Голощекинді құтқарған қазақ ауылы жайлы

7475
Adyrna.kz Telegram

"– Бәрі ауылдан шығады, - деді Голощекин қырлы стакандағы нарзанның соңғы тамшысын сарқып ішіп, сақал-мұртын бет орамалмен тәптіштей сүртіп. - Ұмытпасам, жиырма алтыншы жылы ғой деймін. Иә, жиырма алтының шілдесі шығар, Қызылордадан, дәлірек айтсам, Жосалыдан шығып, Қарсақпайға аттандық. Машинамен, әрине. Қасымда ГПУ – дің бастығы, фамилиясы кім еді? Өзі бір маскүнем еді... Менің көмекшім... Тағы әлгі жазушы... кім еді? My, му, Муканов. Иә, сол! О басында ерткім келмеп еді, бірақ пайдасы тиді. Ол болмағанда... Мидай дала. Бір жан жоқ. Айнала құм. Тырбық баялыш. Тақыр. Менің машинам құмға тығылып қалса, алдымызда жол салып келе жатқан жүк машинасы сүйреп шығарады. Күн ыстық. Шөлдей береміз. Не керек, ақыры адастық. Су таусылды. Машина сусыз жүрмейді. Ұлы сөзде ұят жоқ, радиаторға кіші дәрет те сындырдық. Өлетін болдық. Содан, әлгі жазушы машинаның төбесіне шығып алып, жан-жаққа ұзақ қарады. Бұл не бітірер екен деп біз отырмыз. Ақыры күннің батысына қарай жаяу тартты да кетті. Біз шөлдеп, ыңырсып, оның бары-жоғын ұмытып та кеттік. Шопыр күрек алып, құмды қазып көрді. Түк жоқ. Су жоқ. ГПУ оған:⠀

– Иттің баласы, біздің көрімізді қазып жатырсың ба? - деп ұрсып тастады. Өзі мас. Мас болатыны: бізде арақ бар. Су жоқ, арақ бар. Арақ шел басады деп, әлгі ГПУ бөтелкенің аузынан анда-санда ұрттап-ұрттап қояды. Маған да ұсынып еді, ішпедім. Ішім өртеніп өлермін деп қорықтым. Бір кезде ГПУ:⠀

– Ойбай, крокодил! - деп жан даусы шықты. Тапаншасын ала салып, тарс-тарс атып жіберді. Сөйтсек, ешкіемер екен. Көмекшім айтты:⠀

– Бұған қос көріне бастады. Бізді де атып тастар. Наганын тартып алайық, — деді. Екеулеп жатып наганын тартып алдық. Өзі де әлсіз екен, былқ-сылқ етіп, құлап қалды. Енді қайттік? Күн кешкіріп барады. Не керек, күн батып бара жатқан тұстан бір уақытта атты адамдар көрінді. Е, Құдай бере гөр дедік. Киргиздар келді. Орталарында - жазушы. Торсықпен су ала келіпті, қымыз ала келіпті. Не керек, тірі қалдық. Машинаға су құйып, от алдырып, түн ішінде, әлгі киргиздардың ауылына барып қондық. Аты не еді? Көл, көл. Әйтеуір, бірнәрсе көл. Африкадағы Сахара сияқты, мұнда да құм арасында оазис - көкшұрай болады екен. Сол ауыл бізді ажалдан алып қалды.⠀

– Ал сол ауыл отыз екінші жылы түп-түгел жер бетінен жойылып кетті, - деп, Рысқұлов сұп-сұр болып орнынан сілкіне тұрды, - Сіздің айтып отырғаныңыз - Мақпал көл! Бұл әңгімені маған Сәбитте айтқан. Сізді ажалдан аман алып қалған сол ауыл «Кіші Октябрьден» кейін түп-түгел аштан қырылды."

Шерхан Мұртаза

"Қызыл Жебе" романынан үзінді.

Пікірлер