Ұлықбек Есдәулет. Лебіз иелеріне шексіз алғысымды білдіргім келеді

981
Adyrna.kz Telegram

Жаңа жыл жақсы лебіздермен басталды. Алдымен осы лебіз иелеріне шексіз алғысымды білдіргім келеді. Кеше Румынияның Эминеску атындағы халықаралық Поэзия Академиясының президенті Ион Деаконескуден, бүгін - ұлтымыздың ұлағатты перзенті Мұхтар Құл-Мұхаммед бауырымнан хат алып, көңілім көлге айналып, тебіреніп отырмын.

Екеуі де алыстан, Еуропаның екі пұшпағынан сәлем жолдап, қалам тербеген.  Жырақта жүрсе де жүрегіме жақын жандар. Ағылшыншаны кейін қазақшалап ұсына жатармын. Алдымен ана тіліміздегі үшбу дұғай сәлемді оқиық:

Ардақты Ұлаға!

Жаңа жыл Сізге, Отбасыңызға, Есдәулет ата ұрпақтарына құт-берекесімен келсін! Мемқызметте жүріп балаларымның көптеген қуаныш-жетістерімен бөлісе алмай қалған екенмін. Қазір көп балалы әке ретінде сол олқылығымның орнын толтыруға тырысып жүрген жайым бар.

Құттықтау атаулы қалың папкілердің ішінде қалады,ал хаттың жайы бөлектеу...

Мына бір хаттың нобайы Жаңа жыл алдында түсіп еді. Бүгін таңертең сақал-мұртын дәл Сіздікіндей басып, Өзіңізге жіберіп отырмын.

Қадірлі Ұлаға!

Әдебиет пен өнердің аламанына бірге түскен күліктер жетпістің сөресіне алқынбай, ауыздықпен алысып қатар жетіпсіздер. «Бәрекелді!» деп қол соғамыз кейінгі толқын інілер атынан. Тойдың дүркіреп өткенін Рахымғали бауырыңыз майын тамыза жеткізді.

Мен жетіншіні бітірген жылы Сіздің балғын қанат, көк қауырсын жырларыңызды «Көздеріңе ғашықпын» деген пышақтың қырындай жинағыңыздан оқыған екенмін. Содан бергі жарты ғасыр ішінде жарық көрген барлық кітаптарыңызбен түгелдей дерлік таныспын деп айтсам шындықтың ауылынан шығандап кете қоймаспын.

Екеуміздің басқан топырақ, жұтқан ауа, түскен су, өрлеген тауымыз бір болғандықтан өлеңмен салған өрнектеріңіз менің жүрегіме тым жақын. Кейде бала кезден көкейге қонып, санада жатталып қалған сол суреттердің Сіздің жырларыңыздағы көз арбайтын кереметін мен неге байқамадым екен сұрақ құлымдайды санамда. Бұл, әрине, мен сияқты ақындық құдірет бұйырмаған мыңдаған адамның қолынан келмейтін әлемет.

Сіз, Есенғали мен Жұматай бастаған уызына жарып өскен тегеурінді топ Мұқағали, Қадыр, Тұманбайлар салған озық дәстүрді алға тартып, ғасырлар тоғысындағы қазақ өлеңін алтын тақтың ағыласындай өрнектеп, әлемдік поэзия төріне оздырды. Бұл әсірелеу емес – ақиқат.

Сіздің мағарлы, маңғаз өнеріңіз туралы пікірімнің бір парасын «Әбілхаят» шыққанда айтқанмын. Бүгін содан бергі жылдарда сана сарабына түскен кейбір ойларыммен бөлісуді жөн көрдім.

Бізде поэзияны сөз ойнату, әдемі ұйқас құру деп түсінетіндер аз емес. Ақынның басты мұраты ешкім көрмегенді көріп, аңғармағанды ажыратып, құпияны тану арқылы сөзбен сурет салып, образ сомдауда емес пе? Осы тұрғыдан келгенде Сіздің поэзия жапон әдебиетіндегі хоккуге ұқсап келетіні бар.

Аз сөзге көп мағына сыйдыратын жапондық минимализмге негізделген, небәрі үш-ақ жолдан тұратын хоккудың құрылымы мүлде бөлек. Бірақ табиғаттың ақын ғана байқай алған бір ғана сәтін ұстап қалып, оны көңіл ауанымен астастыра кейіптейтін осы бір әсем жанрдың Сіздің поэзиядағы әдемі көріністері аз емес (көз ашпаған дала, жылап тұрған бұлт, құлап жатқан жапырақ, шашын өрген қайың, моншағын таққан аспан, от ұрлаған жұлдыздар).

Сіздің поэзияда қатып-семіп қалған статика жоқ: табиғат тербеліп, бұлт сөгіліп, жаңбыр төгіліп, адамдар егіліп тұрады. Бұл үнемі көшіп-қонып тірлік еткен, ұдайы қимыл-қозғалыстағы табиғаттың төл перзенті – көшпенділер дүниетанымынан туындаған құбылыс.

Далалықтар ұғымында адам табиғаттың әміршісі емес, ажырамас бөлшегі. Сақтардан жеткен зооморфты стильдегі теңдессіз өнер туындылары осыны көрсетеді. Сақ патшаларының киім-кешек, сауыт-сайман, қару-жарақтары әлдебір құдайлардың бейнесімен емес, өздеріне азық, серік болған аң-құстармен нақышталып, мінген аттарына дейін алтынмен апталып, иелерімен қатар жерленуі өзін табиғаттың үйлесімді үзігі, бөлінбес бөлшегі сезінуден туған. Өкінішке орай, бізге сақтардан жеткен жыр үлгісі жоқ. Жете қалса Сіз жырлаған, Оралхан ағам суреттеген, Әлібек көкем мөлдірете жазған айлапат тарихы бар Алтайдың ескі замандағы естен кетпес ғаламат суреттерін көрер едік.

Ақындар зымыраған уақытты жиі жырға қосады. Байқасаңыз жер де, тау да, тіпті уақыт пен кеңістік те сол баяғы орнында. Ал оны айнала үздіксіз көшіп-қонып жүрген біздер ғана. Адамдар мәңгілікті іздеп шарқ ұрады, ал оның бізді қоршап, қорғап тұрғанын көзге іле бермейді. Оны көру үшін ақын жүрегі керек. Жүрек көзімен үңілгенде ғана ол саған сырын да, құшағын да ашады. Сіздің поэзиядағы астарлы аллегория, ишаралы символикадан осындай ерекшеліктерді аңғарамын. Меніңше, дәл осы сарындар Сізді орыс әдебиетіндегі «күміс ғасыр» поэзиясының алтын жалды арғымағы Александр Блок поэзиясына алып келді.

Поэзиядағы аудармашы – тұпнұсқаның бәсекелесі. Нәрін алады, барын береді. Сіз де дәл солай жасадыңыз. Нәтижесінде Блоктан Сізге символмен сөйлеу, мистикамен іш қатысу, мәңгілікпен тілдесу, адамды табиғатпен шендестіре суреттеу жұғысып, өзіңізде бұрынан бар бояулар өзгеше реңкке енді.

Орыс поэзиясында өлең жолдарын Блокша бөлшектеудің арғы жағында ойды даралау, образды айшықтау жатыр, ал бұл көк түрік поэзиясында ежелден бар дәстүр. Осы құбылысты Темірхан аға Медетбек қайта тірілтті. Темағаңның жырларымен бірге алп-алп басқан алмауыттар мініп, желп-желп еткен бөрілі байрақ көтерген Күлтегін батырдың қалың қолы сау ете қалды жиырмасыншы ғасырдың төбесіне. Ғажап емес пе? Өз мұрагерін күтіп жатқан осындай қымбат қазыналарымыз қаншама?!

Сіз де қазақ поэзиясының дәстүрлі өлшемдеріне өзгеше өрнектер қостыңыз. Осының бәрі замана заңғары Әбіш Кекілбай ағамызға Сіздің поэзия туралы «Өрісі шалқар өлең», ал өзіңізге «Ұлықбек таланты – ұлағатты талант» деген балталасаң да бұзылмайтын баға бергізді. Кемеңгерден асырып кім айта алар дерсің? Біз де қосыламыз ақылманның ақжарма пікіріне.

Беу, Ұлаға! Жетпіске келген жігіт ағасына өзіңіз шалқар шабытпен жырлаған тас-төбеңізден заулаған жылқы-жылдардың тарпаңын жуасытып, асауын ауыздықтап, қашағанын құрықтап, арғымағын ойнатып, жорғасын тайпалтып, қазанатын сақтап, тобышағын баптап, көсемін жегіп, назбедеуге мініп, ару-жырды төске алып, сауыр тауды бетке алып, тарта бер алға деймін қуана қол соғып.

Құрметпен,

Мұхтар Құл-Мұхаммед

2-қаңтар 2025 жыл.

 

Қадірлі досым Ұлақа!

Тойың тойға ұлассын! Өзіңе айтқан сол кезде жол сапарда болдым.

Әлі есімде екеуміз Москвада танысып, табысып дос болғанымызға да талай уақыт өткен екен. Сен бүгінде поэзияның Пырағы да Қыраны болдың... Әр өлеңің Алаштың алқасы болардай маржан жырлар... Біз сенімен мақтанамыз,   Ұлықбек дос! Сенімен сырласатын уақыт та мүмкіндік те болмаған соң өзіңе осы хатты жазып отырмын... Дұрысы сені жазған Сері жайлы ой қозғайын...

Қазақтың маңдайына  Мұхтарларды бекер бермеген ғой... Кешегі Мұхтар Құл -Мұхамедтің саған арнаған мақаласын оқып айызым қанды. Қара сөзден қамыр илеген, оқығаны мен тоқығаны бір академияға симайтын Мұқаңды оқу да тыңдау да бір ғанибет... Бүгінде сөз қадірі төрден босағаға ығысқан шақта қайыңнан қобыз түйгендей қара сөзден Құл-Мұхамед  өрнек салған екен. Жалаң теңеу емес әр сөзінің астында Жанар таудай жарқыраған ой жатыр. Кесек кесек толгаулар... Бір мақала бір дисертация іспетті... Дени Дидроның "Глубокие мысли- это железные гвозди,вогнанные в ум так,что ничем не вырвать их..." дегендей. Бұған алып қосарың болмас деймін, қадірлі дос... Тұнып тұрған философия..

" Алтынның қолда барда қадірі жоқ"  демекші  есіңде болар Мұхаң Мәдениет министрі болғанда министрлік - Еңсесі биік Ақ орда болатын. Кез келген мәселе бір сәтте шешіліп жүре беретін. Ол кезеңдер Қазақ өнері үшін ренессанс қайта өрлеу уақыты деуге болады. Кейін Мұхаңдардан соң ол жер жұқаңдардың орны болды. Тіпті екі сөзді ежіктеп әзер айтатындарды да көрдік... Мен Әуезовті көрмесем де Оның көзін көрген сөзін тыңдап " Абайды" алғаш сахнаға шығарған Асқар Тоқпановты білетінмін...4 жыл дәріс алып "Тоқпановтың тоқпағынан "өскен өркендеген жанның бірімін. Асекең сөз қадірін, қара өлеңнің қасиетін білетін шешен кісі болатын. Мінезі де бар-тын. Кеше Мұхаңның мақаласын оқығанда сол Асқар аға есіме түсті... Іштей өкіндім... Шіркін-ай... Асекең тірі болғанда мына мақаланы оқып қалай қуанар еді  дегем...

Жасыратыны жоқ бүгінгі таңда Құл Мұхамедке тең келер интеллектуал, энциклопедиялық білімді жанды білмедім.. Мұхтарда таудан құлаған тасқындай... тасқын емес қардың көшкініндей мын миллион аппақ - ақ тозаңдай сөз тіркесі емес ой тіркесі бар... Бүгінгі ең дефицит таптырмайтын осындай Ойлы азаматтар...

Генрих Гейненің " Сильная мысль выражается сильно" дегені бекер емес ау... Басқаны білмеим өз басым заңғар лекция тыңдағандай рахат күйге бөлендім...Ұлықбек досым... Мұндайда сөз табу да қиын екен... Дей тұрғанмен "Мың жасаңыз Қазақтың Мұхтары! Сіз биіксіз!! Сондықтан да сіз дарасыз! Аман болыңыз!"дейік...

«Жақсының жақсылығын айт нұры тассын" деген мақалды мен шығарған жоқпын ғой. Қазақ мәдениетінің, адебиетінің, рұханиятының әр жақсылығына бөркін атып қуанатын адамдар бүгінде азайған... Ол өзіңе аян... Қазақта "шырақшы" деген ұғым бар. Барыңды бағалап көнені көзінің қарашығындай сақтайтын қарапайым жандар.. Біздің Мұхан сол  Шырақшы.. Академик шырақшы..  Ұлықбек досым.... Мұхтар Құл Мұхамедті көрсең салем дерсің..Ол арамызда жүрген Азамат қой...

Сәлеммен,

көне досың Талғат Теменов. 

Қаңтар. Астана.

Пікірлер