Ақтөбеде екі күнде екі айлық жауын-шашын мөлшері түскен

4390
Adyrna.kz Telegram

Ақтөбеде екі күннен бері толассыз жауған жаңбырдан қала көшелері суға толып, тұрғындар аялдамада сағаттап автобус күтуге мәжбүр деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталының тілшісі.

Бір айға жуық уақытқа созылған аптап ыстықтан кейін Ақтөбеге 6 шілдеде жауын жауды. Тұрғындар басында күннің салқындап, жаңбыр жауғанына қуанды. Алайда күні-түні толассыз жауған жауыннан қала көшелері суға толып, жаяу жүргіншілерді біраз әбігерге салды. Сондай-ақ көлік жүргізушілері су сорғылаумен айналысатын мекемелердің жұмысына көңілі толмайтындарын айтып, наразылық танытуда.

Синоптиктердің мәліметі бойынша, соңғы бір тәулікте жауған жаңбыр мөлшері 54,7 миллиметрді құраған. Ал шілде айындағы болжам бойынша, жауын-шашын мөлшері 29 миллиметр болуы тиіс. Яғни, Ақтөбеде екі күнде екі айлық жауын-шашын мөлшері түскен.

Ақтөбе қалалық әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, екі күнде қала аумағында жаңбыр суын арнайы техниканың көмегімен және насостар арқылы сорғылау, суағарлар арқылы Саздыға қарай ағызу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстарға 100-ден астам техника жұмылдырылған. 40-тан астам адам арықтарға судың бағытын бұру жұмыстарымен айналысуда. Қазір 5 насостық станция жұмыс істеп тұр және 10 стационарлық насос шұғыл іске қосылған.

Сондай-ақ түнде қала аумағында қатты жел тұрып, соның салдарынан тұрғын үйлер мен көшелердегі ағаштар құлап, бірқатар көліктерді басып қалған. Ал бірнеше ауданда қатты желдің кесірінен жарық өшкен. Сондай-ақ қала ішіндегі қоғамдық көліктердің қозғалысы баяулаған.

— Жауын жаумады деп едік. Екі күнде көшелер көлге айналды. Жауынның болғаны жақсы, дегенмен жаяу жүргіншілер көше жолдарындағы судан жүре алмай жатырмыз. Қаладағы көшелерде суағардың болмауынан жыл сайын осындай мәселеге тап болатынымыз өкінішті. Соңғы кезде қала ішіндегі автобустардың жүру жиілігі де сиреп барады.  Сағаттап көлік күтуге тура келеді. Кейде таңертең жұмыстан да қалып барамыз. Осы мәселелерді жауапты тұлғалар назарға алса деген бір тілек бар. Күзде де осы мәселе қайталанады, — дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Сағыныш Сарбаева.

Айта кету керек, Ақтөбе қаласы аумағында 8-9 шілдеде тағы да толассыз жаңбыр жауады деп күтілуде.

 

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер