сүлейінің толғаулары, жырлары, термелері, арнаулары, сын-сықақтары, дастандары топтастырылды.

Сонымен қатар, жыр алыбының шығармашылығын арнайы зерттеп, ғылыми еңбек қорғаған, «Балқы Базар жырау» атты монографиясын жарыққа шығарған Серікбай Қосан базартануға елеулі еңбек сіңірді. Ол М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорынан, Орталық ғылыми кітапханадан, мұрағаттардан жыраудың өлең-жырларын іздеп тауып, жаңаша текстологиясын түзді. Кейін фольклоршы ғалым Б.Жүсіпов екеуі баспаға дайындаған Базар жыраудың «Жәмиғы қазақ бір туған» атты кітабына жаңаша көзқараспен ғылыми түсініктемелер ұсынды.
Белгілі әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Бағдат Кәрібозұлы ұзақ жылдардан бері бері Базар жырау шығармашылығын зерттеумен жүйелі түрде айналысып келеді. Қазақ поэзиясының ұлттық сипатын зерделеп, әдебиеттанушылар қауымына кең танылған ол даңқты Сыр сүлейінің өлең-толғауларын қай кезде де назардан тыс қалдырған емес. Ғалымның Базар жырау туралы мақалалары ғылыми басылымдарда тұрақты жарияланып тұрды. Кейін ол бұл тақырыпқа мықтап ден қойып, 2009-2011 жылдар аралығында Қызылордадан республикалық ғылыми-танымдық «Базар жырау» журналын шығарды. Осы басылым Базар шығармашылығын зерттеушілердің рухани орталығына айналды. Қиындық қыспағына байланысты шығуын тоқтатқан журналдың жарық көрген мерзімі базартанудың берекелі белесі болып саналады. Бұл турасында әдебиеттанушы ғалымның өзі: «Базар жырау» журналының мақсаты – кешегі-бүгінгі Сыр елінің тарихы мен мәдениеті, өнері туралы ғылыми мақалалар мен еңбектерді, сондай-ақ үлгілі көркемөнер туындыларын үнемі жариялап отыру, сөйтіп, оқырмандарымыздың, әсіресе жастарымыздың көзін ата-бабасының адамзат өркениетін жасауға араласқанына, тексіз, төркінсіз жұрт болмағанына жеткізу», – деп ой толғайды. Ғылыми басылым Базар жырау туралы барлық зерттеулерді бір арнаға шоғырландыра алды. Осының бәрі «Базар жырау» журналының бас редакторы, профессор Б.Кәрібозұлының тынымсыз еңбегінің арқасында жүзеге асқаны талас тудырмайды.
Б.Кәрібозұлының бұл тұрғыдағы тағы бір жемісті қадамы – Базар жырау мұрасын 200 томдық «Сырдария кітапханасы» жобасы аясында бастырып шығаруы. Ол бұл жинаққа арнап алғы сөз жазып, жыр жүйрігінің парасатты поэзиясының ерекшеліктері жөнінде ғылыми байыптама жасады. Ғалым осы кезде дейінгі зерттеулердің барлығын сараптай отырып, бүгінгі көзқарас тұрғысынан өзіндік ой түйеді. Оның мақсат-мұраты – ой-тұжырымдардың әркелкілігіне талдау жүргізіп, өз танымы бойынша баға беру, деректер мен мәліметтердің бірізділігін орнықтыру. Замананың әрқилы белесіндегі қоғамдық ой сана деңгейінен айтылған пікірлердің анық-қанығын саралап, қорытынды шығарғанды жөн көреді. Зерттеуші бұл тақырыпқа атсалысқандардың бәрінің еңбегіне құрметпен қарайды. Олардың жетістіктерін үнемі атап көрсетіп, үздік үлгілерін көпке танытуға ұмтылады. Яғни, зерттеу мәдениетін толығымен сақтайды.
Ғалым өзі қызмет істейтін оқу орны – Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіндегі Базар шығармашылығын зерттеу жұмыстарын ұйымдастырудың ұйытқысы болып отыр. Кейінгі буынның тек ақынның мұрасын оқып-игеріп қана қоймай, оны салмақтап-саралап, талдап-таразылауға тікелей атсалысуына да мүмкіндік туғызуда. Әдебиет тарихы мен теориясының маманы ретінде Сыр сүлейінің өлең-толғауларының әр қырынан қарастырылуына ықпал етіп келеді. Б.Кәрібозұлы осыған орай «Базар жыраудың әдеби мұрасы филолог мамандар даярлау барысында курстық, дипломдық жұмыстарға, магистрлік, кандидаттық, докторлық диссертацияларға зерттеу нысаны болып келе жатқанын» атап көрсетеді.
Зерттеуші Базар жыраудың өмірі мен шығармашылығына қатысты мәліметтердің дәлдігін анықтауға көбірек көңіл бөледі. Осы тұрғыдан алғанда жыраудың туған жылы мен әкесінің атына байланысты бірқатар деректер даулы болып жүргенін айтуға тиіспіз. Мәселен, Базардың әкесі бірде Оңдас, біресе Өтеміс делінеді. Елге кең таралған поэзиялық антологияларда оның туған жылы 1842 жыл деп көрсетіледі. Сондай-ақ Ханғали Сүйіншәлиев бұл датаны 1839 жыл, Шәрібек Алдашұлы 1841 жыл, Серікбай Қосан 1940 жыл деп танытады. Ал Бағдат Кәрібозұлы жырау шығармашылығын ұзақ жыл зерттеген Шәрібек Алдашев еңбектеріне, ақын ұрпақтарының естеліктеріне, тарихшы Жұмамұрат Шәмшінің «Базар жырау» атты мақаласына сүйене отырып, жыр жүйрігі 1841 жылы туған деген тұжырымға тоқталады.
Ғалым Базар шығармашылығын саясаттың ыңғайында талдаған зерттеушілердің қателігін көрсетіп, қайта қалыптауға күш салды. Әсіресе, жыраудың шыққан тегіне, күнделікті тіршілігіне, шығармашылық өрісіне байланысты жаңсақ кеткен тұстарды айқындауға барынша атсалысты. Ол бұл тұрғыда төрелікті Базар толғауларының мәтінінен іздеді. Логикалық қисынға салып қараса, өлең сөздің деректік сипатының өзі көп нәрсеге көз жеткізетін тәрізді.
Б.Кәрібозұлы жырау шығармашылығындағы тарихи деректер мен тұлғалардың мәліметтеріне де жете мән берді. Ол сөз сүлейін өз заманының жылнамасын хатқа түсірген шежіреші ретінде танытты. Базар мұрасының өлкетану ісіне мол үлес қосатынын атап айтты. Белгілі зерттеушінің «Өз өлкесі мен елінің елеулілерінің есімдерін елеп, өмірлерін көркем шежіреге айналдыра отырып жырлау – Базар жыраудың дара қолтаңбасы. Бүгінгі сырбойылықтардың жоғарыда аталған есімдерге бей-жай қарай алмайтыны, ата-бабаларының атын естіп, жанын түлетіп, санасын жаңғыртатыны – өнердің арқасы, Базар арқылы бізге жеткен мағыналы мағлұмат, құнды деректің әсері екенін айтуымыз керек», – деген пікіріне осы тұрғыдан ден қойған жөн.
Б.Кәрібозұлының бұл тақырыптағы зерттеулерінің маңызды бөлігі – Базар жырау толғауларының көркемдік кестесі. Ол ақынның сөз қолданыстарына, бейнелік құралдарының сипатына, кейіптеулерінің өзіндік ерекшелігіне жете мән береді. Базардың «Әр кемелге – бір зауал» толғауын талдай келіп, «Адам, аң-құс, жануарлар бейнесі типтендіріле отырып, өмір құбылыстарының мәні ашыла түседі, дүниенің жалғандығы мен өткіншілігі, өзгермелілігі «батыр – бір оқтық, бай – бір жұттық» дегендейін ыңғайда жырланады», – деп ой түйеді. Жырау философиясын түсініп-түйсінуі де өзгеше. Зерттеушінің үғымына тоқталсақ, «Желге жеткізбес жүйрік аң, кер құлан, назбедеу тұлпар, қыран бүркіт, бай мен батыр, – Базарша айтқанда, бәріне де зауал бар, мәңгілік еш нәрсе жоқ».
Базар Оңдасұлының толғауларындағы басты тақырыптың бірі – адам бойындағы түрлі қасиеттер. Өмір құбылыстарына аса жетік жырау келеңсіздіктерді санамалай отырып, қашанда адам болып қалуға үндейді. Оны жалаң күйінде жеткізбей астарлы оймен, қатпарлы тұспалмен аңғартады. Тіршіліктің мәнін ұғып, өткінші ғұмырды мағыналы етіп өткізуге шақырады. Бір-біріне қарама-қарсы ұғымдарды өзара шендестіру арқылы елдің көзін ақиқатқа жеткізу мақсатын ұстанады:

Атамыз алыс болғанмен,
Жәмиғы қазақ бір туған.
Бір бәлеге жолығар,
Есебін таппай сөз қуған.
Тозғанмен түрі өзгермес,
Шойынменен тең болмас,
Тұтқасы күміс жез құмған,
Басында іспет бермесе,
Ағармас күнде бет жуған...

Танымы терең, ойы оралымды, сөзі салмақты шайырдың өлең-толғауларындағы мазмұн мен көркемдіктің осындай мағыналы мысалдарын жан-жақты саралаған зерттеуші өзінің тұжырымдарын әдебиет теориясының қалыбына салады. Б.Кәрібозұлы өз еңбектерінде үнемі тоқталатын жырау мен оның кейіпкерлері мәселесін қатар қарастырып, бедерлі байыптама жасайды. «Базар жырау өзі көтеріп отырған мәселенің мәні мен маңызын осы кейіпкерлерінің адамдық мінез-құлқы мен адамгершілік қасиетін ашу арқылы дәлелдеп береді. Дәл осындай жанрлық сипат толғаудың әдебиет туындысы тұрғысынан негізгі қызметі – өмір мен адам танытушылық функциясын толық атқарып шығуына мүмкіншілік жасайды», – дейді ол.
Б.Кәрібозұлы Базар жырау шығармаларын жанрлық жағынан жіктеп, оның әр жанрды жетілдіруге қосқан үлесін айқындауға да ден қойды. Әсіресе, ақын мұрасында көп кездесетін үлгінің бірі – толғау тәсілі. Бұл қазақ әдебиетіндегі барлық ақын-жыраулардың өлең-жырларын өрнектейтін әрі кеңінен таралған жанр. Әдебиет теориясын зерттеушілердің толғау туралы толғамдары жеткілікті. Ал Базар жырау толғаудың сипатын әрлендіруге қандай үлес қосты дегенде, Б.Кәрібозұлының ұсынымы мынадай: «Толғау-өлеңге әдеби кейіпкерлерді молынан енгізе отырып, жанр жүгін деректі, нақтылы тарихи адамдар туралы айтумен ауырлата түсу – Базар жыраудың суреткерлік тұрғыдағы қазақ өлеңіне қосқан үлкен жаңалығы».
Ғалымның нақтырақ танытуға ұмтылған мәселесі – Базар жыраудың дүниетанымы. Жалпы, жыраулардың өмірді ұғынуында ұқсастық байқалғанымен, әр тұлға өзіндік көзқарасымен айқындалады. Дүниені тану бар да, оны жыр арқылы бейнелеп түсіндіру бар. Сол тұрғыдан алсақ, қай жыр жүйрігі қандай амал қолданады деген сауалға жауап іздеуге тура келеді. Мәселе жыраудың шығармашылығында дүниенің бейнесі қалай кейіптелетініне байланысты. Б.Кәрібозұлының зерттеуіне жүгінсек, «Өмірлік дүниетанымын өз тағдырымен қосөрім толғап отыру – Базар жыраудың әсіресе, өмірінің соңғы кездерінде шығарған жырларына тән ерекшелік. Әр нәрсенің ақиқатын анық тани алған ойшыл жырау, бәрібір, өмірдің өтпелілігіне, дүниенің қысқалығына өкінеді».
Базар жыраудың аса көркемдікпен жырлаған тақырыбы – сөз өнері мен тіл мәселесі. Жыр жүйрігі бойына бидің болмысы дарыған азамат ел тағдырын қара сөзбен жоқтап, ұлт мүддесін қызыл тілдің құдіретімен таныта алатындай болуы керек деп санайды. Жырау әлеуметтің бас көтерер игі жақсыларын сөзді жұптай білуге үндейді, намысын жанып, қайрап-қанаттандырады («Айтқыр деп сені кім айтар, Көп алдында сөзіңді, Күйбеңдеп жатсаң айта алмай»), қызыл тілді қолдана білсе, алапат күшке айналатынын аңғартады («Ашылып сөздің тоғаны, Әл бермейтін бөгеуге, Сарқырап селдей қаптаса»).
Базар Оңдасұлының сөз сиқырын бедерлеген толғау-термелері ел аузына кеңінен таралған:

Сөз асылын теріп айт,
Ақын болсаң бал таңдай.
Ызғытып айда даусыңды,
Іңірде көшкен шайтандай.
Семізін сөйле сөзіңнің,
Мың жылқының ішінде,
Он жылғы қысыр байталдай.
Сөз нөсерін тасқындат –
Тастан-тасқа секірген,
Тау жайлаған арқардай.

Бұл жағынан да зерделі зерттеуші Б.Кәрібозұлының айқын ұстанымы бар. Ол жыраудың толғауларындағы «Құмарын тарқат, алқаның», «Сөйле, тілім, жосылып», «Сөйле десең, сөйлейін», «Қимылдап қал, қызыл тіл», «Суық сөз құлаққа емес, көңілге мұз» деген әсерлі тіркестерге айрықша назар аударады. Бұл шұрайлы тіркестердің бірқатар толғауларға атау болып тұрғанын да қағыс қалдырмайды. Шешендік өнердің оқулығы секілді Базар термелерінің мазмұнына жіті үңіледі. Сөйтіп, «Базар жыраудың біздіңше, басқа әріптестеріне қарағанда қаттырақ көңіл бөлген мәселесі – тіл, сөз. Осылардың адамдар қарым-қатынасындағы, ел өміріндегі орны. Әсіресе, жырау тілдің, сөздің қоғамдық, өнерлік сипатына айрықша тоқталып отырады. Тіл мен сөздің қоғамдағы, өнердегі орнын белгілеп, оған анықтама беруге Базар жырау бірнеше толғауларында айналып соғып отырған», – деп қорытынды жасайды.
Қазақтың көшпенді өміріндегі, жарасымды тіршілігіндегі тұлғалар да Базар жырау мұрасын айшықтай түседі. Ол әр ұғымның мән-маңызын, оның ұлт дамуындағы орнын бедерлі сөзбен, көркем тілмен бейнелейді. Базар мұрасын зерттеуші ғалым мәселеге осы қырынан келуді де ұмытпайды. Сондықтан оның «Қас жүйрік, батыр мен балуан, көсем мен шешен, бай мен би, арулар жайлы тереңнен толғанады. Образды ойлаудың бейнелілігі, көркем тіл дәстүрлі қазақ поэзиясын осы тұста да Базар жырау анық ақындық қолтаңбамен байыта түскенін байқау қиын емес», – деген байыптамасын ғылыми еңбегінің түйіндемесі деп ұққан абзал.
Б.Кәрібозұлының жырау шығармаларындағы дін тақырыбы жөнінде де берік байламы бар. Ол «Бір ғажабы, Базар жырау толғауларында о дүние, бұл дүние деп жырлау, діни сарындар мен ұғымдарға бір жақты бой ұру атымен жоқ», – деп тұжырымдайды. Сондай-ақ ғалым сөз зергерінің арнау өлеңдері, тәмсіл сөздері, дастандары мен хикаялары туралы оралымды ой өрбітеді. Әсіресе, зерттеуші Базар жыраудың «Айна-тарақ», «Әмина қыз», «Мақпал-Сегіз» дастандарының көркемдік сипатын айқындауға көбірек көңіл аударады.
Жалпы, ғалым бұл тақырыпты жан-жақты қарастырып, Базар жырау жырау жөніндегі барлық зерттеулерді үйлестіру міндетін мойнына алған деуге болады. Сол себепті ол осы мәселеге қатысты әрбір деректі ой елегінен өткізіп, тосын тұжырым, қисынды қорытынды жасай біледі. Қорыта айтсақ, белгілі әдебиеттанушы ғалым Бағдат Кәрібозұлының Базар жырау шығармашылығы туралы зерттеулері жүйелілігімен, тереңдігімен, салмақтылығымен даралана түседі.

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

Пікірлер